Италия ауған жерінен өз әскерін әкетуде. Осы орайда итальяндықтар әскери техникаларын қазақ жері арқылы алып кеткен қауіпсіз болады деп ұйғарыпты. Әрине, тіпті атысқа жарамсыз күйге келтірілген болса да, ешбір ел екінші елдің аумағына ұрыс құралдарын енгізе алмайды. Сондықтан кеше елімізге «алдан өтіп, рұқсат алу үшін» Италияның Қорғаныс министрі Джампаола Ди Паола келді. Осы күні әріптесін Қазақстанның Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қабылдады. Бұл кездесу келісіммен әдіптелгендігін бірден айта кеткен жөн. Екі ел қорғаныс ведомстволарының басшылары Қазақстан аумағы арқылы әскери мүлікті және персоналды алып өту туралы келісімге қол қойды. Италия өз әскері мен ұрыс құралдарын темір жолмен және әуе көлігімен тасымалдамақ, тиісінше, осы екі жақты құжат арқылы Қазақстан билігі Италия-ға еліміздің жерін және әуе кеңістігін ашуға келісті. Енді бұл құжатты екі ел Парламенті мақұлдауға тиісті. Айтпақшы, қазақ жері арқылы өз әскерін алып өтуге бұған дейін АҚШ, Германия, Испания, Ұлыбритания және Франция, сондай-ақ халықаралық ұйым ретінде НАТО рұқсат алып алды. Дж.Ди Паола былтырғы жазда Италияға Ә.Жақсыбековтың келіп қайтқандығын хабарлады. Енді өзі «жауап-сапар» жасап отыр екен. «Бүгін біз қол қойған Келісім бұдан ертеректе Италияда қол қойған Бас уағдаластықтың жалғасы болып табылады. Менің сапарымның мақсаты осы болды!» деді қазақстандық әріптесімен келіссөзден шыққан итальяндық Қорғаныс министрі. Әділбек Жақсыбеков италиялық компанияларды Астанада 2014 жылы өтетін «KADEX» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүліктің халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды. Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің ғимаратында, сырт көзден таса, оңашада өткен бұл келіссөздерде Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, Ауғанстандағы барлық шетелдік әскер шығарылғаннан кейінгі ахуалдың алдағы өрбу барысы талқыланыпты. Бүгінде жатжұрттық әскери коалицияның өз жерінен кетуін ауған елі де асыға күтіп отырғандай. Әсіресе, мұндай көңіл-күйлер жақында осы әскерлердің шатастырып, бейбіт тұрғындар мекенін әуеден тас-талқан еткеннен кейін күшейіп кетсе керек. Бұл «қылыққа» ашынған Ауғанстан Президенті Хамид Карзай осы аптада ауған жеріне әуеден оқ атуға тыйым салатын Жарлық шығарды. Әйткенмен, сарапшылар осы шешім лаңкесшілердің еркінсуіне әкеп соқтырады деген болжам айтуда. Мұның барлығы Қазақстан басшылығын да алаңдатуда. Әскери жоғары шенді қонақтың бұл келісі – Қазақстанға тұңғыш ресми сапары көрінеді. Сапары аясында Джампаола Ди Паола Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне барды. Айхан ШӘРІП Айкын газетiнен алынды |
Предыдущий