Ресейлік Meduza.io сайтында 2014 жылы қазан айының 20-сында жарияланған «Өскемен халық республикасы. Қазақстандағы орыстар «сыпайы адамдарды» күте ме? мақалада ұлтаралық жаулықты қоздыру белгілері бар деп мәлімдеді инвестиция және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті. Мұны комитетке сілтеме жасаған Tengrinews.kz сайты хабарлады.
«Психологиялық-филологиялық сот сараптамасы жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша материалда Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуалға теріс баға берілгені анықталды. Бұған қоса мақалада ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері мен Қазақстанның территориялық тұстастығын бұзуға жанама түрде шақыру бар» дейді комитеттің баспасөз қызметі.
Комитет 22 қазанда Астананың Есіл аудандық сотынан Meduza.io сайтында жарияланған «Өскемен халық республикасы. Қазақстандағы орыстар «сыпайы адамдарды» күте ме? деген мақаланы ұлтаралық қоздыру белгілері бар-жоғын анықтайтын сараптама қорытындысы шыққанға дейін бұғаулауды сұраған еді.
Meduza.io сайтында жарияланған мақала қоғам арасында теріс реакция туғызған. Оны әлеуметтік желіде «ұлтараздық жанжал қоздыру үшін жазылған арандату бағытындағы материал» деп атаған. Шығыс Қазақстан облысындағы славян ұйымдары Meduza.io сайты жариялаған мақалаға орай ашық хат жариялап, материалды жазған журналист Илья Азаровты «бізден шовинист жасамақ болды» деп айыптаған.
http://www.azattyq.org/archive/news/20150129/330/330.html?id=26819525