Келесі аптаның басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапары жоспарланған. Бұл сапар АҚШ пен Ресей қатынастары соңғы 20 жылда байқалмаған дәрежеде ушыққан кезде жасалмақ.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға сапары барысында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің кезекті саммитіне де қатысады деп жоспарланған. Қазақстан ірі әскери державалармен көп векторлы әскери саясат ұстанады.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚЫТАЙҒА ҚАТЫСТЫ ӘСКЕРИ МҮДДЕСІ
Алматылық саясаттанушы Константин Сыроежкин Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапарынан екі елдің әскери және әскери-техникалық ынтымақтастығын күшейтетіндей елеулі нәтиже күтпейді. Астана әдетте Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан кіретін Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясында өтетін жаттығуларға қатысумен шектеледі.
2010 жылы Қытай әскерилері ШЫҰ аясында Қазақстан территориясында өткен жаттығуларға қатысты. ШЫҰ мүше елдердің қарулы күштерінің жаттығуы 2014
жылы Қытайда өтеді деп жоспарданған. Сарапшының айтуынша, Украинадағы жағдайға байланысты бұл жаттығулар кезінде террористік құрылымдарды жою әдіс-тәсілдерін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді.
Сыроежкиннің айтуынша, Қазақстан президентінің Қытайға сапарына Украинадағы жағдайдың да әсері болары сөзсіз. Сарапшының пайымдауынша, Ресейдің Қырымды бөліп алуы және ресейшіл сепаратистердің Киев билігімен әскери қақтығысы Қазақстан мен Қытай басшылығын алаңдатады.
Сыроежкин Қазақстан мен Қытайдың әскери-техникалық ынтымақтастығынан жуырда әлдебір даму күтпейді. Сарапшының болжамынша, «Қытай Қазақстанға ауыр жүк тасығыш техника мен тағы бірдеңелер сатуы мүмкін. Екі елдің әскери-техникалық ынтымақтастығы бұл кезеңде осымен шектелуі мүмкін. Өйткені Қазақстан диверсификация жасауға қанша тырысқанымен, әскери техника мен қару-жарақты көбінесе Ресейден алады».
ҚЫТАЙДЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ӘСКЕРИ МҮДДЕСІ
Константин Сыроежкинның айтуынша, Қазақстанның Қытайға қатысты әскери мүддесі онша байқалмайды. Парламент мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Владислав Косарев те оның пікірін қостайды.
Қазақстанның бұрынғы қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің Қытай орталық әскери кеңесі төрағасының орынбасары Фань Чанлунмен былтырғы кездесулерін парламент депутаты «дипломатияның бір көрінісі ғана» деп бағалайды. Ол екі ел қорғаныс министрінің Бішкек қаласында ШЫҰ аясында ұйымдастырылған былтырғы кездесуі мен екі ел қорғаныс министрлігі арасында бекітілген ниеттестік меморондумын да осы тұрғыдан бағалайды.
Бірақ қытайтанушы сарапшы маман Сыроежкин де, парламент депутаты Косарев те былтыр Қытай орталық әскери кеңесі төрағасының орынбасары Фань Чанлуннің Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласына келгеніне назар аударады.
Қытай жоғарғы басшыларының бірінің бұл сапары туралы қазақстандық ақпарат құралдары Фань Чанлун Қазақстан әскери-теңіз күштеріне қызығушылық танытты деген сарында хабарлаған еді. Ол кезде БАҚ: «Аспан асты елінен келген
делегация қазақстандықтардың теңіз жаяу әскері бригадасында қызмет ету жағдайымен танысып, Каспийдегі «Орал» артиллериялық-зымыран кемесінің сынағына қатысты» деп жазған.
Бірақ Сыроежкин бұл сапарды Қытайдың мұнай өндіру компанияларының Қазақстанның батысында шоғырлануымен және Қазақстан мұнай саласында Қытай капиталының үлесі жыл сайын өсіп келе жатқанымен байланыстырады.
Қазақстан әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы, адмирал Жандарбек Жанұзақовтың Азаттық тілшісіне айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың әскери-теңіз ынтымақтастық аясы әзірше шектеулі сипатта қалып отыр.
– Қытайда әзірше екі курсантымыз ғана оқып жатыр. Олар алғашқы жылы қытай тілін үйренді. Қытай бізге ауыр жүк таситын бірнеше трейлер берді. Жасап жатқан басқа да ұсыныстарын қараймыз, – дейді ол.
Адмиралдың айтуынша, Фань Чанлун қазақстандық теңізшілермен кездесуінен кейін Қытай мұнай компаниясының Ақтаудағы орталық кеңсесіне барған.
Қазақстан-Қытай шекарасының ұзындығы – шамамен 1 мың 740 шақырым. БАҚ деректері бойынша, Қазақстан армиясында 70 мың адамға жуық, ал Қытай армиясында 1 миллион 500 мыңға жуық адам қызмет етеді.