Қазіргі уақытта ел тұрғындары үшін жылжымайтын мүлік (пәтер немесе тұрғын үй) сатып алу мақсатында ипотекалық кредит алу күннен-күнге қиындап барады. Сонда Қазақстан банктері ипотекалық дағдарысқа ұшырай бастағаны ма, қалай?
Бұған ең алдымен, банктердің тұрғындарға ипотекалық несие беруден бас тартуы үлкен кедергі келтіріп отыр. Тіпті кейбір банктер ипотекалық несиені берудің шарттарын анағұрылым қиындатып жіберді. Мысалы, несие беру жағынан халықтың көңілінен шығып жүрген банктің бірі – «Қазкоммерцбанк» басшылары үстіміздегі жылғы қараша айынан бастап ипотекалық несие беруді үзілді-кесілді тоқтатты. Банк сарапшыларының пікірінше, көп көлемде-гі қаржыны ұзақ мерзімге – 20 жылға қарызға беру банк үшін тіпті де тиімді болмай отыр. Бұл жөнінде «Қазкоммерцбанк» АҚ-тың кредит беру департаментінің басшысы Жұмабек Мамұтов: – Рас, біздің банк біраз уақыттан бері теңгемен ұзақмерзімдік несие беруді тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл қаржы нарығында орын алып отырған проблемалармен тығыз байланысты. Дегенмен ұзақмерзімдік несие беруді тоқтатып қана қоймай, оның тиімді жолдарын да іздестірудеміз. Мәселе қалай шешілсе болды, ұзақмерзімдік кредит беруді қайта жандандыруымыз мүмкін, – дейді.
Алайда көпшілікті толғандырған ипотекалық кредит беру мәселесі туралы басым көпшілік банктердің қызметкерлері әзірге, жұмған ауыздарын ашпай отыр. Ал Қазақстанның ипотекалық компаниясы тұрғын үй сатып алуға бөлінген кредиттердің соңғыларын тұрғындарға беруде. – Алдағы жылдан бастап тұрғын үй сатып алуға берілетін ұзақмерзімдік кредит беруді толық тоқтатамыз. Өйткені тұрғын үй бағасының күрт қымбаттауына байланысты елдің кредит алуға деген ынтасы азайып барады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, бұған жалақының бастапқы қалпында қалуы және кредитті қайтару барысында төленетін қаржы пайызының көп жылдан бері қаралмауы да себеп болып тұр, – дейді Қазақстанның ипотекалық компаниясының мамандары. Ал экономист Мирас Бәйтенұлының пікірінше, банктердің ұзақмерзімдік ипотекалық кредит беруден бас тартуының басты себебі басқада көрінеді.
– Мысалы, бір банк сан мыңдаған тұрғынға теңгемен ұзақ мерзімге ипотекалық кредит берді делік. Егер күтпеген жерден теңге девальвацияға ұшырай қалса, сөз жоқ, әлгі банк мұның зардабын тартады. Бұған қоса, банк атаулының ұзақмерзімдік кредит беруді уақытша болса да тоқтата тұруы – қаржы нарығындағы қалыптасқан жағдай. Сондықтан бүгін-ертең немесе таяу уақытта ипотекалық несие нарығында ілкімді «қозғалыс» болуы мүмкін деп айту өте қиын, – дейді Мирас Бәйтенұлы.
Бұл тұста несие мәселесін зерттеп жүрген сарапшылардың мына бір ой-пікіріне де назар аударған жөн. Олардың айтуынша, халық арасында қаржы мәселесіне қатысты ежелден қалыптасқан бір жайт мынандай. Егер ойламаған жерден жылжымайтын мүліктің бағасы күрт аспандай бастаса, әліптің артын бағып, қаржысын қолында «уыстап» отырған бәзбіреулер қолындағы бүкіл қаржысын дереу өздері ұнатқан жылжымайтын мүлікті сатып алуға жұмсайтыны ақиқат. Сөз жоқ, мұндай уақытта қаржы нарығындағы сең өздігінен қозғалып, тұрғындар абыр-дабыр күй кешетіні анық. Өйткені қаржы нарығының заңы осындай!
Экономист-сарапшылардың енді біреулері елімізде әлі күнге ипотекалық кредитке деген сұраныс өте үлкен екендігін айтып даурығуда. – Қазір қай аймаққа барсаңыз да үйсіз-күйсіз, тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген тұрғындарды байқайсыз. Себебі Қазақстанда жыл сайын бар болғаны алты, жеті миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Ал бұл – халықтың тұрғын үйге деген сұранысын қанағаттандыра алмауда. Менің ойымша, ел Үкіметі жыл сайын салынатын үйдің ауқымын 10 – 12 миллион шаршы метрге жеткізгені абзал. Сондай-ақ ипотекалық кредиттің пайыздық мөлшерін анағұрлым төмендету арқылы тұрғын үй мәселесін шешуге болады. Әйтпесе, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалуы әбден мүмкін, – дейді экономист Олжас Құдайбергенов. Экономист айтқан тағы бір маңызды мәселе, дәл қазіргі күні жаңадан салынып, пайдалануға беріліп жатқан үйлердің кем дегенде 20 – 30 пайызы ипотекалық кредит жағдайында сатып алынуда. Демек, ипотекалық кредит мәселесінде қолдан дағдарыс жасаудың еш қажеті жоқ. Ең бастысы, егер ұзақмерзімдік ипотекалық кредит беру тоқтатылған жағдайда тұрғын үйлерді сатып алу көрсеткіші де күрт бәсеңдейді. Ал бұл – кең-байтақ елімізде көпқабатты тұрғын үй салу қарқыны бүгін болмаса да, күні ертең тұралайды деген сөз.
Молдахметұлы Жомарт
http://www.aikyn.kz/articles/view/35635