Астана. 10 желтоқсан. Baq.kz — Қазақ жеріне кино өнері өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары келгенімен, даму деңгейі баяу болды. Онымен қоса елімізде тек деректі фильмдер ғана түсіріліп отырды. Осыдан бастап Қазақстан тақырыбында көркем жанрдағы фильмдер қажеттілігі туындайды.
Сол жылдары баспасөз беттерінде осындай қажеттіліктер туралы пікірталастар үздіксіз жарияланып отырды. Нәтижесінде 1928 жылы Дмитрий Фурмановтың әдеби шығармасының желісімен «Бүлік» («Мятеж») атты көркем фильм экранға шығады. Бұл картинаның тарихымыздағы орны ерекше, өйткені Қазақстан тақырыбында түсірілген алғашқы көркем фильм болатын. Сценарий авторлары: Михаил Блейман, Семен Тимошенко, қоюшы режиссері: Семен Тимошенко, операторы: Леонид Патлис.
«Бүлік» («Мятеж») фильмінен кадр (1928)
Фильм авторлары әдеби нұсқа ретінде, осы шығарманы алғаны кездейсоқ емес еді. Сол жылдары кеңес үкіметі жаңадан орнағандықтан, өкімет идеясын фильм арқылы терең насихаттау басты міндет болатын. Жазба нұсқадағы келтірілетін революциялық қырағылық, кулактар мен байлардың халыққа қарсы іс әрекеттерін ашу сияқты қасиеттер және сол арқылы таптық күресті нығайту сияқты басты тармақтар экраннан заңды жалғасын табады. Аталмыш фильмнен кейін Қазақстан тақырыбында басқа да фильмдер туындайды.
1929 жылы Алматы қаласында Бүкілресейлік «Шығыскино» («Востоккино») акционерлік қоғамның жергілікті өндірістік бөлімі ашылады. Аталмыш бөлімше материалдарды өңдеу, шағын монтаждау бөлмелерімен жабдықталады.
«Жұт» фильмінен кадр (1931) «Жау сүрлеуі» фильмінен кадр (1935)
Жиырмасыншы жылдармен салыстырғанда отызыншы жылдары Қазақстан тақырыбында түсірілген фильмдер күрт өсті. Бұл тек деректі-хроникалық фильмдерде ғана емес, көркемсуретті киноға да қатысты құбылыс еді. Осы жылдары «Дала әндері» (1930 ж., сценарий авторы Е. Арон, режиссері А. Лемберг), «Жұт» / «Джут» (1931 ж., сц. авторлары С. Ермолинский, М. Каростин; реж. М. Каростин), «Қаратау құпиясы» / «Тайна Кара-тау» (1932 ж., сц. авторлары А. Дубровский, Эль-Регистан; реж. А. Дубровский), «Жау сүрлеуі» / «Вражьи тропы» (1935 ж., сц. авторлары И. Шухов, И. Правов; реж. О. Преображенская, И. Правов) атты алғашқы көркемсуретті фильмдер экранға шығады. Алайда бұл фильмдердің бәрі дыбыссыз болды.
Серке Қожамқұлов Хәкім Дәулетбеков
Есіңізде жүрсін: Қазақ актерлері ішінен ең алғаш фильмге түскен Серке Қожамқұлов (05.05.1896 — 31.12.1979) болды («Дала әндері»). Аталмыш актердың ролі ұлттық киноактерлық мектебінің тарихында алғашқы тәжірибе ретінде жоғары бағаланды. Серке Қожамқұлов бұл фильмде батырақтың образын сомдады. Одан кейінгі шыққан «Жұт» фильмі мен «Қаратау құпиясы» фильміне басты рөлді Хәкім Дәулетбеков (22.03.1910 — 11.01.1983) ойнаған. Бұл екі актер қазақ киноактер мектебін негізін қалаушы алғашқы қарлығаштар болды.
Малик Журчубаев