АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазақстан азаматы болуды армандайтын кубалық

54BBBB5E-BC66-4881-9BD8-2AD49BDECFB5_w640_r1_s_cx30_cy8_cw47Қазақстанда тұрғанына 25 жылға жуықтаған Кубаның Гавана қаласы тумасы Густаво Субисаррета заңсыз мигрантқа айналған. Билік оны депортациялауға шешім шығарған, бірақ ол қалғысы келеді.

1991 жылы талдықорғандық бойжеткенге үйленіп, Қазақстанға қоныстанған Густаво Субисарретаның жасы 48-де. Кубалық жігіт болашақ келіншегімен Украинаның Одесса қаласында инженер-синоптик мамандығын оқып жүргенде танысқан. Оның айтуынша, Қазақстанның провинциялық қаласындағы жаңа өмірі әуелі тамаша басталған. Талдықорған әуежайына инженер болып орналасып, қызы Евгения дүниеге келген. Бірақ «кейін отбасымның шырқы бұзылды» деген Густаво әйелімен ажырасып, бағын сынап көрмекке Алматыға кеткенін айтады.

МЕРЗІМІ ӨТКЕН ТӨЛҚҰЖАТ

Кубалық азамат Алматыда сауда-саттықпен айналысуға тырысқан, бірақ ол «серіктестерім алдап кетіп, бір тиынсыз қалдым» дейді. Дәл сол тұста кубалық төлқұжатын ауыстыратын мерзім келген, бірақ Густавоның айтуынша, құжатты уақытында ауыстыруға ақшасы болмай, заңсыз мигрантқа айналған.

 — Ол кезде Куба елшілігі Астанаға көшіп кеткен болатын. Жолға ақшам болмады. Жаңа төлқұжат алу үшін 300 доллар керек еді. Бұл әйеліммен ажырасып, оған тұрмыстағы қиындықтар қосылып, жүдеп-жадап жүрген кезім болатын. Көпке дейін дені дұрыс жұмыс таппай жүрдім. Ал кейін мерзімі өтіп кеткен төлқұжатпен мені ешкім жұмысқа алғысы келмеді. Бизнеспен айналыспақ болған әрекеттен де түк шықпады, — дейді ол.

Густаво Субисарретаның қызы Евгения. Талдықорған, 2015 жылдың қарашасы.Густаво Субисарретаның қызы Евгения. Талдықорған, 2015 жылдың қарашасы.

Густавоның айтуынша, 2011 жылдан бері ол сот шешімімен Қазақстаннан депортациялануы тиіс заңсыз мигрант болып жүр. Ол «шарасыздықтан еңсем түсіп кеттті, оның үстіне тұратын жерім де жоқ» дейді. Жиған-терген дүние-мүлкін бірінші әйеліне қалдырғанын айтады. Қазір оны үлкен қызы уақытша паналатып отыр. Шетелдік азамат қызы, күйеубаласы, олардың кішкентай екі баласымен бірге жатахананың бір бөлмесінде тұрады әрі «денсаулығым да сыр бере бастады» деп шағымданды.

 — Оның денсаулығына алаңдап, ауырып қала ма деп уайымдаймын. Өзі кез келген сәтте депортациялап жіберуі мүмкін деп қорқады. Тіпті кімге барып көмек сұрарымды білмеймін, — дейді оның қызы Евгения Субисаррета.

ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ

Алматы облысы көші-қон полициясы қызметкерлері Густаво Субисарретаны таниды. Заңды күшіне енген сот шешіміне сәйкес енді оны туған еліне депортацияламақ. Полицейлер оның жүріс-тұрысын үнемі бақылап отырғандарын айтады.

Густаво Субисареттаның бұрынғы фотографияларының бірі. Талдықорған, 2015 жылдың қарашасы.Густаво Субисареттаның бұрынғы фотографияларының бірі. Талдықорған, 2015 жылдың қарашасы.

Куба азаматының тағдыры Қазақстандағы адам құқығы бюросының назарына іліккен. Бюро директорының орынбасары Денис Дживага «ұйым әуелі Густавоға кубалық төлқұжатын қалпына келтіруге көмектеседі, ал кейін Қазақстан азаматтығын алу мәселесін шешеміз» дейді.

Густаво Субисаррета көмек сұрап, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жаза бастаған. Ол президентке Қазақстанның толық құқылы азаматы болуды армандайтынын айтқысы келеді. Субисаррета онысының бірнеше себебін атайды. Біріншіден, Қазақстанда екі қызы мен жиен немерелері тұрады. Екіншіден, Кубаға қарағанда, мұнда мүмкіндік көбірек деп санайды. Ал үшіншіден, тарихи отанында туыстарынан ешкім қалмаған, енді ол жаққа оралғысы келмейді.

Әлия АХМЕДИЕВА

http://www.azattyq.org/