АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақстан дүниежүзілік сауда ұйымынан үміт үзбейді

Бал сатып тұрған адам. Ақмола облысы, 14 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың соңына дейін Қазақстан ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерді аяқтайтынын мәлімдеді. Ол бұл сөзін мамырдың 4-і күні Азия даму банкінің жыл сайын өтетін кезекті жиынының ашылуында айтты деп хабарлады tengrinews сайты.

— Біз Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне қатысты келіссөздер үдерісін аяқтауға жақынбыз. Биыл ұйымның толыққанды мүшесі боламыз деген сенім бар, — деген Назарбаев.

Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерді аяқтағаны туралы осыған дейін бірнеше жыл бойы айтылып келген еді. ДСҰ-ға кіруге 1996 жылы өтініш беріп, сол жылы ұйымдағы бақылаушы ел мәртебесін алған Қазақстан Кедендік одаққа қосылуына байланысты бірқатар келіссөздерді қайта жасаған.

Көк базарда жеміс-жидек сатып тұрған сатушы. Алматы, 17 шілде 2013 жыл.Көк базарда жеміс-жидек сатып тұрған сатушы. Алматы, 17 шілде 2013 жыл.

​2009 жылы Кедендік одақ елдері – Қазақстан, Беларусь және Ресей бірыңғай кедендік аумақ ретінде ДСҰ-ға қосылатыны жөнінде мәмілеге келген. 2009 жылдың қазан айында үш ел өзара келісілген ұстанымдар бойынша жеке-жеке келіссөз жалғастыратыны хабарланған.

Қазақстанның ДСҰ-ға кірер алдындағы келіссөздерді 2010 жылдың соңына дейін аяқтап, тез арада ДСҰ-ға кіретіні жөнінде сол кездегі вице-премьер Өмірзақ Шүкеев айтқан еді. Бұл пікірді сол жылы күзде экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова да қайталаған.

Оның пікірінше «тауар жөніндегі келіссөздер аяқталуға жақын, соның ішінде Қазақстаннан ТМД мен Кедендік одақ елдерінен өзге үшінші елге экспортталатын шикізатқа салынатын экспорттық баж салығының деңгейі туралы Еуропалық одақпен арада техникалық келіссөздер ғана қалған еді.

КЕДЕНДІК ОДАҚ

Қазақстанның 2012 жылдың соңына қарай қалай да ДСҰ-ға мүшелікке өтетіні туралы сол жылдың басынан бастап Қазақстан билігі жұртшылықты сендіріп келді. Бұл ақпараттарға қарағанда ДСҰ-ға мүше мемлекеттермен өзара келіссөздер 2012 жылы сәуір айында толық аяқталған.

Бірақ 2012 жылы тамыз айында Кедендік одақтың бір мүшесі Ресей ДСҰ-ға кірді де Қазақстан тағы да қалып қойды.

Солдан оңға: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин Жоғары Еуразия экономикалық кеңесі жиынында. Минск, 29 сәуір 2014 жыл.Солдан оңға: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин Жоғары Еуразия экономикалық кеңесі жиынында. Минск, 29 сәуір 2014 жыл.

2013 жылдың қазан айында Минскіде өткен Еуразиялық экономикалық жоғары кеңесі отырысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кедендік одақ келісімдері, соның ішінде Ресеймен жасалған келісімдер ДСҰ-ға кіругде қиындық тудырып отырғанын айтты.

Осыған орай президент Назарбаев «Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі үшін Еуропа одағы және АҚШ-пен Қазақстан-Ресей бірлескен делегациясы келіссөз жүргізу қажеттігін» айтқан. Назарбаевтың сөзіне қарағанда «ДСҰ Қазақстанның Кедендік одаққа дейінгі ұстанымдары бойынша кіруін талап еткен. Егер олай кіретін болса, онда Қазақстан мен Кедендік одақ арасында проблема болуы мүмкін».

УКРАИНА ДАҒДАРЫСЫ

Қазақстан президенті биыл қаңтар айында Еуропалық комиссия төрағасы Жозе Мануэл Баррозумен кездесуінде де ЕО жетекшілігінен «Қазақстанның ДСҰ-ға кіру үшін жасап отырған келіссөздерін тезірек аяқтауға ықпал жасауын» сұраған еді.

Алайда биыл көктемде Нұрсұлтан Назарбаевтың өтініші бойынша құрылған екі мемлекеттің делегациясының бірлескен жұмысы жүзеге аспайтыны белгілі болды. Наурыз айында АҚШ Ресейдің федералдық ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау қызметінің («Россельхознадзор») мамандарын Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруіне қатысты келіссөздерге қатыстырудан бас тартты.

Ресейшілдер мен Украинаның біртұтастығын қолдайтындар арасындағы қақтығыста жараланған жігіт. Одесса, 2 мамыр 2014 жыл.Ресейшілдер мен Украинаның біртұтастығын қолдайтындар арасындағы қақтығыста жараланған жігіт. Одесса, 2 мамыр 2014 жыл.

«АҚШ-қа ұшуға бір тәулік қалғанда АҚШ елшілігінің өкілдері электронды түрде және телефонмен ресейлік делегация басшысы, «Россельхознадзор» басшысының орынбасары Николай Власовты Ресей сарапшыларының АҚШ-қа келмегені жөн болатыны туралы» ескерткен.

Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне байланысты ветеринарлық және фитосанитарлық шараларды уағдаласу жөнінде ресейлік сарапшылар қатысатын келіссөздердің келесі кезеңі Вашингтонда 3-6 наурызда өтуі тиіс еді.

АҚШ-тың мұндай қадамға баруына Ресейдің Украинамен арадағы жанжалы себеп болған.

Қазақстан ДСҰ-ға кіруге 1996 жылы өтініш беріп, сол жылы ұйымдағы бақылаушы ел мәртебесін алған. Бұған дейін бұрынғы советтік елдерден алғаш болып 1998 жылы Қырғызстан, одан кейін Латвия (1999), Эстония (1999), Грузия (2000), Литва (2001), Молдова (2001), Армения (2003), Украина (2008), Ресей (2012) және Тәжікстан (2012) ДСҰ-ға мүшелікке қабылданған.

http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_wto_member_negotiation/25372358.html