Біз осыған дейін талай мәрте қос азаматтықтың зарарлары жайлы сөз еттік. Қазақстан азаматтығына қабылдау жайын да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Бірақ, әлі күнге қоғам тарапы азаматтықтан айыру мәселесіне жіті мән беріп қараған емес. Неге? Біз бірінші кезекте кімдерді азаматтықтан айыруымыз қажет? «Алаш айнасы» ой тізгінін ағытып көрген еді.
Осыған дейін шет мемлекеттерде жасалған ланкестік әрекеттер кезінде бірнеше азаматымыз тұтқындалғаны белгілі. Мұндай кезде біздің құзіретті органдар зерттей келе олардың бірнеше жылдан бері Қазақстан аумағында тұрмағанын дәлелдеп жатады. Яки, шет мемлекеттерде «әлемдегі ланкестік ұйымдармен байланысы бар» деп айыпталатын қазақстандықтардың өмірбаянына қарасаңыз да, осы сценарий көз алдыңызда көлбеңдейді. Оларды осы уақытқа дейін заң бойынша азаматтықтан шығарып тастау біздің қолымызда емес пе еді?
Мақсат Жақау, «Ақжол» ҚДП төрағасының кеңесшісі, саясаттанушы:
– Мәселен, осыған дейін шет елде жүріп саяси, әскери немесе ланкестік әрекеттерге қатысқан қазақстандық азаматтар болды. Шындығына келсек, оларда тек Қазақстан азаматтығы болған. Бірақ, бірнеше жылдан бері біздің мемлекетте тұрмайды. Қазір біз «мұндай жағдайда не істемек керек?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Мысалға, ішкі заңнамамыз бойынша, 3 жыл хабар-ошарсыз кеткен адамды қайтыс болды деп есептейміз. Дәл осы секілді ел аумағынан еш себепсіз шығып кеткендерді 5-6 жылдан кейін азаматтықтан шығарып тастауды жолға қою керек секілді. Осы 5-6 жылда ол азаматтың қандай мақсаты бар екені түпкілікті анықталады. Олардың орнын шеттен келген ағайындармен толтыруды жүйелеуге тиіспіз. Бізде азаматтықтан шығару мәселесі емес, азаматтық беру жайы жиі талқыланады. Сондықтан да, елімізден көшіп кеткеніне он жылдан асып кеткен адамдарды Қазақстан азаматты деп ұстап отыру дұрыс емес деп ойлаймын.
Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым шетелдегі елшіліктер мен Сыртқы істер министрлігі шеттегі отандастарымызды төтенше жағдай кезінде ғана іздейтінін айта келіп, «олар әрдайым ол жақтағы азаматтарды назарда ұстауы тиіс» екенін айтады. Саясаттанушы бұл орайда азаматтық беру мәселесінде шеттегі қандастарымызға жеңілдік жасап, ал сырттан келетін өзге елдің азаматтарына заң талаптарын қатайту қажет екенін тілге тиек етті.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
– Менің ойымша, азаматтарымыз шетелде тұрып, сол жердің тұрғылықты тұрғыны болып бірнеше жыл бойы тіркеуде тұрса немесе Қазақстан заңдылығын бұзып, қос азаматтық алып үлгерсе, оларды міндетті түрде азаматтықтан шығару керек. Біздің шетелдегі елшіліктер мен Сыртқы істер министрлігі шеттегі отандастарымызды төтенше жағдай кезінде ғана іздейді. Олар әрдайым ол жақтағы азаматтарды назарда ұстауы тиіс. Еліміздің «Азаматтық» туралы Заңы қайта қаралып жатса, шеттегі қандастарымызға жеңілдік беретін барлық жолдарды қарастыруға тиіспіз. Мысалға, грузиндер бір кездері Түркиядағы қандастарына төлқұжат таратып, әрдайым да оларға құшақтары ашық екенін білдірген болатын. Дәл солай құжат таратпасақ та, біздің мемлекет шеттегі қандастардың келуіне мүдделі екенін байқатып отырғаны жөн. Мәселен, Ресей азаматтық алатын азаматқа орыс тілін білуді міндеттейді. Егерде біз азаматтық бергенде мемлекеттік тілді білетіндерге жеңілдік жасасақ болады.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл «Қазақстан Республикасының азаматтығы» туралы Заңды қайта қарау қажет деп есептейді. Өйткені, қолданыстағы Заң бойынша Қазақстан Республикасының азаматымен кемінде үш жыл некеде тұратын шетелдіктер азаматтық ала алады. «Қазақстандық қызбен тұрмыс құрған кірме, азаматтық алғаннан кейін ажырасып кетсе, оның азаматтықтан шығарып тастай алмаймыз. Сондықтан бұл бабты Заңнан алып тастау керек» дейді депутат.
Алдан Смайыл, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
– «Азаматтық» туралы Заң талқыланғанда үш жыл ішінде Қазақстан азаматымен отасқандарға жеңілдетілген жолмен азаматтық беру мәселесіне қарсы болған едім. Әлі де сол пікірдемін. Бұл қазір науқанға айналып барады. Заңның осы бабын пайдаланып, қаншама азаматтар еліміздегі жесір әйелдермен, қыздармен отасып жатыр. Олар кейін ажырасып кетсе де, азаматтығы сақталып қалады. Өйткені, оларды қайтадан азаматтықтан шығарып тастау қиын. Меніңше, біріншіден, Заңнан бұл бабты алып тастау керек. Екіншіден, оралмандардан өзге шеттен келгендерге 10 жылға дейін азаматтық бермеу қажет. Ол жыл ел аумағында тұрған, өзінің осы мемлекетке адалдығын дәлелдеген азаматтарды ғана арнайы комиссияның шешімімен азаматтыққа қабылдау қажет.
«Алаш айнасының» түйіні
Қазір елімізде басқа мемлекетке барып, тұрақты тіркеуге тұрғандар, сол жақта өмір сүруге құқық немесе қос азаматтық алғандар көбейіп кетті. Сол себепті де оларды Қазақстан азаматтығынан шығарып тастау мәселесін жолға қою қажет. Бірақ, қалай? Сіз де ой қосыңыз…
http://alashainasy.kz/kodeks/51084/