АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Қазақ хандығы мен мемлекеттілігін шатастырмайық»

ezSU7aHZTks«Назарбаев орталығында» өтіп жатқан «Қазақ хандығынан Тәуелсіз Қазақстанға дейін» атты ғылыми конференцияда Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов қазақ хандығы мен қазақ мемлекеттілігін шатастырмау керектігін айтты.

– Біз биыл Қазақ мемлекеттілігінің емес, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеміз. Осыны шатастырып, екеуін біріктіріп айтып жүрген пікірлерді естимін. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы 550 жылдан әлдеқайда ерте ғасырлардан басталады. Оны Сақтардан, Ғұн, Үйсін, Қаңлылардан, Түркі қағанатынан тарқату керек. Екі жарым мың жыл бұрын қазіргі қазақ жерін мекендеген тайпалардың тарихы қазіргі Қазақстанның мемлекеттілігінің тарихы болып саналады,– деді Камал Бұрханов.

Мәжіліс депутаты айтқандай, 550 жыл бұрын Керей мен Жәнібек хандар құрған мемлекет Қазақ хандығы аталды, яғни, Қазақ хандығының шежіресін осы уақыттан бастап тарқатуға болады. Мысалы, Ресей 1971 жылы І Петрдің Жарлығымен Россия деп аталған, оған дейін Мәскеу князьдігі, Владимир князьдігі, Рязань князьдігі сынды түрлі атаулармен аталған. Сол сияқты, Қытай 1911 жылдан бастап қана қазіргі атауына ие болды, оған дейін Цинь империясы, Минт империясы аталған. Бірақ бұл елдер өздерінің мемлекеттілігінің тарихын әлдеқайда ерте ғасырлардан бастайды.

«Нұр Отан» партиясының қолдауымен, Мемлекет тарихы институтының мұрындық болуымен өткен жиынға отандық және шетелдік тарихшы ғалымдар, Парламент депутаттары қатысуда.

Айзере САМАРҚАН, aynaline.kz