Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапары өте табысты болды. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншісі, жақында Қытай басшылығы түп-тамырымен өзгеріп, билікке жаңа тұлғалар келген болатын. Билік тізгінін қолға алған Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевты жылы қабақпен қарсы алды. Алдағы уақытта бұрыннан қалыптасқан қарым-қатынасты одан әрі қолдайтынын, ол үшін қолдан келген күш-қуаттың барын жасайтынын мәлімдеді.
Екіншісі, Елбасы Қытайдың Хайнань өлкесінде 12-ші рет өтіп отырған Боао азиялық форумына қатысып, сөз сөйледі. Геосаясатта Қазақстанның ойып тұрып орын алатынын дәлелдеді. Қытайдың жаңа басшылығы Назарбаевтың қолын алып тұрып, жақын дос, әріптес санайтындығын, екі ел арасындағы қатынасқа жаңа серпін беретіндігін жеткізді. Форумға әлемнің әр түкпірінен келген үш мыңға жуық қонақ Қазақстан басшысының әлем жайлы толғанысына тұшынды. Қолдады. Қуаттады. Осыдан-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай еліне сапары сәтті өткенін байқауға болады. Енді осы сапар барысына жеке-жеке тоқталалық. Қытайға қадам басқан Елбасы алдымен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Қазақстан мен Қытай басшылары екіжақты ынтымақтастықты және стратегиялық серіктестікті дамытудың ауқымды мәселелерін талқылады. Сондай-ақ кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі және жаһандық даму мәселелерін талқылау үшін маңызды алаң ретінде алдағы Боао азиялық форумының өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинді Халық өкілдері бүкілқытайлық жиналысы І сессиясының табысты аяқталуымен және оның ҚХР төрағасы болып сайлануымен құттықтады. Өз кезегінде Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан–Қытай қатынастарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғысын білдірді. «20 жылда орасан жолды жүріп өттік. Сіздің арқаңызда біздің әріптестігіміздің берік іргетасы қаланды» деді ҚХР төрағасы. Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың үдемелі өсуі атап өтілді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ҚХР арасындағы сауда айналымы 12,5 пайызға өсіп, 24 миллиард долларға жетті. Сауда айналымын 2015 жылға қарай 40 миллиард долларға дейін жеткізу қажеттігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Кездесу барысында бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Солардың бірі – Тынық мұхитындағы Ляньюньган портынан терминал құрылысы үшін жер ұсыну. «Бұл біздерге Тынық мұхиты өңіріне шығу үшін өте маңызды» деді Елбасы. Бұл теңіз жолы Қытайға да, Қазақстанға да Тынық мұхиты өңіріне шығуды 3,5 есеге қысқарта түседі. Сондай-ақ еліміз үшін маңызды мәселелердің бірі болып тұрған, ол трансшекаралық өзендер еді. Бұл да осы сапар аясында бір шешімін тапқандай болды. «Си Цзиньпин ҚХР-дың Қазақстан экономикасына нұқсан келтіретін ештеңе жасамайтындығын мәлімдеді. Бұл мәселе келіссөздер жолымен шешіледі және біздер жұмыс тобын құрамыз» деді Елбасы. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңейтілген құрамдағы кездесуінен кейін бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ пен Қытайдың халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі комитеті арасында қазақстандық-қытайлық іскерлік кеңесін құру туралы келісімге Қазақстан тарапынан Өмірзақ Шөкеев пен Қытай тарапынан аталған комитеттің төрағасы Вань Цзифэй қол қойса, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ пен CITIC Group арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді, экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастарды нығайту Жол картасын Ө.Шөкеев пен CITIC Group директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Чжэньминь рәсімдеді. Сонымен қатар Қытай ұлттық мұнайгаз корпорациясы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арасында Қазақстан-Қытай мұнай құбырын кеңейту және пайдалану бойынша ынтымақтастықтың негізгі ұстанымдары туралы келісім де бекітілді. Бұл құжатқа «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Д.Берлібаев пен «CNPC» компаниясының президенті Чжоу Цзипин қол қойды. Сонымен қатар ҚР Президенті екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 20 жыл ішінде ауқымды жол еңсеріліп, стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылғандығын еске салды. Мемлекет басшысының атап өтуінше, Қазақстан мен Қытайдың осы жылдар ішіндегі өзара сауда айналымы 25 млрд долларға жетіп отыр. 2015 жылға қарай бұл көрсеткішті 40 млрд долларға жеткізу жөніндегі уағдаластық та бар. «Біздердің негізгі ынтымақтастығымыз – энергетика саласы. Қытай Халық Республикасы Қазақстан мұнайының 25 пайызын өндіреді. Осы жылдар ішінде біздер Қазақстан арқылы 40 млрд текше метрге арналған ауқымды газ құбырын салдық. Өткен жылы менің бастамаммен салынған жаңа мұнай құбырымен шамамен он миллион тонна мұнай айдалды. Қазіргі уақытта осы құбырды кеңейту мәселесі қозғалуда», – деді Н.Назарбаев. Қазақстан мен Қытай басшыларының кеңейтілген құрамдағы келіссөздері барысында Си Цзиньпин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. ҚР Президентінің жыл сайынғы Боао сессиясына қатысу үшін келгеніне ризашылық танытқан Қытай басшысы: «Сіз ТМД мемлекеттері ішінен біздер осы жылы бірінші қабылдап отырған елсіздер. Құрметті Президент, көптеген жылдар бойы Сіз Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты нығайтуға көп күш-жігер жұмсадыңыз. Сіз елдеріміздің қарым-қатынастарының оң қалыптасуына орасан зор үлес қостыңыз. Мен мұны өте жоғары бағалаймын» деп атап өтті. Қытай басшысы осы жылы Қазақстанға арнайы сапармен барып қайтатынын жеткізді. Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ |