Тәуелсіздік алғалы бері Қазақ хандығының мерейтойы алғаш рет аталып өтпекші. Бұдан елу жыл бұрын кеңестер жүйесінің қыспағында біз ондай бастамаларды көтере алмадық. Ал 600 жылдыққа дейін әлі біраз уақыт бар. Сондықтан Қазақ хандығының 550 жылдығын абыроймен өткізіп шығу аса маңызды. Оған қоса, кейбіреулер қазақ халқының мемлекеттілігін сан-саққа жүгіртіп, оның тарихына күмәнмен қарап отырған кезде бұл бастаманың саяси маңызы да зор. Дегенмен, алдағы мерейтой қазақ халқының мемлекеттілігін таныту мақсатында емес, жастардың патриоттық сезімін барынша күшейту үшін өткізіледі. Оның да өзіндік «дипломатиялық» себебі бар.
Ресей президентінің қазақ мемлекеттілігіне қатысты ойы ғаламторды біраз шулатқаны есте әрі бұл бір жағынан да жақсы болған тәрізді. Путиннің екі ұшты сөзінен кейін жастар сан алуан форумдарда дауласуға көшсе, саясаткерлер мен тарихшы-ғалымдар оның ойын өздігінше топшылады. Дегенмен, барлығы бірдей халқымыздың мемлекеттілігі тереңде екенін дәлелдеп бақты. Президент Назарбаев та Қазақ халқының 550 жылдығын жоғары дәрежеде өткізу керектігі жайында сөз қозғады. Негізі, бұл бастама Путинге жауап берудің саяси бір жолы деуге болады. Сол себепті оны іс-шаралардың біріне ресми түрде неге шақырмасқа? Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде журналистер бұл сұрақты мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қойып көрді. Ол саяси астары бар сауалға жауап бермесе де, бір ойға жетейлейтін пікір білдірді. «Негізі, Қазақ хандығы құрылған жылдарға қатысты сан алуан көзқарас бар. Сондықтан біз үш-төрт жыл бойы зерттеу жүргізіп, 1465 жылы Керей мен Жәнібек хандары құрған Қазақ мемлекетін негізге алдық. Мәселен, алдағы жылы Ресей мемлекетінің 1150 жылдығы тойланайын деп жатыр. Соған қатысты да әртүрлі пікірлер айтылып жүр», — дейді министр. Демек, Путинді ресми түрде шақырып, қазақ мемлекеттілігі 550 жылға дейін жалғасады деп дәлелдеудің еш пайдасы жоқ. Олар бәрібір өзінің 1150 жылдығын тойлап, тарихи басымдығын сақтап қалуға тырысады. Мейлі, солай-ақ болсын. Еуразиялық экономикалық одақ күшіне енетін алғашқы жылы көршімен айтысып-тартысқан орынсыз болар. Кім біледі? «Қазақстанда ұлтшылдық өршіп барады!» — деп, қайтадан шу шығарса, жаға жыртысуға тағы уақыт кетеді. Ал оның барлығы іскерлік байланыстарға да кері әсер етуі бек мүмкін. Сол себепті алдағы мерейтойды қазақ халқының мемлекеттілігін таныту мақсатында ғана емес, ондай мемлекеттіліктің тұғыры болтын жастардың патриоттық сезімін күшейте түсу үшін өткізген дұрыс.
Сонымен, Қазақ хандығы құрылғанына 550 жыл толуына орай республика бойынша 100-ге жуық іс-шараны ұйымдастыру жоспарланып отыр. Осыған байланысты арнайы тұжырымдама да әзірленген екен. Оған сәйкес, сан алуан конференциялар, саяхаттар мен фестивальдар өткізіледі. Негізгі мақсат – жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеру. Осы орайда министрлік Қазақ хандығының тарихына арналған 20 сериялы фильмді түсіру жұмысына ерекше көңіл бөліп жатыр. Алайда қазіргі кезде ғалымдар әлі күнге дейін бір шешімге келмеген көрінеді. Әрине, жүзге бөліне беретін қазақта әрбір рудың көңілінен шығу оңай емес. Содан болар, тарихшылар сценарийдің соңғы нұсқасын шығара алмай жатқан тәрізді. Дегенмен, фильмді түсіру жұмыстарын келесі жылдың басында қолға алу қажет. «2015 жылдың қаңтарынан бастап біз сол сериалдарды түсіруді іске асырамыз», — дейді министр.
Қазақ хандығының тарихына қатысты фильм түсіреміз деген кезде еріксіз «Көшпенділер» еске түседі. Фильмнің алғашқы нұсқасы продюссерлердің көңілінен шықпады. Содан бірінші режиссер кетіп, екіншісі келді. Бюджеттен қосымша қаржы бөлуге тура келді. Сөйтіп, көп мақтаған «Көшпенділер» қатардағы бір романтикалық туынды болып шыға келді. Алдағы уақытта Қазақ хандығының тарихына арналған фильм де соның тағдырын қайталамаса болды. Дегенмен, бұл мәселе Президент Назарбаевтың да назарында жүрген көрінеді. «Әрине, жаңа фильм «Көшпенділер» сияқты елдің көңілінен шықпаса, дұрыс болмайды. Бұл мәселе Елбасыны да мазалайды. Президент оны кездескен сайын айтып отырады», — дейді А.Мұхамедиұлы. Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде режиссерлердің бірнеше тобы бар. Оның ішінде Ақан Сатаев, Рүстем Әбдірашев сынды қазақстандық режиссерлер, сондай-ақ Шыңғыс хан фильмінде ойнаған қандастарымыз да бар. Фильмнің нақты режиссері келесі айда анықталады. Жаңа туындының бюджеті де белгісіз. Себебі сценарийдің соңғы нұсқасы дайын емес. «Көшпенділерге» 40 миллион доллар кетті. Қазақ хандығының тарихына арналған 20 серияға да аз ақша жұмсалмайтын шығар. Себебі бұл фильм мерейтойдың басты нышаны болмақ. «Сондай-ақ Қазақ хандығы құрылған Шу мен Талас өзендері арасында үлкен театрланған мерекелік шараға біраз ақша қажет болады. Ол да – негізгі шаралардың бірі. Келесі жылы қыркүйек айында оған Президент те қатысады», — дейді министр. Әрине, сөз көп, ой көп. Оның бәрі жалаң болмаса игі.
Автор: Арман АСҚАР
Толығырақ: http://alashainasy.kz/culture/kazak-handyigyinyin-550-jyildyigyin-kalay-otkzemz-56916/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі