АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақстан медиакеңістігі «күрделі жөндеуден» өтеді

Соңғы жылдары мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыру бірнеше есеге өскенімен, олардың халық арасында танымалдығы артпай отыр. Мемлекеттік БАҚ-қа халықтың сенімі де селқос. Сондықтан Қазақстанның медиакеңістігі тұтастай жаңғырудан өтеді. Бұл жөнінде кеше Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткен мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелеріне арналған кеңесте айтылды. 


Аталған кеңеске еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистер, баспасөз қызметінің жетек­шілері, сондай-ақ облыстар мен Астана, Алматы қаласы әкімдерінің орын­ба­сар­лары қатысты.

Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин соңғы жылдары әлемде барлық бағыт бойынша, демократиялық мәдени саладан бастап, әскери, эконо­ми­калық бағыттарға дейін күрделі жағдай сақталып отырғанын атап өтті. Сондықтан жаһандық контекстегі мәселеге жетік болуымыз керек екенін ескертті. «Әлемнің бір бөлшегі ретінде біз барлық өзгерістерді өз басымыздан да өткеретін боламыз. Мұндай өзгерістердің барлығы бірдей, өкінішке қарай, жақсылық әкеле бер­мей­ді. Жер шарының жекелеген өңірлерінде орын алып отырған проблемалар бұл жүз­деген жылдарда болмаған үдерістер» деген М.Тәжин осынау күрделі үдеріс­тер­ден шығуда Мемлекет басшысының «Қазақстан – 2050» стратегиясы бағдары­мызға айналғанын тілге тиек етті. Ел­ба­сының әлем түбегейлі өзгерістерді бастан кешіп отырған уақытта болжам жасап, мемлекет дамуының векторын айқындап бергенін айтқан Мемлекеттік хатшы еліміздің ақпараттық саясаттағы проблемаларды шешуде қандай жұмыс­тардың қолға алынатынын айтып берді. Біріншіден, медиакеңістікті жаңғырту жүретін болады. Себебі сөз басында айтқанымыздай, мемлекеттік БАҚ-ты қаржыландыру бірнеше есе өскенімен, БАҚ-тар жұртшылықтың сеніміне ие бола алмауда. «Бұл бәрімізге белгілі факт. Бүгінгі міндеттерді шешу үшін мемлекеттік БАҚ-тың жиынтық көрермен және оқыр­ман аудиториялары нақты жеткіліксіз. Бірнеше жылдардағы телеарналар рей­тингінде біздің жетекші мемлекеттік арналар сөзсіз лидер болуы керек. Ал дәл бүгінгі жағдай мүлдем басқаша» деді ол. Сөйтіп, табан астында Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Орталық комму­ни­кациялар қызметі мен ішкі саясат бөлім­деріне бюджеттен бөлінген қара­жаттың тиімділігіне сараптама жасап, мемлекеттік БАҚ-тың жыл сайынғы бюд­жетін оңтайландыруды тапсырды.

Мемлекеттік хатшы мемлекеттік БАҚ-тың ақпараттық қызметі насихаттық құ­рамдасқа алмасып кеткенін айтады. «Мұны мемлекеттік ақпараттық тапсырыс­тың орын­далуынан көруге болады. Мә­селен, банктік несиелеу, бизнесті жүргізу, тұты­ну­шы­лар мүддесі үшін тауарлар ту­ралы ақ­парат беру, қоршаған орта туралы мәсе­ле­лер, білім саласындағы саясатты түсіндіру жұмыстарының барлығының орнын тіке­лей насихаттық материалдар басып кетті. Бұл мемлекеттік БАҚ-тың өсуіне жол бер­мейді. Комментарийлер, талдаулар, журна­лис­тік зерттеулердің орнына уралап наси­хат­тық материал жазу оңай, алайда оны ешкім де оқымайды. Мен өткен аптада бірнеше мемлекеттік мерзімді баспасөзге сараптама жасадым. Ондағы 107 мате­риал­дың 104-і насихаттық материал. Мұндайды тоқтату керек деп айтамын» деді ол.
Мемлекеттік хатшы мемлекеттік тап­сырыс аясында кейбiр арналарда нөлдiк рейтингіге ие бағдарламалар көрсетiлiп жатқанын сынға алып, мұны салық төлеу­шiлердiң қаржысын бей-берекет жұмсау деп бағалады. Айтқандай, алдағы уақытта аймақтық телеарналардың жұмысына сараптама жүргізіледі.

«Телеарналарға отандық өнім дайын­дауға қомақты қаржы бөлініп жатыр, алайда рейтингті отандық өнім емес, шетелден сатып алатын қымбат контенттер көтеріп жатыр. Олай болса, не істеуіміз керек? Бізге осы бағытта көп­теген мәселеге жауап беретін за­ма­науи саясат әзірлеу керек. Сондықтан да, Мәдениет және ақпарат министрлігі медиа қауымдастықтарымен бірлесіп, ұлттық медианарықты дамытудың, ең алдымен оның контенттік құрамдасына қатысты ұсыныстарын әзірлеуі керек. Әлемдік қауымдастық алдында Қа­зақ­станның телеарналары шетелдік кон­тентті сатып алып қана отыратындай кө­рінбеуі керек. Тәуелсіздіктің жиырма екін­ші жылында мұндай артта қалып, тек шеттен өнімді сатып алушы болып қа­ла беруге болмайды», – деді М. Тә­жин. Салмақты сараптамалық жанр, пі­кір таластыру алаңына айналған ра­диолардың жоқтығы да айтылды жиын­да. Бұл ретте ұлттық радио таратудың ар­найы бағдарламасын әзірлеу тап­сы­рылды.

Мемлекеттік хатшы тәуелсіз сарап­та­малық бағалаулар журналистердің кә­сіби деңгейінің төмендегенін көр­сеткенін айтады. «Әсіресе, өңірлік БАҚ-та бұл мәселе өткір тұр. Бұған қо­са, елі­мізде экономика, БАҚ және ки­но салалары, медиабизнес, телеар­на­дағы режиссерлік-операторлық жұмыс, тех­никалық мамандықтар, телевидениенің, радио мен киноның, жаңа буын масс-медианың кадрларын даярлау мүлдем жүр­гізілмей отырғанын байқаймыз. Бұ­дан бөлек, интернеттің өзі жур­на­листерге жаңа, заманға сай талаптарды алға жылжытуда. Сондықтан да, Білім жә­не ғылым министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі массмедиа са­ласының кадрлық әлеуетін арт­ты­ратын кешенді шараларды әзірлеуі қа­жет», – деді ол.

Сонымен қатар шетелде жұмыс iс­тейтін тiлшiлерiмiзді сапалы контент беруге бұру қажет деген мемхатшы шұ­ғыл шара ретiнде жетекшi жур­на­листер мен телеоператорлардан мо­биль­дiк топтарды құру керек деп санай­тынын білдірді. Өйткені әлемде болып жатқан оқиғаларды ағылшын, аме­ри­калық, француз, орыс, араб, қытайлық БАҚ арқылы емес, өзіміздің БАҚ-тың өкілдерінен білуіміз керек. «Сонда ғана шы­найы ақпаратқа қол жетеді, – дейді М.Тәжин.

Бұл жиында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ұлт тарихын тереңдете зерделеуге қатысты тапсырмасына орай, «Мәдени мұра» бағдарламасы жал­ғасатыны белгілі болды. Ұлт тари­хын тереңдете зерттеу әлемдік архив­тер­ден басталмақ. Яғни биыл белсенді ға­лымдар тобы ұлттық тарихымызға қатысты қорлар сақталған Ресей, Қы­тай, Иран, Түркия мен Еуропа елдерінің архивтеріне жол тартады.

Ал өз кезегінде сөз алған «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орын­басары Бауыржан Байбек жаңа стратегияда айқындалған басты ба­ғыттарды адамдарға түсіндіріп, олардың толық қолдауына ие болуымыз қажет деген пікірін білдірді. Бұл ретте жуырда «электронды партия» құрылатынын мә­лімдеді. «Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, біз электронды партия құру жұмысына кірісіп кеттік. «Нұр Отанның» ресми сай­ты ақпаратының мазмұны толығып, достық қалыптағы интерфейсті ие­ле­неді. Біз сайлаушылардың мүд­де­сіне жұмыс істейтін боламыз. Сайт ар­қылы азаматтардың өтініштерін қарас­тырамыз, депутаттар мен мемлекеттік органдар басшыларының қабылдауына жа­зылу қолжетімді бола түседі», – деді Б.Байбек.
Тағы бір айта кетерлігі, әлеуметтік жүйе­лердегі жұмыс жанданады, ғалам­тор арқылы жастардан келетін барлық қызықты ұсыныстар «Жас Отан» жас­тар қанатының жұмысында ескерілетін бо­лады. Ал болашақта электрондық пар­тияны мемлекеттік органдардың ақ­параттық жүйелерімен ықпалдастыру да жоспарлануда екен.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Астана

http://www.aikyn.kz