Қалаулылар қымызды қалай атау жайына бас қатыруда. Қазақ үшін ол – шөлді басатын керемет сусын. Әйткенмен, шамалы қызуы болғандықтан, оған заң тілінде нақты бір ұғым-анықтама таңылуға тиіс.
Өкінішке қарай Қазақстан егер ресми статистикаға сенсек, маскүнемдік бойынша «әлемдік отыздыққа» енуге жақын қалған екен.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеулерге сәйкес, спирт ішімдіктерді тұтыну деңгейі жөніндегі рейтингте Қазақстан 188 елдің арасында 34-орынды иеленеді, – деп баяндады қалаулыларға Үкімет басшысының орынбасары-Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, – еліміздің әрбір азаматы жылына шамамен 5,5 литр таза этил спиртін немесе 11 литр арақ тұтынады. Нәтижесінде, Қазақстан бүгінде Орталық Азия аймағында «ең көп ішетін ел» болып тұр!
Сондықтан ел Үкіметі Елбасының тапсырмасымен, алкоголь өнімдерін ішуді қысқарту үшін біріншіден, «күшті алкогольге ақырындап, бірте-бірте бағаны көтеруге», екіншіден, «сату орындары мен уақытын шектеуге», үшіншіден, «этил спирті мен алкоголь өнімдерінің өндірілуі мен айналымына мемлекеттік бақылауды күшейтуге» шешім қабылдапты.
Егер тарата айтсақ, 2014-2016 жылдары күшті алкоголь өнімдерінен жиналатын акциз салығы 3,2 есе артады. Бұған қоса, арақ-шарап сатуға тыйым салынған орындардың қатары кеңейтіледі: енді балалар мекемелерінде және аумағында, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, дене шынықтыру, сауықтыру, спорттық ұйымдарда және құрылымдарда, стадиондарда және жанар-жағармай құю стансаларында «жынды суды» саудалау енді заңмен қудаланады.
Сонымен қатар күшті алкогольді өнімдерді сату мерзімі барлық басқа жерде тәулігіне 15 сағатпен шектеледі, яғни түнгі 21:00-ден келесі күнгі 12:00-ге дейін қызуы 30 градустан жоғары ішімдіктерді сатуға тыйым салынады. Тек мейрамхана, бар-дәмханаларға ғана рұқсат етілмек.
Айтқандай осы заң жобасымен «мектептерден 100 метрге дейінгі радиуста арақ-шарап сатуға болмайды» деп келетін қолданыстағы талап жойылады. Бас прокуратура Үкімет басшысына жолдаған хатында, оның коррупция тудырушы норма екендігіне назар аудартыпты: 100 метрді санауды қайдан: мектеп табалдырығынан, әлде білім ордасының автотұрағынан бастауды әр шенеунік өз бетімен шешеді екен. Нәтижесінде, жақын жерлердегі дүкендердің тыйым салынған аумаққа кіретін-кірмейтіндігін заң емес, пара анықтайтын деректер кездескен көрінеді.
Бір қызығы, Үкіметтің биік лауазымды баяндамашысын тыңдап болған соң, депутат Владислав Косарев сөз сұрап, қазақстандықтардың ішкіш екендігіне күмән келтірді. Оның байламынша, қазақтар иманды таңдап, Алла жолына түсуде. Оны көріп, өзге этнос өкілдері де арақтан айнуда.
– Мен баяндамашының қазақстандықтардың ішкілік жолына түскендігіне, әлемде жоғарғы орында тұрғандығына қатысты айтқанымен келіспеймін, – деді В.Косарев, – мен өзімнің жеке бас тәжірибеме сүйеніп айтамын: соңғы 10-15 жыл ішінде Қазақстанда спиртті ішімдіктерді тұтыну күрт қысқарды! Бізде тұрмыспен бірге мәдениет жақсарды. Бізде қазақстандықтардың мінез-құлқы, өздерін ұстау мәнері жақсарды. Мен осы жақсылықтардың барлығын қазақ халқының менталитетіне жатқызамын: қанша тықпаласа да, қазақ халқының болмысында арақ басты орын ала алмады!
Косарев орыс және кейбір басқа ұлттарда перзенттің өмірге келуі де, дүниеден өткен адамды шығарып салу да «арақсыз өтпейтіндігін» ашық айтты, бірақ Қазақстанда тұратын осы этнос өкілдері одан алшақтаған екен. «Қазір бұл жоралғыларда «Водка» көрмейсің. Тойда да, мерейтойда да солай. Барлығы маскүнемдерсіз, әдемі өте бастады. Кеңес кезіндегідей сылқия тойып, төбелесіп жататыны кемде-кем» деген ол Үкіметке арақ-шарап жайын емес, халықты қымызға көшіру мәселесін тиянақтауды ұсынды.
«Әрине, арақ салығын көтеру арқылы бюджетті толтыру талабы да жасалып отыр. Бірақ Үкімет бюджетті басқа өндіріс түрлерімен толықтыруға тырысуы керек. Таразда 80 жастағы қарт адам шағын кәсіпорын ашып, қымыз өндіруге кірісіпті, сол маған айтады: «Депутат, жұмыс жасауға мүмкіндік жоқ, тексерістен соң тексеріс. Қымыз бойынша Қазақстанда патент жоқ, біздің кеңістіктегі патент якуттарда! Біз қымызды консервациялау әдісін ойлап таптық, бірақ онымен әлемге шыға алмаймыз, Германия халықаралық патентті алып қойған». Міне, Үкімет немен айналысуы керек!» деді В.Косарев.
Ал депутат Айгүл Соловьева «қызуы бар» деп, қымыздың арақ-шарап, сыра секілді саудасының шектелуін болдырмау керектігіне назар аудартты: «Бұл заң жобасы алкогольдік ішімдіктер нарығын реттеуді қарастырады, бұл өнімдердің айналымы мен сатылымы шектелуге тиіс. Ал қымыз еркін сатыла беруі керек. Сондықтан оны жеке заңмен реттеу жайын ойластыру қажет болады. Оның еркін саудасына ешкім де тыйым сала алмайды. Бұл заңмен тек оның қалай сатылатындығына бақылау енгізіледі».
– Шынында, бізде алкогольді тұтыну көлемі мен сипаты өзгерді, қысқарды, – деді депутат Тұрсынбек Өмірзақов. – Бізді алда арақты мүлдем тұтынбайтын Азия елдерімен салыстыруға да болады. Оның орнына қымыз өндірісін қолдау керек. Бірақ қымызды «Водкамен» салыстыруға болмайды: бұлар әрбасқа өнімдер. Оларды әрқалай қолданып, әртүрлі табыс көздеріне айналдыруға мүмкіндік бар.
Депутат Алдан Смайыл көршілеріміздің тәжірибесіне көңіл қоюға шақырды: «Ресейдегі Тыва, Якут сияқты арақтың кесірінен көп қиындық көрген елдердің «арақсыз ауыл», «арақсыз қала» қозғалыстарын бастағанына он шақты жыл болды. Қазір солардағы елді мекендерде арақ мүлдем сатылмайды! Соны Қазақстан неге жасай алмайды? Арақ-шарап орнына ұлттық тағамдарымызды, қымыз бен шұбатты көбейтейік дедік, ол да Үкіметте ешкімнің қаперіне кірмейді. Неге біз арақтың төңірегіне үйіріле береміз, пайдалы сусын туралы неге заң қабылдамаймыз?» деген А.Смайыл вице-премьер Бақыт Сұлтановқа алкоголь өнімдерінің орнын басатын қымыз бен шұбат туралы заң жобасын әзірлеу туралы ұсыныс айтты. Егер жаңа Үкіметтің мұршасы келмесе, депутаттар күзге қарай осы арнайы заңды өздері жазбаққа бекініп отыр.
http://www.aikyn.kz/news/view/47741
Айхан ШӘРІП