Алдағы жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істей бастайтын Еуразиялық экономикалық одақ жайында түрлі көзқарас, оғаш пікір көп. Ел іші тұрмақ, алыс-жақын шетелдерде де осы мәселе жиі талқыланатын тақырыптың бірі.
Бұған дейін де осы одақ жөнінде: «Путин КСРО-ны құруды аңсап жүр» деген пікірлер сарапшылар, саясаткерлер тарапынан естіліп қалып жүрген. Бірақ ондай алыпқашпа әңгімеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ең бастысы – бұл таза экономикалық одақ болады» деп басу айтып келді. Өткен апта соңында Мәскеуде бас қосып, алдағы жылы жүзеге асатын, оның алдында, алдағы мамыр айында барлық құқықтық құжаттарға қол қойылатын Еуразиялық экономикалық одақ жөнінде үш ел басшысы тағы бір кеңес өткізді.
Осы жиында Елбасы тағы да: «ел ішінде түсінбестік тудырған қосымша сұрақтарды ысырып қойып, әуелі экономикалық одақ құру керек» дегенді баса айтты. Себебі бұл кездесу Украинадағы қиын жағдайға тап келіп отыр. Қазір Украинаға байланысты Батыс пен Ресейдің ұстанымы әртүрлі. «Бауырлас украин халқына Ресей күш көрсетуге бейіл тұрғанда, ертең одақ құрамына енген соң, түрлі желеуді алға тартып, Мәскеу біздің де басымызға әңгіртаяқ орнатпай ма?» деген үрей ТМД елдерінің бәрінің басында бар. Тіпті Ресей президенті Путин «Еуразиялық одақ» деп келте қайыруға құмар. Бірақ Елбасы «бұл ешқандай саяси одақ емес, таза экономикалық мақсатқа құрылған одақ» дейді.
Сонымен, бізге керегі қандай одақ?
Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:
– Ақиқатын айтар болсақ, бізге тереңдетілген экономикалық одақ та емес, ұстанымы бір саяси одақ та емес, сауда-саттық одағы керек. Әрине, Ресеймен достық, ынтымақтастық қажет. Алып ел. Көрші ел. Бірақ империялық бағыттан, шовенистік пиғылдан арылмаған ел. Ондай елге тым жақындау – қауіптi. Елімізде біраздан бері «Еуропаға терезе, Еуропаға жол» деген бағдарлама бар. Бізге керегі осы. Өйткені Еуропадан озық технология, техника аламыз. Үйренеріміз көп. Ал Ресейде не бар? Оларда сол Батыстың технологиясына тәуелді. Рас, Ресей мен ақпараттық алмасу, азық-түлік саласында тығыз қарым-қатынас, ҰҚШҰ болған соң, арзан бағаға қару-жарақ алу секілді байланыс керек. Бірақ саяси одақ құруға болмайды. Әсіресе, қазіргі жағдайда Ресей мен Батыс арасы тым ушығып барады. Ресейдің айтқанына көніп, оның әрбір қадамын құптай беретін болсақ, бізге де кесірі тиеді. Сондықтан бізге керегі экономикалық байланыс және сауда одағы дер едім.
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Әрине, айналадағы көршілеріңмен жақсы қарым-қатынаста болу – заман талабы. Алу керек, алмасу керек, беру керек. Бұл экономиканың, сауданың шарты. Онсыз ешқандай ел жеке-дара дами алмайды. Бірақ қазіргі халықаралық жағдай, соның ішінде ТМД-дағы жағдай оңып тұрған жоқ. Соңғы бірер айда тіпті асқынып кетті деуге болады.
Қазір Украинаға байланысты Ресей мен АҚШ-тың, Еуроодақтың арасы дүрдараз. Батыс Ресейге қарсы санкция жариялауға көшті. Содан болар, Ресейдің қор биржасындағы құнды қағаздар, рубль құлады. Әлі де құлдырауда. Енді Батыс мұнай бағасын құлатуды қолға алмақ. Оның құны 90 доллардан да төмендеп кетпек. Демек, Ресей экономикасы әлсірегеннің үстіне әлсірей түспек. Ал шаруасы құрдымға кете бастаған елмен қандай экономикалық одақ құру жөнінде әңгіме болмақ?
Меніңше, әзірге қалыптасқан жағдай-ды ескере отырып, экономикалық одақ мәселесін кейінге ысырып қоюға, жақсы бір кезеңге дейін үзіліс жасауға да болатын шығар деп ойлаймын.
Көршілермен қарым-қатынас, ынты-мақ керек. Бірақ саяси одақ емес…
http://www.aikyn.kz/articles/view/44417