2015 жылдың 20 наурызындағы жағдай бойынша Қазақстанда 138,6 млрд. теңгенің мүлкі мен қаржысы заңдастырылды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Мүлікті заңдастырудың негізгі үлесі республика бойынша мүлікті заңдастыруға тиесілі. Бұл салада 109,5 млрд. теңгенің мүлкі заңдастырылды. Оның ішінде 65 пайызы тұрғын үй қорының нысаны. Бұдан басқа, шет елдегі 113,1 млн. теңгенің мүлкі жария етілді.
Бюджетке мүлікті заңдастырудан 1,2 млрд. теңге түсті.
Мүлікті жария ету бойынша, заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып отыр, онда заңдастыру субъектілері үшін одан да қолайлы әрі тартымды процедуралар механизмі қайта қарастырылмақ.
Ал, Алматы тұрғыны Араб Әмірліктеріндегі жалпы құны 370 млн. теңге болатын мүлкін заңдастыруға ниет білдірген. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық Мемлекеттік кіріс департаментінің баспасөз хатшысы Дәурен Нұрғожаев мәлім етті.
«Әзірге жеке тұлға мүлікті заңдастыру туралы өтінімін өткізуге құжат жинауда. Осыған сәйкес мүлік құнының 10 пайызы бюджетке түседі деп күтілуде», — деді Д.Нұрғожаев.
Оның айтуынша, осы аптада Алматыда алғаш рет шетелдегі мүлікті заңдастыруға өтінім қабылданды. Қала тұрғыны Дубайдағы құны 100 млн теңге болатын мүлкін заңдастыруды ниет еткен. Аталған соманың 10 пайызы бюджетке аударылды.
Жалпы алғанда, Алматыда Қазақстан Республикасы аймағындағы мүлікті заңдастыруға 4 мың өтінім түскен. Олардың ішінде 2 мыңнан астам адам жалпы құны 27 млрд болатын мүлкін заңдастырып алды.
Әзірге аудандар арасында Алатау ауданы көш бастап тұр. Мұнда жалпы сомасы 18 млрд теңге болатын 1800 өтінім түскен. Медеу ауданының тұрғындары 5 млрд теңге болатын 800 өтінім ұсынды
http://zhebe.com/