Соңғы кезде еліміздің тарихына қатысты түрлі сыни пікірлер айтылып жүр. Бұдан бір-екі жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың өзі Қазақстан тарихының оқулықтарда көрініс табуына көңілі толмайтындығын айтқан болатын.
Ал таяуда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Қазақстан Республикасы ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының» кеңейтілген отырысында ұлт тарихын зерделеуге деген жаңа өзгерістерді жіліктеп берді. Осы өзекті мәселе «Түркістан» газетінің жанынан ашылған «Алдаспан» ашық пікірсайыс клубында да кеңінен талқыға салынды. Жиналған тарихшы-ғалымдар өз пікірлерімен бөлісті.
Дидахмет Әшімханұлы, жазушы:
– Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тарих туралы әңгімесі қазақ баласының ғана емес, мемлекеттің әрбір өкілін қуантады деп ойлаймын. Нақты ғылымдар жөнінде де көп талас-тартыс бола бермейді ғой. Ал ғылымдардың ішінде өз икеміне қарай қалай бұрамын десе, икемге көнетін ғылым – ол тарих ғылымы. Кеңес Одағы кезінде тарихты қалай жазғаны белгілі. Иван Грозныйды жақсы білгенімізбен, хандарымыздың тарихын білмедік. Жуырда, бірер ай бұрын Путин тарихшыларды жинап алып, арнайы тапсырма берді. Олар да өз тарихын қайта жазайын деп отыр. Ресей тарихшылары қалай жазатынын мен білмеймін. Бірақ бір нәрсені ішім сезеді. Олар барлығын Ресейдің мақсатымен, баяғы орыстық рухпен жазады. Біздің тарихымыз орыстармен, Ресеймен о бастан бірігіп, біте қайнасып кеткен. Оған қалай баға береді? Кешегі өткен Куликова шайқасына қалай баға береміз, оны біз білмейміз…
Зардыхан Қинаятұлы, тарих ғылымдарының докторы:
– Тарихтың кейбір тұстарын қарап, кең ауқымда баға бергеніміз жөн. Ұлттық тұрғыдан тарихқа бет бұрып, бұрын кемшін қалған тұстарды толтырып, жүйелі, консептуалдық тұрғыдан қарау керек деген мәселелер айтылған екен. Мен бұған өте қуаныштымын. Тарихтың көкжиегін кеңейту туралы айтылыпты. Бұл өте дұрыс айтылған сөз. Тарихшылармен жиі қатынасып жүремін. Талай жерде, талай әңгімелер айтып жүрміз, біздің бүгінгі тарихты қайтадан қарап, қайтадан толықтырып жазу үшін, біз төрт түрлі ауру дейміз бе, содан құтылуымыз керек. Бірінші – өзiмшілдік. Екінші – тапсырыс. Үшінші – өзшілдік. Төртінші – құлдық санадан арылу. Өткенге баға бергенде, өткенді бағамдайтын, жаңа бағыт керек. Мемлекеттік хатшының айтқан сөзіне қарап отырсам, мынадай сөз бар екен. «Өткенді бағаламасаң, келешек сені құрметтемейді». Осыған байланысты, осыдан екі күн бұрын өзім қатысқан тарихшылардың жиынында мынандай мәселелер айтылды. «Өткенді бағалау үшін, Кеңес Одағының кезеңіндегі көптеген мәселелерді қайтадан көтеруіміз керек, қайтадан жетілдіруіміз қажет» деген сөздерді естіп қалдым. Онда, мысалы, біраз әңгімелер айтылды. Ресей бізді қоқандардан қорғап қалды. Кенесары Қасымовтың көтерілісі – ол ұлт азаттық қозғалысы емес. Феодалдың өзінің феодалдық жүйесін жасау үшін жасаған көтерілісі деп қарау керек деген сияқты мәселелер қаралды. Сонымен қатар кеңес кезіндегі ананы қайта қарау, мынаны қайта қарау керек деген сияқты түрлі мәселелер айтылып жүр. Мен осы тұстан сәл сескеніп қалдым. Неге дейсіздер ме, Кеңес Одағының кезіндегі, яғни сол беттік тарихта айтылмаған дүниелерден бір нәрсе жоқ. Батырып, көркемделіп, ол тарих жазылды. Жазылмай қалған тарих ше? Ұлттық тарих ше? Ұлттың менталитеті бар, ұлттың этногенезінің динамикасын көрсеткен ұлттық тарихты жазуға Кеңес Өкіметі мүмкіндік бермеді. Қазақ Кеңес Одағының кезінде айтылған мүмкіндігін әлі іздеп біткен жоқ. Әлі түгендеп біткен жоқ. Сондықтан менің ойымша, қазақтың ұлттық мүддесін, ұлттық құндылықтарын түгендеп, ұлттық тарихтың кемшіл тұстарын түгендеу әлі де жалғасады. Өткенге, әсіресе, кеңестік тарихқа кеңірек бет бұрып кетер болсақ, ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Осыны ескерсе екен деп ойлаймыз. Бүгінгі тарихта Қазақ хандығы туралы мүлт кеткен дерек бар. Қазақ хандығы 1456 жылы құрылды деп қате айтып жүрміз. Оның дәл уақытын көрсеткен Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегі. Дулати өз еңбегінде хижра жыл санауы бойынша 870 жыл деп көрсеткен. Бұл біздің жыл санауымыз бойынша, 1465-1466 жылдарға сәйкес келеді.
Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы:
– Біз жалпы, соңғы екі-үш ғасырда, бір емес, әлденеше рет жеңілген ұлтпыз. Өкінішке қарай, солай. Арыға бармай-ақ қояйын. Белгелі XIX ғасырға келер болсақ, Кенесары бастаған қозғалыс. Оның финалы өте трагедиялы болды ғой. Ол – үлкен жеңіліс. Үш жүздің басын қосып, жердің тұтастығын сақтаймын, барлығын қалпына келтіремін деген қозғалыс еді бұл. Кенесары ханның көтерілісіне ұлттық көтеріліс деп баға беруге қарсы топтар әлі бар. Кенесары өзінің Ресей патшасына жазған хатының бірінде «Менің атам хан Абылай тұсында сіздер Ертістен бері енбегенсіздер. Шекара сол жермен шектелген. Қазір Қазақстанның жерін басып алдыңыздар. Соны қазаққа қайтарыныздар» деген сыңайдағы пікірін ашық мәлімдеген. Ендеше ол неге ұлттық көтеріліс емес?
Захаңның сөзінің жаны бар. Біз осындай дүмбілес тұжырымдар мен ойлардан арылуға әрекет жасауға тиіспіз. Одан кейінгі 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс. Ол да жеңіліс. Ұлттың жеңілісінің бәрі – жеңіліс. 1931-1932 жылы көтерілістер – бұлар да жеңілістер, сондықтан біз қазір қандай терең құздан шығып келе жатқанымызды түсіне бастадық. Ұлт азаттығы үшін күресте тек қана халық жеңілген жоқ. Тарихы да жеңілді. Бағзы замандардағы бір данышпанның айтқан сөзі бар екен: «Тарихты жазуға тапсырысты жеңген адам береді» деп. Расында тарихты жазуға жеңілген адам берілмейді. Кеңестік дәуірде біздің тарихымыз осы ұстаным тұрғысынан жазылды деп ойлаймыз. Қазақстан тарихы Москвада төрт рет талқыға түсіпті. Бірде-бір республиканың тарихы мұндай талқыға түскен емес.
Талқыға түскен Қазақстан тарихы ғана. Ең алғаш рет Алматыда Голощекиннің тапсырысы бойынша дайындалған бір кітап болған. Ол Брайнин мен Шапироның Алаш тарихына қатысты жазған кітабы. Сол кітап үлкен талқыға түсті . Кейінірек, 1944 жылы «История Казахский СССР » атты жинақ талқыға түсті. Бұл жинақ – Ресей авторлары мен қазақ ғылымдарының бірігіп жазған алғашқы жинағы. Бұл кітапты талқылауға басшылық жасаған сол кездегі Орталық комитеттің хатшылары Щербаков, Молотов болатын. Әрине, оның арғы жағында Сталин отыр. Сол талқылау барысында бір сөз айтылды. «Соншалықты талқыға салатындай бұл қандай таңдаулы халық?» деді.
«Избранный народ» – әлем тарихында біреу. Бұдан кейін Бекмахановтың монографиясы таныла түсті. Оны Ғылым академиясының тарих институты талқылады. Одан кейін Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ»-сы 1976 жылы талқыға түсті. Мұны тарих бөлімі мен филология бөлімі бірігіп талқылады. Осылайша қазақ тарихы төрт рет талқыға түсті . Бұл жай талқы емес. Бұл дегеніміз – ұлт тарихына жасалған шабуыл. Ұлт тарихына бағыт-бағдар беру деген сөз. Соған мәжбүрлеу деген сөз. Біздің тарихымыз жеңілген тарих. Мұны мойындауға тиіспіз. Кезінде осындай халде, осындай жағдайда жазылған тарихты қайта қарау, қайта қорыту қажет. Бәрін болмаса да, халықтың кейбір өзекті мәселелерін қайта талқыға салу қажет. Осы тұрғыдан келген кезде, Мемлекеттік хатшының айтқан ойлары орынды, негізді, дәлелді.
Бір нәрсе айту керек, Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің баяндамасы жақсы шықты деп ойлаймын. Әрине, Мемлекеттік хатшының баяндамасында айтылмаған нәрселер де бар. Бұл жерде мақсат мынада: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сенде түзел» демей ме Абай. Мемлекеттік хатшының айтпаған ойларын біз айтуымыз керек. Мемлекеттік хатшы көрсеткен бастаманы іліп алып кетуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде, тарихшылардың айтатын ойлары бар деп ойлаймын.
Бейбіт Қойшыбай, тарих ғылымдарының кандидаты:
– Мемхатшы іргелі мәселелерді көтерді. Ғалымдар тарихты зерттеуде жаңа әдістемені пайдаланбай жүр деді. Ол қазіргі тарих ғылымына таным әдістерін сыни тұрғыда қайта қарау талабы қойылатынын еске салды. Бүгінгі тарихшы-ғалым тек фактілерді тізіп, суреттеп беруші, оқиғаларды түзіп, тіркеуші ғана емес, зерттеуге алынған нақты қоғамның құндылықтарын, ережелерін, ахлақи келбетін түсініп, аша алатын пайымдаушы болуға тиіс деді ол. Сонда ғана ұлттық тарих өзінің күллі күрделі де бірегейлігімен жаңғырып, еліміздің болашағын бекемдеуге қызмет ететін рухани азыққа айнала алады. Біз бұған кәміл сенеміз. Солай болуға тиіс. Осы орайда ел Президентінің халқымызға тұңғыш рет 1996 жылы жасаған Жолдауында «өз тарихымызды жаңаша оқудың негізінде ғана ұлттық идеяны қалыптастыра алуымыз мүмкін» екенін атап айтқанын еске ала кету орынды. Тарих ғылымын дамытуға тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ осылайша зор маңыз берілген. Алайда тарих арқылы ұлттық идея қалыптастырылыпты деген хабар бүгінге дейін естілген жоқ, демек, отандық тарих ғылымын дамытудағы жаңа кезеңнің бұл реттегі міндеттерін терең түйсініп, батыл зерделеу парыз.Жаңа әдістемемен қарулануды – советтік дәуірдегі дәстүрлерден біржолата бас тартып, ұзақ жылдар ой-сананы билеген евроцентристік көзқарастан іргені аулақ салу, төл тарихыңды өзіңнің ұлттық-мемлекеттік мүддең тұрғысынан, жалпыадамзаттық тарих түп мәтінінде, әділ, объективті түрде қарастыру деп білген дұрыс. Мәселен, халқымыздың Ұлы Даланы төрт мың жыл бойы мекендеп келе жатқанын, содан бергі әр кезеңде әртүрлі атаумен аталған мемлекеттік құрылымдарды түзгенін, этностық бет-бейнесінің және мемлекеттігінің Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін, Жошы ұлысы кезінен жаңа тұрпатта қалыптаса бастағанын, бұл тарихи үдерістің Ақорда тұсында нақтылана түсіп, ақыры, тарих сахнасына бүгінгі өз атымен шығудың негізін 1456 жылы қалағанын түбегейлі дәйектеп, батыл тұжырымдау қажет. Күрделі геосаяси ахуалда ұлан-ғайыр кеңістікті алып жатқан алып елімізді оңтайлы басқару, сыртқы күштерге төтеп беруді қамсыздандыру мақсатында Тәуке хан жасаған реформаны дұрыс талдап, түсіндіру жөн. Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруге ұмтылған 19 ғасырдың 40-жылдарындағы әйгілі Кенесары хан қозғалысы тарихтың қаһармандық беттерін құрайтыны мәлім. Ал сол ғасырдың басында ұйысқан Ішкі Орда, яғни Ресей империясының тіке өз ішінде, өз аумағы есептелетін жерде шаңырақ көтерген қазақ автономиялық құрылымы – Бөкей хандығы – жері де, халқы да шағын әрі ғұмыры қысқа болғанмен, сол кезгі өркениетке сай, империя құрамында мүмкіндік берілген деңгейде ұлттық мемлекет орнатудың үлгісі іспетті-тін. Бұл белесті де әділ талдауға алу ләзім. Егер біз ұлттық тарихымызда халқымыздың атамекенінің қазіргі аумақтан әлдеқайда кең болғанын көрсетіп, оның тарылу себептерін, қазақтың экономикалық тұрғыдан тартылу орталығы болып тұрған ірі қалалардан айрылу себептерін, халқымыздың көп жағдайда жасанды сипат алып үш дүркін соққан ашаршылық сынды зұлмат салдарынан ұлттық апатқа ұшырағанын, солайша босатылған кеңістікте орын тепкен лагерьлерде казармалық социализм көрігі қыздырылғанын, жерімізге түрлі желеулермен өзге жұрттың лек-легімен көшіріп әкелінгенін, тиісінше олардың жергілікті ел-жұрттың тарихи құқықтарының шектелуіне жанама түрде болса да әсер еткенін ашып түсіндіре алсақ – онда тарихымыздың қасіретті сәттері мол мұндай әділ, шынайы беттері, сөз жоқ, бүгінгі көп этносты еліміздің бірлігін арттыра түсуге қызмет ететін болады.
Ахмет Тоқтабай, тарих ғылымдарының докторы:
– Соңғы кездері Қазақстанды Ресейдің отарлауы жұмсақ болды, болмаса, гуманист болды деген пікірлер жиі айтылып жүр. Жазылып та жатыр. Негізінде, Ресейдің отарлауы дүниежүзіндегі барлық отарлаудың әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы болған орыс империясының аса зұлымдығы мен жүзеге асырылды деп айтамыз. Оған бір ғана мысал, К.Маркс пен Ф.Энегельстің бүкіл еңбектері орыс тіліне аударылды. 55 том болып шықты. Оны біз студенттік кезден білеміз. Соның ішінде бір аударылмаған нәрсе бар. Маркстың «Тайная дипломатия» деген еңбегі бар. Ол К.Маркс пен Ф.Энгельстің Берлинде шыққан толық шығармалар жинағының он бесінші томында. Сонда бүкіл империализміне, орыс саясатына, керек десеңіз, орыс халқына мінездеме береді. Орталық Азияны, оның ішінде Қазақстанды қалай жаулап алғаны айтылады. Қандай қулық-сұмдықпен, қандай алдап-арбаумен жасалғанын айтып отырып: «Орыстың шовинизмі шегіне жеткенде, ол садизмге айналады» дейді. Біз осындай орыстың отарлауын айтып келеміз де, орыс отарлауын гуманистік деп, темір жол салды деп айтамыз. Осындай сөздерге әуеспіз. Соңғы кездері, біздер этногрофтар, Қазақстан тәулсіздік алғаннан кейін шетелдегі қазақтарды зерттеу басталды. Бірінші, бес-алты жыл Моңғолия қазақтарын зерттедік. Одан кейін Қытай, Өзбекстан қазақтарын. Қазақтарды зерттей жүріп, көз жеткізген бір нәрсе, қазақтар қаншама дүниесінен айырылған. Жұрдай болған екенбіз. Әуелі орыстың отарлауы келді, одан кейін коммунистердің отарлауы. Көрші Моңғолиядағы қазақтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы, салты, бүкіл қазақтың қаймағы бұзылмаған дәстүрі бар. Осы Моңғолияны зерттеп келгенде, қазақ тарихындағы ең қанды жер – «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейінгі 1929-1931 жылғы аштық. Әдейі қолдан ұйымдастырылған аштық. Большевиктерге қазақ халқы керек болған жоқ. Оларға жер қажет болды. Бос Қазақстан қажет болды. Бос Сарыарқа керек болды. Содан кейін 1956 жылы тың игеруді желеу етіп, екі миллион адамды қазақ қырылған жерге орналастырды. Қытайдағы қазақтарды зерттедік.Олар талай жағдайларды бастан кешті. Бірақ соған қарамастан, Қытайдағы қазақтар тап біздегідей емес екен. Біздегідей этномәдениетінен, біздегідей тарихынан, біздегідей ұлттық құндылығынан айырылмаған екен. Мен соған таңғалдым. Соңғы кездері шетелдегі қазақтарды зеттей отырып, сол жақтағы ұмытылып қалған ұлттық құндылықтарымызды жинай бастадық. Тарих институтының басшылығы жиырма томдық кітап шығармақ. Сол жиырма томдықтың екі томы осы шетелдегі қазақтар туралы болады.
Нәбижан Мұхаммеджанұлы, тарих ғылымдарының докторы:
– Ұлттық тарихты жазу – ұлттық этногинезімізде жатыр. Қайдан пайда болдық, қалай тарадық, қандай тарихи кезеңдерді бастан кешірдік? Сондықтан бұл мәселенің көтерілуі біздің тәуелсіздігіміздің жиырма бір жылдан бері қарай тарих ғылымының даму кезеңдерінің жаңа кезеңге көтерілгенін көрсетеді. Әлемдік тарихи процестерде өзімізді қоя отырып, ұлттық тарихымызды саралауымыз керек. Қазақ халқы не үшін жойылып кетпеді? Бұл жерде Мемлекеттік хатшы жақсы айтып отырды. Біздің ұлттық болмысымызды, мінезімізді тани білуіміз керек. Қандай тарихи кезеңдерді бастан кештік? Кешегімізді нақты бағамдай білсек бүгінімізді дұрыс анықтайтын едік. Бірде-бір мемлекет өзінің территориясы бойынша қалыптасқан емес. Оның кеңейген кезеңдері бар. Мемлекет болған соң кейде күшейеді, шарықтайды, кейде әлсірейді. Әлем тарихында бар дүние. Қытайдың бес мыңжылдық тарихы бар. Біртұтас Қытай болды ма? Қырық мемлекет болған кезі болды. Жеті мемлекет болып күрескен кезі де болды. Ол мемлекеттердің уақыты он-жиырма жыл емес, екі жүз жылға дейін уақытты қамтыған кездері бар. Біз біртұтас халықпыз дейміз. Кейбір кезде күшейген кезіміз боды, кейбір кезде әлсіредік. Бірақ бізде рулар, жүздер арасында қарулы қақтығыстар болған жоқ. Қоғам болғаннан кейін ішінара қарама-қайшылық болады. Тағы бір нәрсе, ешқашанда төңіректегі халықтарға агрессия жасаған халық емеспіз. Тек қана қорғаныста болдық. Кейде шабуыл арқылы да қорғануға болады. Қазір біз жаңа тарихи кезеңнің бастауында тұрмыз. Ол – мәңгілік мемлекет идеясы. Біздің мемлекеттік идеямыз неде болуы керек? Ұлттық идеологиямызда болуы керек. Осыны қалыптастыратын кезең келіп жетті. Сондықтан менің айтайын деген ойым, нағыз тарихшыларға сынақ келіп тұр. Мұны тарихшыларға ғана берген сынақ емес. Ғылым саласындағы барлық адамдарға берілген сынақ деп ойлаймын… Ендігі міндет – жаңа сипатта, ұлттық мүдде тұрғысынан жаза беруімізде.
Қайрат Әлімғазиев, тарих ғылымдарының докторы:
Мемлекет іргетасы бұдан да былай нық болуына – тарих ғылымының рөлі зор. Кей кезде орын алатын тарихты бұрмалау, ұлт тарихын дүниежүзі тарихи процестерден тыс қарастырып, «ерекшелендіруі» – жаһандану заманында ұлттық мүдде мен мемлекеттік идеяны, тарихи зерттеу принциптерден алшақтап – оқиғаға, тарихи дерек, тарихи факті араларын тепе-теңдікпен өлшеу – бұл методологиялық ұстаным негізінде деректерді жан-жақты талдап жүргізілетін тарихи зерттеу жұмысы бар екендігін түсінбеу деп қабылдауға болады. Тарихи зерттеулердегі қазіргі номотетикалық әдісті, яғни кеңестік тарихнамадағы маркстік пайымның орнына келіп, тарихи зерттеудегі феноменологиялық бағытты – өткеннің адамын тану арқылы тарихи құбылысқа талдау жасауға ұмтылуы деп бағамдаған жөн.
Шәмек Тілеубаев, тарих ғылымдарының кандидаты:
– Тәжиннің баяндамасы тарихшыларға үлкен сын болды. Бізге бағыт беріп отыр. Ендігі үлкен жауапкершілік тарихшыларда. Қоғамдық, гуманитарлық ғылым салаларына да. Осы уақытқа дейін тарих қалай жазылып келді деген мәселе бар. Кезінде І Петр «кез келген бұратана халықтың тарихы Ресейдің мүддесі тұрғысынан жазылу керек» деген екен. Кешегіге дейін солай жазылып келді. Тек егемендік алған жиырма жылдың ішінде ғана біраз деректер, көзқарас пайда болды. Бейбіт аға айтып өтті, Жоңғар шапқыншылығы тұсындағы Тәуке хан заманына байланысты. Ол кез өте ауыр заман болды. «Тәуке хан неге билер институтын құрды, неге «Жеті жарғыны» шығарды?» деген мәселеге келсек, мемлекеттік ішкі басқаруда алауыздық туындаған соң барды. Бұл үлкен сабақ болатын нәрсе. Тәуке хан мемлекеттік басқаруда соны ұстап тұруға тырысты. Ал жан-жаққа тартқан кезде біздің халық басқарусыз қалды. Билеуші топ өкілдері халқты ұйыстырып, шапқыншылыққа қарсы әдісті танытты. Ішкі алауыздықты дұрыс түсінген. Тарихтан сабақ алу керек. Содан кейін қазақ халқы ес жия алмады. Орыстың илеуіне түсті. Абылай ханның заманында Қазақ хандығын орыстар мойындаған жоқ. Одан кейін отарлық кезеңде орыс империясының құрамында болғанда дейді, өз еркімен дегенді алып тастап еркімен дейді. Біз жаулап алу саясатын ашық айтуымыз керек. 2002 жылы Ресейдің кітабында бұл ашық айтылған, ал біздің тарихшыларда жалтақтаушылық бар. Ал орыс тарихының бізге қатысты жерін қарағанда, империяшылық кезеңде бәрінде Ресей тұр. Ал Түркістан, Жетісу өлкесінде 1916 жылғы көтерілістен кейін жүз мыңнан астам адам аштан қырылып қалды. Бұл көтерілістің негізін қалаған патша билігі. 1916 жылы қазан айында көтерілістен кейін автономия құру мәселесі қарастырылған. Бұл тарихта айтылмай жатыр. Сосын репрессия тұрғысында қазір көптеген деректер ашылуда. Осы жағына мемлекет тарапынан қолдау болса дейміз. Парламентке де хат жаздық. Деректер әлі де дұрыс ашылмауда. Тың деректерді қорытып, ғылыми тарихты дұрыс жазу керек. Көп жағдайда бір нәрсені айқайлап айтамыз. Оған тарихшының кәсіби дайындығы үлкен рөл атқарады. Тарихшы деректің астарына үңіліп, салыстыра отырып, сараптама жасау керек.