Ғаламтордағы Айбек Нұрсейiт пен Қытайда тұратын этникалық қазақ Ғабит Тұрсынбектiң WBK тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа таласта бiр-бiрiне соққы сiлтемей бауырмалдық танытқан жекпе-жектiң бейнежазбасы Қытайда ғана емес, елiмiзде де кеңiнен талқыланды. Екi батырдың жекпе-жек үстiнде жанашырлық танытуын төрешi құп көрмей ескерту жазып, чемпиондық белбеудi берген жоқ.
Осы мәселеге қатысты “Әлем файтерс” (ALEM FIGHTERS) клубының бапкерi Бейбiт Назаров, спортшы Айбек Нұрсейiт және кәсiпқой бокста NBA WORLD TITLE тұжырымының чемпионы атанған Жанқош Тұраров журналистер алдында өз ой-пiкiрлерiмен бөлiстi.
Қытайдағы жекпе-жек жайында Айбек Нұсейiт бүй дедi:
– Бұл жарысқа менiң баратыным аяқ астынан шешiлдi. Өйткенi гран-при додасына (WBK) қатысатын бiр спортшы жарақат алуына байланысты айқастан бас тартып, ұйымдастырушылар “Әлемфайтерс” клубының Қытайдағы бөлiмiн басқаратын Жұмабек Тұрсынға хабарласқан екен. Олар бiзге айтып, маған жолға жиналуға тура келдi. 70 келi салмақта төрт спортшы чемпиондық белбеуге таластық. Қандасымыз Ғабит Тұрсынбек украиналықты жеңдi, мен французды ұттым. Финалдық айқасқа шақырғанда екеумiз де ұлттық нақыштағы әуеннiң ырғағымен шықтық. Сегiз бұрышта Ғабитпен қол алысып, төс қағыстырғанда жан-жүйем босап сала бердi. Миллиард халқы бар қалың қытайдың көз алдында, екi қазақ сегiз бұрышта сайысқа түспекке бел буғанда залда отырған ат төбелiндей ғана аз қазақтың қолдап-қуаттауы елжiретiп жiбердi. Бiреулер айтқандай бiз алдын ала келiсiп алып, төбелеспей қойған жоқпыз. Менiң санамда “Ханзулардың алдында екi қазақ қан-жоса болып төбелессек, соған қытайлар мәз болып отырмай ма, одан да қазаққа қазақ бауыр екенiн дәлелдейiк” деген ой келдi. Менiң ойымды айтқызбай түсiнген Ғабиттiң де “қолы жүрмей қалды”. Мұнымызды төрешi құп көрген жоқ, сондықтан ескерту қағазын көрсеттi. Дегенмен де ендi тағы бiр мүмкiндiк бердi. Сол сында барымды саламын. WBK тұжырымының ұйымдастырушылары 70 келiде чемпиондық белбеудi сарапқа салып, 16 спортшыны додаға қосады. Сол он алты адамның арасынан жеңiп шыққаны чемпиондық белбеудi иеленедi. Бала күнiмде спорттан жеңiмпаз атанып, көк байрағымызды желбiретудi армандаушы едiм. Келешекте әлемге әйгiлi UFC тұжырымының додасына қатысуды армандаймын. Үш дүркiн әлем чемпионы Ардақ Назаров бiзге үнемi мынадай ақылын айтады. “Егер сен жеңiске жетемiн, чемпион боламын” деп армандасаң, жеңiске жартылай жеткенiң, ал тынбай тер төгiп, еңбектенсең жеңiс шыңына шығасың” дейдi. Сондықтан да ендi үздiксiз әзiрлену керек.
Кәсiпқой боксшы Жанқош Тұраров соңғы айқасын қаңтар айының соңында бразилиялық боксшыға қарсы өткiзiп, 12 раундқа жоспарланған айқасты 1-раундта соңына жеткiздi.
– Хоаким Родригес осы жекпе-жек алдындағы сөзiнде “Жанқошты нокаутқа түсiремiн” деп күпiндi. Бiрақ бәрi басқаша өттi. Бұл жекпе-жектен кейiн рейтингте көрсеткiшiм жоғарылап, үздiк 15 боксшының қатарына ендiм, – дедi Жанқош Тұраров. NBA WORLD TITLE тұжырымның чемпионы атанған Жанқош Тұраров ендi сәуiр айында өтетiн жекпе-жегiне әзiрлiктi бастамақ.
Бейбiт Назаров “Әлем файтерс” клубының спортшылары биылғы жылды табыспен бастағанын атап өттi. “Күнi кеше жекпе-жектен жастар арасында өткен Қазақстан бiрiншiлiгiнде бiрнеше шәкiртiмiз жүлде алды. Нұрберген Шәрiпов Жапонияның Токио қаласында өткен гран-при додасында жеңiмпаз атанды. Мамыр айында әлемнiң тегеурiндi спортшылары қатысатын дода өтедi. Сол сында Қазбек Әшiмов, Нұржан Тұтқа үшеумiз ел намысын қорғаймыз” дейдi ММА бойынша әлем чемпионы Б.Назаров.
http://zhasalash.kz/sport/16919.html