АЛТЫНОРДА
Новости

«Қазақстан» телеарнасы шетелдік телехикаялардан бас тартуда

e09cf51e163b8db1d3176b8f7042aa7b«Қазақстан» ұлттық арнасы шетелдік телехикаялардан бас тартуда, деп хабарлайды «Айқын» газеті телеарнаның басқарма төрайымының орынбасары Ләззат Жүнісоваға сілтеме жасай отырып.

«Қараша айының 11-інен бастап «Қазақстан» телеарнасы хабар тарату кестесі өзгертіледі. «Қазақстан» басқарма төрайымының орынбасары Ләззат Жүнісованың айтуынша, шетелдік телехикаялардың көлемі қысқартылып, олардың орнына сапалы отандық өнімдер ұсынылмақ. Жалпы, бұл игі бастаманың арқасында ұлттық арна 60 млн теңгені үнемдейді екен. Бұл қаржы қазақша жобалар жасауға жұмсалатын көрінеді», деп жазады басылым тілшісі.

– Бүгінгі таңда телевизия нарығында отандық өнімдерге деген сұраныс артып келетінін ерекше атап өткіміз келеді, – дейді Ләззат Жүнісова: «Осыған орай 2013 жылдың шілде айынан бастап ұлттық арнадағы шетелдік телехикаялардың ретрансляциясын қысқарта бастадық. 2013 жылы сырттан әкелінетін өнімдердің көлемі жалпы хабар тарату көлемінің 4 сағатын құрады. Бұл жалпы хабар тарату көлемінің 19 пайызына тең. 2014 жылы біз осы тектес сериалдарды көрсетуді 1 сағат 40 минутқа дейін қысқартпақпыз. Яғни, бұл жалпы хабар таратудың 7 пайызын құрамақ. Өз кезегімізде біз шетелдік өнімдердің көлемін қысқартып, олардың орнын отандық өнімдермен толтырамыз» – дейді.

Ұлттық арна өкілдерінің мәліметінше, 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап «Қазақстан» арнасы қазақ тілінде хабар таратуға өткелі бері көрермендердің арнаны қарау деңгейі 53 пайызға өскен. Бүгінгі таңда телеарнаның өсу көрсеткіші тұрақты. Бұл орайда Ләззат Жүнісова: «Тұрғындары 100 мыңнан кем кішігірім қалалар мен шалғай елдімекендерде қазақтілді және орыстілді аудиторияның тамашалауы бойынша «Қазақстан» Ұлттық арнасы көш бастап отыр. Ал республика бойынша берілетін мәліметтерге сенсек, ірі қалалардың орыстілді аудиториясының арасында ұлттық арна екінші орынды иемденсе, қазақ аудиториясы арасында бірінші орынға ие» – деп мәлімдеді.

«Қазақстан» Ұлттық арнасының директоры Ілияс Ысқақовтың айтуынша, биыл 12 жаңа бағдарлама ашылып, көрермен көңілін жаулап отыр. Сондай-ақ, 2011 жылы ұлттық арнада небары 1 сериал түсірілсе, 2012 жылы бұл көрсеткіш 12 сериалға дейін жеткен. Бүгінде «Қазақстан» арнасында көрсетілетін «Алаң», «Әйел бақыты» ток-шоулары мен Нұрлан Қоянбаев жүргізетін «Түнгі студияда» бағдарламасы жоғары рейтингтерге ие болса, «Ұлжан», «Олимп шыңы» телехикаялары да жақсы қаралыпты. Бұл орайда телеарна өкілдері рейтингтің өсуіне отандық телехикаялардың қосқан үлесі сүбелі деп отыр. Естеріңізге сала кетсек, бүгінде «Қазақстан» корпорациясына 24 БАҚ кіреді, оның ішінде «Мәдениет», «Балапан», «Қазақстан», «ҚазСпорт» телеарналарымен қатар, 4 радио, 1 ақпарат агенттігі, т.б. ақпарат құралдары бар.

 

http://bnews.kz/kk/news/post/168464/