АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақстан бизнесiн дамытудың жаңа кезеңі басталды

Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Президент жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. Осы жиында Елбасы «Қазақстан бизнесін дамытудың жаңа кезеңінің басталғандығын» мәлімдеді. Оның басты мағынасы – «отандық кәсіпкерлердің ұлттық экономиканың тұрақты өсуіне жауапкершілігін арттыру» болмақ. Жиналғандарға қайырылған Н.Назарбаев Кәсіпкерлер кеңесінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы жарияланғаннан кейін бірінші рет жиналып отырғандығын атап айтты. 


– Біз өз алдымызға әлемнің ең озық да­мыған экономикаларының «отыз­дығына» кіру жөнінде биік мақсат қойдық, – деді Қазақстан Көшбасшысы. – Күшті экономика дегеніміз – күшті кәсіпкерлік, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігінің зор болуы, олардың коопе­рациялануы. Отандық бизнесті қол­дауды, мен қалыптасқан мемле­кетіміздің жаңа саяси бағытының, маңыздылығы бойынша екінші бағыты ретінде белгіледім.
Отырыста алдымен Үкімет жетек­шісінің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевтың отандық кәсіпкерлікті дамытуға ба­ғытталған Президент тапсырмаларының орындалуы туралы баяндамасы тыңдалды. Мемлекет басшысы 31 тапсырма берген екен, оның 20-сы – орындалды, 11-інің жүзеге асырылуы «бақылауда» делінді.

Б.Сағынтаев «Атамекен» одағы» Ұлттық экономикалық палатасына тіпті мемлекеттік органдардың бірқатар функ­циялары берілетіндігін мәлімдеді. Осы орайда, «Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы туралы» арнайы заңның жобасы әзір­ленгендігі белгілі болды. Бұл жоба, сон­дай-ақ барлық кәсіпкерлердің осы палатаға міндетті түрде мүше болуын бекітпек. «Қазір бұл заң жобасы мемор­ган­дардың келісімінен өтуде, жақын уақытта біз оны Парламентке енгіземіз» деді бірінші вице-премьер.

Бақытжан Әбдірұлының айтуынша, Ұлттық экономикалық палатаға сол заң жобасымен 54 функция беріледі, олардың біразын қазіргі уақытта мемлекеттік органдар жүзеге асыратын көрінеді. Бұл функциялар арасында шағын және орта бизнеске сервистік қызметтер көрсету, экспортты қолдау бағдарламалары бойын­ша оператор болу, салықтық және кедендік дауларды реттеуге қатысу, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бөлу, арнайы экономикалық, индустриялық аймақ­тарды басқару сияқты үлкен құзыреттер бар. Ол ол ма, Үкімет мұнымен тоқтап қалмай, осы палатаның құзыр-қоржынын ары қарай толтыруға ниетті. Кейін тіпті жаңа кәсіпорындарды тіркеуді де осы қоғамдық ұйымға беру ойластырылуда екен!
Б.Сағынтаев Қазақстанда шағын және орта бизнес 8 триллион теңгенің өнімін шығаратындығын хабарлады. Яғни үлкен күшке айналып келеді. 2013 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша еліміздің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 17,8 пайызды құраған. Осы кәсіпкерліктен 2,5 миллион қазақ­стандық нәпақасын айырып отыр.

Бизнес алдындағы кедергілерді жою және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін Қазақстанда барлық рұқсат беру­лер­дің толық және түбегейлі тізімі арнайы заңмен бекітілетін болыпты. «Биылғы жылы «Рұқсат берулер мен хабардар етулер туралы» заң әзірленеді, сонда биз­нес­ке арналған қолданыстағы барлық рұқ­сат берулердің жалғыз тізімі және жаңаларын ендірудің тәртібі болады. Яғни егер қандайда бір меморган жаңа рұқсат беру түрін енгізгісі келсе, ол оның қажеттілігі мен тиімділігін дәлелдеуге міндетті. Осылайша жаңа негізсіз рұқсат берулердің пайда болуына тосқауыл қойылады» деді Б.Сағынтаев. «Атамекен» одағы» ҰЭП төрағасы Абылай Мырзахметов кәсіпкерлердің осы палатадағы міндетті мүшелігі институты енгізілгенде, жаңа ғана өз ісін бастаған шағын және орта кәсіпкерлерді бастапқы кезеңде жарна төлеуден босатуды қа­растырып жатқандарын айтты. Ол Ел­басыға жаңа заңдағы жаңалықтарды жеткізді. «Жолдауда «Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы туралы» заң жобасын бірінші тоқсанда әзірлеу жөнінде нақты міндеті қойылған» деді ол.

– Серік Нығметұлы, ұлттық эконо­микалық палата туралы заңның жобасын өте мұқият қараңыз, – деп тапсырма берді Мемлекет басшысы Премьер С.Ах­метов­ке. – Бүкіл әлемде солай: кәсіпкерлердің ұлттық палатасы Үкіметтің әріптесіне айналады және бұл мемлекеттің мүддесі үшін жасалады. Мен «Атамекеннің» со­дан кейін жасайтын ісіне үлкен үміт ар­тып отырмын. Ол «Нұр Отан» партиясы алдына қойылып отырған міндеттерге толығымен сәйкес келеді. Бұл – ортақ міндет.

Қазақстан Көшбасшысының байла­мын­ша, кәсіпкерлердің ұлттық палатасы қазақстандықтарға өз ісін ашуда «бірінші жәрдем» көрсететін, оларды бизнес әле­міне жеткізетін бірегей, өзіндік бір орта­лық­қа айналуға тиісті. «Адамдарды биз­несті қалай бастауға үйрету керек, – деп тапсырды Н.Назарбаев, – осы залда ендігі болып-толған бизнесмендер отыр. Біз кәсіпкерлер санын арттыруға, адамдарды көптеп тартуға тиіспіз. Біріншіден, биз­несмендердің, шағын компаниялардың барлығының бірдей тұтас бухгалтерия ұстап отыруға шамасы жете бермейді. Оларға палата орталықтандырылған түрде қаржылық салада, банктермен жұмыс істеуде көмек көрсетуі қажет» деген ол «алғашқы жәрдемге» не кіруі керектігін айқындады.

– Бизнесті қалай жүргізу керек, мемлекет қандай шаралар қабылдауда, қандай салықтық жеңілдіктер бар, кәсіп­керді қандай заңнама қолдайды – осылар жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізсе, сол бірінші жәрдем болар еді, – деді Президент. – Әйтпесе, 20 жыл бойы бизнесмендерге мемлекеттің көмектесуі керектігін айтумен келеміз. Бизнестің мем­лекетке көмектесетін кезі жетті! Салық­ты толық көлемде төлеп, бизнесті дамы­тыңдар.
Ресми баяндамалар тыңдалған соң, Мемлекет басшысы бизнесмендерге биік мінберді пайдаланып қалуға, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салуға шақырды. Бүгінде қазақстандықтар ел басшылығына құрылыс сапасына қатысты шағыммен көп жүгінеді екен. Сондықтан Н.Назар­баев астаналық «Базис-А» құрылыс холдингі директорлар кеңесінің төрағасы А.Бело­вичке сөз берді.  Ол зал ортасынан тұрып, мінберге жет­­кенше, Елбасы әзіл айта отырды: «Неге «Базис-А», а? «Базис-Б» болу керек қой, Белович-ау?» деп, залды ду күлдірді. «Сіз айттыңыз, болды! Енді «Базис-Б» жаңа компаниясын құруға тура келеді» деп іліп әкетті бизнесмен. «Барлығы өз атын тарих­та қалдырғысы келеді емес пе?» деп күлім­сіреді Н.Назарбаев. Бірақ Беловичтің айтқан кейбір ұсыныстары кейін Мемлекет басшысына ұнамай қалды.

Сөз басын құрылыс компаниясының бас­шысы мойындаудан бастады: Қазақ­станда құрылыс сапасы барған сайын на­шарлауда! Бірақ ол оның айыбын құрылыс материалдарынан үнемдейтін құрылыс компанияларына емес, біліктілігі төмен құрылысшыларға аударуға бейіл танытты. «Құрылыс саласында бүгінде 600 мыңнан астам адам немесе бүкіл еңбекке жарамды халықтың 19 пайызы еңбек етуде. Өкі­нішке қарай, жұмыс ауқы­мының зорлығына қа­ра­мастан, құ­рылыс сапасы жақсарып жат­қан жоқ, керісінше, кейбір жұмыс түрлері бойынша құрдымға қарай қар­қын­ды жыл­жып барады. Еңбек өнімділігі құлдырауда. Құрылыс құны өсуде» деген ол өздерінің саланың қазіргі күйін 30 жыл бұрынғы жағдайымен салыстырғандарын жеткізді.

Қорытынды қандай? Бүгінде құрылыс компанияларының техникалық жарақ­тан­дырылуы, құрылыс материалдары, қон­дырғылар мен технологиялар бұрынғыға қарағанда, анағұрлым озық. Бірақ еңбек өнімділігі жақсармапты. «Білікті жұмыс күші қат! – деді А.Белович. – Тәжірибесі жоқ адамдарды алуға, бірақ оларға нағыз кәсіби маманға төленетін ақыны төлеуге тура келеді. Еңбек нарығында бәсе­ке­лестіктің жоқтығы «оқудың, біліктілікті жетілдіруге ұмтылудың қажеті жоқ, бәрібір жұмысқа алып, еңбекке сайма-сай емес жалақы төлейді» деген тоғышарлыққа әкеп соқтырды. Астанада жыл сайын жұмысшы мамандықтарды небәрі 150 адам бітіріп шығады. Елордадағы оларға деген қажеттілік 10 мың адамнан кем емес. Сол 150 түлектің жартысы ғана құрылысқа келеді, қалғаны әскерге кетеді, басқа мамандық табады» дей келе, құ­рылыс компаниясының басшысы мем­лекетке осы мамандықтарды жастар ара­сында насихаттауды, жұмысшылар даяр­лайтын лицейлер санын еселеп арттыруды, жұмыскерлерді қайта даярлау оқу орын­дарын құруды ұсынды.

– Сендердікі – бизнес, – деп оның сөзін бөлді Елбасы. – Неге біз сендер үшін кадр даярлап беруіміз керек? Кәсіпорын­дардың бәрі жекенің қолында. Сендердің бәрің жиналып, шетелдік компаниялар ба­тысымызда жасап жатқандай, оқу ком­бинатын құруларың қажет. Қазіргі заманда мамандарды мүлде басқа, жаңа мате­риал­дармен жұмыс істеуге, жаңа техно­ло­гияларға оқыту керек.
Сөзін түйіндеген құрылыс холдингінің жетекшісі барлық құрылыс компанияларын энергия үнемдейтін материалдар пайда­ла­нуға міндеттеуді ұсынды. «Сонда, мәселен, Астанада жаңа ТЭЦ салудың қажеті болмас та еді» деген ой айтты ол. Бұл Елбасын электр қуатын және жылуды үнемдеу тақырыбына тоқталуға мәжбүр етті.

– Қонақтар маған келіп, айтқаны бар: тіпті Rixos сияқты жеке қонақүйде қазір қапырық ыстық, сыртта күн жылыды, бірақ отты далада 40 градус аяз қысып тұрғандай жағуда. Пәтерлерде де солай. Жылуды, электр қуатын, суды үнемдеумен ешкім айналысып жатқан жоқ. Әкімдіктер де, Үкімет те ешқандай түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізіп жатқан жоқ. Үнемдеуге шақырумен шектеледі. Тек сөз ғана, – деп кейіді ол. Бірақ мемлекет жылу, жарық бағасын жалаң көтеруге бой ұрмауы тиіс. Елбасы «халықтың табысын есепке алуды» ескертті. Оның орнына билік жарықдиодты шамдар, жылу шығармайтын құрылыс материалдары мен шыныпакеттер сияқты қуат үнемдеуші технологиялардың қол­данылуына ықпал етуі қажет.
«Ғылыми-техникалық прогресс деген де осы ғой! Кәсіпорын электр қуатын кем тұтынатын болса, ондағы технология да соншалықты озық деген сөз» деген Мем­лекет басшысы әбден ескірген құрылыс нормалары мен ережелерін де қайта қарау қажеттігін қайтара еске салды: «Біздің СНиП-тер кеңес кезінен қалған, оларды ешкім де жаңа өнімдерге сай қайта жасап жатқан жоқ. Қанша қайталай беруге бо­лады? Кеңес өкіметі 22 жылдан бері жоқ, оның салған соқпағымен қанша жүре бе­руге болады?» Әйткенмен, «Болашақ қуаты» атауын арқау еткен ЭКСПО бұл іске соны серпін беріп, сананы сілкінтуге тиіс.

Бұл ретте Президент 2017 жылға қарай қуат үнемдеуші технологиялардың барлық жаңа нысандар, әсіресе, ЕХРО-2017 ны­сандар құрылысында қолданылуын жақ­тады. Осы орайда ол құрылыс компа­ния­ларына қазірден жүзеге асыру жайын ойластыруды қажет ететін бір тың идея айтты: «ЕХРО-2017»-ге бет алып барамыз. Оған қуат үнемдеу тақырыбы таңдалған. Сондықтан әрбір құрылысшы, әрбір компания толығымен күн, жел, термальді, немесе кез келген «жасыл» энергетикамен жұмыс істейтін ең кемі бір тұрғын үй тұр­ғы­зуға тиіс» деген Нұрсұлтан Назарбаев Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровты орнынан көтеріп, оған «ЕХРО-2017»-ге жауапты басты тұлға­лардың бірі ретінде осындай идеяларды қазірден ілгерілетуді жүктеді.

Осыдан кейін мінберге белгілі биз­нес­мен, «Мега» ойын-сауық орталықтары желісінің қожайыны Н.Смағұлов шақы­рылды. Ол еліміздегі 90-жылдардан қалған «жабайы сауданы» жоюдың маңызды­лығына тоқтала келе, мемлекетке ірі сауда кешен­дерінің құрылысын ел қазынасынан қар­жылай қолдауды өтінді. Әйтпесе биз­нес­менге сенсек, олардың құрылысына салынған қаржы тек 15 жыл ішінде өтеледі екен. Бизнесмен мемлекеттің осы салаға салған әр теңгесін кейін кәсіпкерлердің салық түрінде 5 теңге етіп қайтаратындығын алға тартты.Айтқандай, өткен жылы ел Үкіметі өз отырысында базарларды ірі сауда кешендеріне айналдыру, осы істі субсидиялау мәселесін арнайы қараған болатын. Дегенмен бұл бағытта билік әлі қандай да бір бағдарлама қабылдамаған. Бұл ретте Мемлекет басшысы «барахол­каларға қарсы» екендігін, бірақ сауда ор­талықтарын бюджет есебінен субсидиялау болмайтындығын анық аңғартты.

«Ақсүт» фермасының басшысы Нелля Салиханованы тыңдаған Елбасы АШМ басшысына «ескерту жасады»: «Асыл­жан, қара, ауылда сенің бәсекелес­терің өсіп келеді. Егер сен қимылдамайтын болсаң, олар сенің алдыңды орайды». Мемлекет басшысына ұнағаны, «Ақсүт» фермасының төрайымы Еуропалық даму банкінен жеңіп алған грантына тек әлемдік озық тәжірибені игеріп қана қоймай, ол қаржыны бірқатар қажетті құрал-жаб­дықтарды сатып алуға да жеткізіпті. Жаңа білімдері арқасында ол өз ісін 1 сиырдан бастап, бірнеше жылда 75-ке жеткізген екен. Егер АШМ басшылығы осындай өнімділікпен жұмыс істесе, қазір қазақ жай­лауында 50 миллион қой мен 15 мил­лион сиыр жайылып жүрер ме еді?!
Президент ел Үкіметіне ауылды түле­туге бағытталған жаңа мемлекеттік бағ­дар­лама әзірлеп, қабылдау туралы тапсырма берді.

– Егер ауыл шаруашылығын ілгері­летіп, экспортты биік деңгейге шығар­ғымыз келсе, бізге ауылды өркендетумен айналысу қажет болады, – деп баса айтты Қазақстан Көшбасшысы. – Бүгінде біз осыған қажетті ресурстарды қордалап жатырмыз. Қазақстанда 7 мың 232 ауыл барлығын білемін. Оның негізгі бөлігі – 3мың 750-і – «мықты», 2 мың 500-і – орта. Егер осыларға көмектессе, олар көтеріледі. Ендеше, ауылды түлетудің арнайы бағ­дарламасын қабылдайтын кез келді. Онда мәдениет үйлерін дамыту, ауыл жастары­ның демалысын ұйымдастыру, жаңа баспана және басқа мәселелер қамтылуы керек. Осының барлығын біз жасай ала­мыз, – деген Н.Назарбаев Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігіне Өңірлік даму ми­нистрлігімен бірлесіп, орта ауылдарды қалай «ауқаттыға» дейін көтеру жайын ойластыруды жүктеді.
Қос министрлік мұның жаңа бағдар­ла­ма болатындығын, әлде дағдарыс кезін­де­гідей, «Жол картасы» түрінде түзілетіндігін айқындап, Үкіметке жоба енгізуге міндетті. Ал «келешегі жоқ» мың шақты ауыл бар көрінеді. Оларға су және басқа да ин­же­нерлік желілерді тартудың орынсыздығы атап өтілді. «Келешегі жоқ ауылдар мә­селесін де біржақты ету керек» деді Елбасы Үкіметке. Билік ол ауылдардағы тұрғын­дарды «өсу орталықтарына» көшіру ісіне қарқын бермек.

Осы орайда Қазақстан Көшбасшысы кәсіпкерлерге Үндеу тастады: «ауылды түлету ісімен мемлекетпен бірге бизнестің де айналысуға тиістігін» нықтаған ол қалталы бизнесмендерді өздерінің туған, кіндік қаны тамған жерге барып, сол елді мекенде мектеп, балабақша, клуб сияқты жергілікті әлеумет үшін пайдалы нысандар салуға шақырды.
– Қаржыларын шетелдегі жылжы­май­тын мүлікке емес, ұлттық экономикаға инвестициялау – қазақстандық кәсіп­кер­лердің патриоттық борышы! – деп шегеледі Қазақстан Көшбасшысы. – Бұл – биз­нестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесі. Үде­мелі индустрияландыру, меммүлікті жекешелендіру, мемлекеттің қолдауы осыған кең ауқымды жаңа мүмкіндіктер туғызуда. Бізде өңірлерде салым салуды қажет ететін мыңдаған нысандар бар! Соңғы жылдары мысалға, кәсіпкер­лері­міздің қанша мешіт, часовня, храмдар салғандығын санап шыға аламыз. Алайда кәсіпкердің өз туған жерінде ауылдық мәдениет үйін салуы не оған жөндеу жүргізуі, музейлер ашуы, жастар үшін спорт алаңдарын жабдықтауы оқиғасы әлдеқайда сирек кездеседі.

Елбасының айтуынша, кәсіпкер аза­мат­тың отансүйгіштігі осыдан көрінер еді. «Сендерді осы ел өсірді. Мемлекет өз заң­дарымен, қолдауымен сендерге бай болуға мүмкіндік берді» деген ол ауқатты бизнес­мендерге өз байлықтарынан елге де енші беруге шақырды. «Біз мұндай қызметті ынталандыруға тиіспіз!» деді Үкіметке Пре­зидент. Мәселен, Батыста демеу­ші­лікпен, қайырымдылық істермен айна­лы­сатын қалталы адамдар мен кәсіпкерлерге мемлекет салықтық жеңілдіктер береді. Өз сөзінде Н.Назарбаев кәсіпкерлерге, әсіресе, ірілеріне өз қызметкерлерінің жалақысын көтеруді ұсынды. Сонда елде бақуатты, бақытты өмір сүретіндер қатары күрт артар еді.

Ел Үкіметі жыл сайын ел басшылығы мен Парламент алдында есеп береді. Және сөз басын еліміздің жалпы ішкі өнімінің қаншаға өскендігінен бастайды. Бірақ бұқара халық үшін бұл дерек мүлдем қызықсыз. Қарапайым қазақстандықтар елдегі жағдайды өз ауқатына қарап, бағалайды.
– Мәселе біздің жан басына шаққан­дағы ЖІӨ-ні қалай өсіріп жатқанды­ғы­мызда емес, бұл – бастысы емес! – деп биліктің назарын аудартты Нұрсұлтан Назарбаев. – Бізде қанша кедейдің бар­лығына, кедейлер мен байлар арасындағы айырмашылықтың қаншалықты үлкенді­гіне қарау қажет! Ол айырмашылық бізде айтарлықтай. Мен осы мәселемен арнайы айналыстым, – деген Президент тиісті құрылымдардан алғызған мәлімет­терден хабардар етті.

Оған сәйкес, Қазақстанда үй шаруашы­лықтардың (отбасылардың) 36 пайызы орташа алғанда айына, әр адамға шаққанда, 30 мыңнан жоғары табысқа өмір сүреді. «Бұлардың қатары шамамен 6 миллиондай адам. 55,6 пайызы 36 мың теңгеге дейінгі орташа айлық табысқа ие, мұндайлардың саны шамамен 9 миллион. Үй шаруа­шылықтарының 8 пайызының орташа айлық табысы әр адамға шаққанда 15 мың теңгеден кем! Бұлар – шамамен алғанда, 1,5 миллион адам» дей келе, Мемлекет басшысы Үкіметке осы тәжірибені зерттеу туралы тапсырма берді. «Қолды тектен-тек ербеңдетіп, сермей берудің керегі жоқ! – деп ескертті Елбасы, үлкен сандарды алға тартуды жаны сүйетін шенеуніктерге, – Экономика кім үшін жұмыс істеуде? Арнайы әлемдік рейтинг бар, білесіңдер ме? Джини индексі деп аталады. Бізде ол әзірге 6-ға тең. 10-ға жақындаса, қауіпті» деп сақтандырды Президент билікті. Тү­сіндіре кетер жайт, «Джини коэффициенті» дегеніміз,қандай да бір елдегі не аймақтағы қоғамның, зерттеліп отырған нышанына қарай жіктелуі дәрежесінің статистикалық көрсеткіші болып табылады. Экономистер көп жағдайда зерттелетін нышан ретінде адамдардың жылдық табысы деңгейін алады.

Кәсіпкерлер мен кәсіпорын бас­шы­ларын Н.Назарбаев өздерінің баюына үлес қосып отырған қол астындағы қыз­мет­керлерінің әл-ауқатын көтеруге ша­қырды. «Бір жағынан, кімде мүмкіндік бар болса, әсіресе, ірі бизнесте, бірте-бірте, бизнеске нұқсан келтірмей, адамдардың жалақысын көтеруді қарастыру керек! – деді Қазақстан Көшбасшысы. – Бірақ жұмысшыларға жалақыны көтеріп, өздері шөгіп қалатын компаниялар бар, міне, дәл осы жерде мемлекет көмектесуге тиісті. Және көмек­тесіп те жатыр. Біз әлеуметтік жұмыс орын­дарын, жастар практикасын ашу­дамыз». Ресми мәлімет бойынша, 6 мың кәсіпорынмен әлеуметтік жұмыс орын­дары туралы өткен жылы келісім жа­салған, яғни 28 мың адамның жалақы­сының бір бөлігін мемлекет бюджет есебінен өтеген көрінеді. Бұған мемлекет 3,4 миллиард теңге бағыттапты. Егер отандық бизнес мемлекетке кө­мекке келсе, өз кезегінде мемлекет те қа­рап қалмайды: қазақстандық кәсіпкерлер кең ауқымды қолдауға ие болады. Бұл ретте Үкімет сыртқы нарықтарда, атап айт­­қанда, Ресей мен Беларусь кіретін Кеден одағы аясында отандық бизнестің мүддесін ілгерілетіп, қадамын қорғауға, тіпті ашық лобби жүргізуге кірісетін бол­ды. «Үштік одақ», Бірыңғай экономикалық кеңіс­тік сияқты ұйымдарда жоғары дең­гейлі келіссөздер жүргізетін Үкімет басшысының үш орынбасарына осы жүктелді.

Мемлекет басшысының айтуынша, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына сәйкес, 3 мыңға жуық кәсіпкерлік жобасы бюджеттен субсидиялануда. Мемлекет 409 кәсіпкерлікке инженерлік инфрақұры­лымын тартып берген.«Осының барлығы мемлекетке 78 миллиард теңгеге түсті, – деді Н.Назарбаев. – Кәсіпкерлікті жұ­мысының бірінші үш жылында тексеруге заң жүзінде тыйым салынды. Қазақстан бизнес ашу және жүргізу үшін қажетті жағ­дайларды жеңілдету бойынша реформалар жөнінен көшбасшы болып табылады» деген ол өзінің тапсырмасымен, бизнеске қысымды азайту бағытында құқық қорғау жүйесінде де жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Президент елімізде бүгінде кез келген адам бір күн ішінде, тіпті үйінен шықпай-ақ, он-лайн режимде өз бизнесін аша алатындығын мәлімдеді. «Солай ғой? Бұл жұмыс істей ме?» деп нақтылады ол. Залдағы бизнесмендер мен жауапты тұлға­лар мұны растады. «Жеке кәсіпкерлер үшін салықтық есептілік тапсыру мер­зімділігі қысқартылды, есеп жеңілдетілді. Заңнамаға өзгерістер енгізіліп, электронды есепшот-фактураларды ендіруге жол ашылуда. Солай емес пе?» деп сұрады Елбасы. Әлі ендірілу үстінде екен. «Жа­салатын болады!» деп баяндады залдан Үкімет өкілі. «Тек осы жаңалықтың өзі қазақстандық бизнестің жыл сайын 5 миллиард теңгедей қаржысын үнемдейді» деді Н.Назарбаев.

Оның мәліметінше, Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы қазақстандықтардың саны 2,5 миллион адам­ға жетті. «Бұл – тәуір көрсеткіш. Бірақ әлемдегі күрделі жағдай жаңа мін­деттер қойып отыр, – деді Қазақстан Көш­басшысы. – Ең алдымен, өзіміздің ішкі инвестициялардың әлеуетін дамыту ту­ралы сөз етуіміз қажет. Бұл – біздің ор­тақ стратегиялық міндетіміз! Бұл қазір Үкімет әзірлеп жатқан 2020 жылға дейінгі Кәсіп­керлік қызметті мемлекеттік реттеу тұжы­рым­дамасының негізіне айналуға тиіс». Президенттің дерегінше, тәуелсіздік жыл­дары Қазақстан 300 миллиард доллар инвестиция тартыпты, соның 124 мил­лиар­дын өзіміздің төл ұлттық инвесторлар құйыпты!
Сондықтан Елбасының осы отырыста қойған «ішкі инвестиция әлеуетін дамыту» жөніндегі жаңа міндетке сәйкес, енді Үкі­мет отандық инвесторларды шетелдіктен кем құрметтемеуі, қайта көбірек қолдауы қажет. Бұл ретте шенеуніктер мен әкім­діктегілер жергілікті кәсіпкерге жоғарыдан қарап, бұйыра сөйлеуден арылуға мін­деттелді.

– Мемлекет барлығын, бар жерді тегіс бақылауға ұмтылу секілді ескірген әдеттен арылуы керек! – деп жүктеді Нұрсұлтан Назарбаев. – Біз командалық экономи­кадан құтыла алмай келеміз. Нарықтық экономика жағдайында мұндай бақылау бизнес үшін қосымша тоспа түзеді және коррупция үшін жағдай жасайды. Мем­лекет тарапынан бақылау нысаны ретінде тек ақырғы өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі, заңнамалық нормалардың сақталуы болуға тиіс. Азық-түлік, дәрі-дәрмек сияқты бақы­лаусыз кетуі адам өмірі мен денсау­лығына кері әсер етуі мүмкін салалар міндетті түрде бақылануға тиісті. Басқасы да бақылауда ұсталынуы қажет, бірақ оның тәртібі өзгеше болуы тиіс, – деген Елбасы Үкіметке «биылғы жылдың соңына дейін адамдардың қауіпсіздігіне тікелей ықпал етпейтін барлық рұқсат берулер мен лицензияларды тегіс жою туралы тапсырма бергендігін» хабарлады. Олар жай «құлағдар етумен» ауыстырылмақ. Ал мемлекеттің міндетінде «тауарлар мен қыз­меттер са­пасы стандарттарын, қауіп­сіздік инди­катор­ларын, регламенттерді әзірлеп, ор­нату» қалмақ.

Осы орайда Елбасы тағы да құрылыс саласын ауызға алды. «Қажетсіз рұқсат беру құжаттары мен процедуралары тұрақ­ты түрде қысқартылып, ал мәнін жойған құқықтық актілер мен нормалардың күші уақытылы тоқтатылып отыруы керек, – деп міндеттеді Президент. – Мен көрне­кі­лік үшін құрылыс саласын алайын. Қа­зақстанда құрылыс бизнесімен айналысу үшін жалпы саны 32 рұқсат беру алу қажет екен! Гонконгта, мысалға, небәрі 6 ғана. Сол 32 құжаттың бәрі маңызды ма? Сапаға әсер ете ме? Әрине, жоқ» деген ол бұлар­дың ­керісінше, бизнес жүргізу шартын күрделендіріп жатқандығын айтты.

– Президент Әкімшілігіне адамдар жүгінеді, хаттар келеді, – деді Н.Назарбаев, – олар жаңа ғана тұрғызылған үйдің сапасына шағымданады. Тұрғындар құ­рылыс компаниясына қарсы жалғыз, өзімен-өзі қалады. Өздерінің сапалы бас­панаға деген құқықтарын сотта қорғауға тырысады. Осы жерде сұрақ туады: сонда мемлекеттік қаптаған құрылымдар не үшін керек? Мемлекеттік сараптама, сәу­лет-құрылыс бақылауы, авторлық қа­дағалау? Бақылаушы-қадағалаушы орган­дардың тұтас полкі не істейді?
Дүниежүзілік банктің «құрылыс жүргізуге рұқсат алу» индексі бойынша Қазақстан өткен жылы 185 елдің ішінде 150-орын алды. «2013 жылы біз тағы 5 тұғырға төмендедік.Кейінге қалдырмай, осы мәселені арнайы қарап, осы көрсет­кішті жақсарту қажет» деген Елбасы Үкі­метке 1 қыркүйекке дейін «құрылыс сала­сындағы нормативтік базаны реформалау бойынша Тұжырымдама» жобасын әзірлеуді тапсырды.  Өткен жылы Қазақстан Көшбасшысы елімізде сарайға бергісіз мектептер салы­нып жатқандығын сынға алған болатын. Ақордадағы осы жиында ондай ордалардың қайда екендігі анықталды. «Біз жүздеп мек­тептер мен ауруханалар салдық, – деді Мемлекет басшысы. – Бұл ел тарихында болмаған. Бірақ сонда не салдық деңіз? Шымкентке бардық, онда балалар үш ауысыммен, тіпті саманнан соғылған мек­теп­терде оқиды. Орталықта мектеп тұр­ғы­зыпты, сарайға бергісіз! Ол Мад­ридтегі Хуан Карлостың патшалық са­райына ұқсайды. Ол мектепте холл, ботаникалық бақ, бассейн, спорт кешені, би залдары бар» деген Елбасы мектептің негізгі пәндер бойынша оқыту үшін құры­латындығын білім саласы шенеуніктерінің есіне салды.

– Қандай сорақылық! Қаншама мемлекет қаражаты шығын болған. Кім мұнымен айналысады? Нокин қайда? Сондай бір мектеп орнына үш мектеп немесе бірнеше балабақша салуға болар еді. Онсыз да қаржы қат болып жатқанда, мемлекеттік қаржы неге осылай шы­ғын­далады? – деп қынжылған Президент құрылыс саласындағы норма­тив­терді өз­гер­туді, құрылыста Қазақстан ерек­шеліктерін ескеріп, еурокодтарды пай­далануға көшуді тапсырды. «Бақытжан Әбдірұлы, саған дербес «үй тапсырмасы»: қол астыңдағы құрылысқа жауапты басшыларыңмен бірге, осы істермен шұғыл түрде айналыса баста да, бір айдан соң маған баянда!» деп міндеттеді Мемлекет басшысы, Өңірлік даму ми­нистрін. Бұл ретте Үкімет басшылығы мектептерде енді бассейн салынбайтын­дығынан хабардар етті.

Жиында Нұрсұлтан Назарбаев «Ата­мекен» одағына Үкіметпен бірлесіп, «Іскерлік климат» атты жаңа рейтинг түзуді жүктеді. Ол рейтинг орталық және жергілікті органдардың жұмысын баға­лай­ды. «Оның нәтижелері БАҚ-та жария­лансын. Президент Әкімшілігі осы рей­тингті әртүрлі деңгейдегі әкімдіктердің жұмысын бағалау кезінде есепке алсын!» деді Президент.  Өз сөзінде Қазақстан Көшбасшысы электрондық сауданы дамыту мәселесіне жеке тоқталып, тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ осы жиында кәсіпкерлер алда Қазақстанда меммүлікті жекеше­лен­діру басталатындығынан құлақтанды­рыл­ды. Үкімет ендігі жекешелендірілетін нысандар мен тетіктер тізбесін жасап жатқан көрінеді.
– Жаңа жекешелендіру «Қазақстан – 2050» стратегиясында белгіленген мін­деттердің бірі, – деді Н.Назарбаев, – жаңа жекешелендіру кәсіпкерлер алдынан өз әлеуеттерін денсаулық сақтау, білім беру, ақпарат, әлеуметтік қызметтер көрсету салаларында іске асырудың жаңа мүмкін­діктерін ашады, – деген ол билік өкілдеріне бұрылды: «Жекешелендіруді жүргізу ке­зінде Үкімет пен жергілікті билік орган­дары келесідей қағидаттарды ұстанулары тиіс. Біріншіден, жекешелендіру абсолютті түрде айқын, ашық болуға тиісті. Екін­шіден, мемлекет пен жеке әріптестігінің әртүрлі тетіктері пайдаланылуы керек. Нысандарды тек бірден және тұтастай сату ғана емес, сондай-ақ кейін сатып алу құқығымен жалға беру, бөліп төлеу, тегін беру секілді басқа да формалар қолданылуы қажет».

Үшіншіден, әлеуметтік саланың жекешелендірілетін нысандары өз бағдар­ланушылығын өзгертпеуге тиіс. «Қара­пайым тілмен айтқанда, мәдени клубты сырахана-барға айналдыруға жол беріл­месін. Егер ол әлеуметтік сала нысаны болса, әлеуметтік болып қалуы керек» деді Елбасы.
Бұл ретте Қазақстан Көшбасшысы елімізде «жекеменшікке құқықтық кепіл­діктер жүйесін» дамытудың маңыздылығын атап өтті. Қазір Қазақстанда Қылмыстық, Әкімшілік сияқты көптеген кодекстер жаңа­дан қабылданғалы жатыр. «Сол кодекстерде жекеменшікке қол сұғыл­май­тындығына қатысты абсолютті кепілдік бекітілуге тиісті» деп тапсырды Пре­зи­дент.

Нұрсұлтан Назарбаев Кәсіпкерлердің ұлттық палатасын құру мәселесін жеке сөз етті. «Кәсіпкерлердің ұлттық палатасын құру – жаңа шешім, – деді Мемлекет басшысы. – Ол біріншіден, барлық кәсіп­керлерді біріктіруге, оларды Үкіметтің әріптесі етуге және қорғауға бағытталған. Екіншіден, бұл мемлекет пен бизнестің өзара әрекеттесуінің жаңа формасы: бұл палата арнайы жаңа заң негізінде Үкімет­пен бірге ережелерді әзірлейді. Онда палатаның міндеттері мен функцияларын нақты айқындау қажет. Осы палатаға міндетті мүше болу бірінші кезекте жекелеген кәсіпкер үшін пайдалы болуға тиісті. Ол өзінің қорғалғандығын сезінуге, осы құрылымнан демеу көруге тиіс».

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық бизнесті дамытудың жаңа кезеңі басталғандығын мәлім етті. «Неге жаңа кезең? Егер отандық кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттырмасақ, жұмы­сы­мыздың сапасын көтермесек, біз ілгерілей алмаймыз. Біз экономикамыздың жарты­сын шағын және орта бизнес құрауы керек деп отырмыз, алайда егер осы жартысы кері тартып отырса, не болады? Оған жол беруге болмайды» деді ол. Қазақстан Көшбасшысы отандық кәсіпкерлерді жаһандық көрмені ұйым­дас­тыруда мемлекетті қолдауға шақырды: «Ашылып отырған үлкен мүмкіндік – Қазақстанда «ЕХРО-2017» жаһандық көрмесін өткізу. Мемлекет осы іс-шараны өткізуде сіздердің белсенділіктеріңізден үміттенеді. Бұл дүниежүзілік форум Қазақ­станның экономикалық мүмкіндіктерін, қуа­тын және сапасын, оның артып келе жатқан әлеуетін паш етуге тиісті!»
– «Қазақстан – 2050» стратегиясында біз ұлттық бизнесті ішкі инвестициялар өсімінің ең басты көзі деп белгіледік, – деді отырысты қорытқан Президент Н.Назарбаев. – Осыған сай, біздің Кеңестің рөлі мен мәртебесін көтеруді маңызды деп санаймын. Мен оны «Ұлттық инвесторлар кеңесі» ретінде қайта құруға шешім қабылдадым.

Жаңа мәртебесіне сәйкес, жаңа президенттік Кеңестің тұрақты жұмыс топтары құрылатын болады. Оларға мемлекеттік органдар басшылары мен бизнес өкілдері тең төрағалық етпек. Ұлттық инвесторлар кеңесінің Жұмыс органы ретінде Елбасы Өңірлік даму министрлігін бекітті.
Мемлекет басшысы Үкіметке бір ай ішінде Ұлттық инвесторлар кеңесінің құрамы бойынша ұсыныстарды және жаңа регламент жобасын енгізуді тапсырды.

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz/