АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақстанда лаңкестікке қарсы өңірлік комиссиялар құрылуда

АСТАНА. 6 ақпан. BAQ.kz – Экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа заңнамалық түзетулер Қазақстанның облыстарында лаңкестікке қарсы өңірлік комиссиялар құруға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің сайты.  Олардың міндеті жер-жерлерде алдын алу жұмыстарын жүргізу болып табылады.

 

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйытқы болып отырған жаңа түзетулердің басты мақсаты лаңкестікке қарсы іс-қимылдардың мемлекеттік жүйесінің құқықтық негіздерін жетілдіру болып табылады.

«Заңнамалық түзетулер, бүгінде тек нақты қылмыстық әрекет ретінде ғана емес, ең алдымен күрделі әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде қабылданып отырған лаңкестікпен күресудегі кезекті қадам болып табылады», — деп атап көрсеткен болатын Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қабдолкәрім Әбдіқазымов бұған дейін.

Елімізде қазіргі таңда лаңкестікке қарсы іс-қимылдар саласындағы жедел жағдай шиеленісті. ҚР ҰҚК ақпараты бойынша, 2011-2012 жылдары 35 зомбылық акциясының жолы кесілді, 42 экстремистік топтың құқыққа қайшы әрекеттері тоқтатылды. Бірақ та, экстремистік мазмұндағы 18 әрекетке, оның ішінде жарылыс құрылғылары пайдаланылған 7 қылмысқа тосқау қойып үлгерілмеді.

Мемлекет басшысы 2013 жылдың 4 қаңтарында қол қойған жаңа заң лаңкестікке қарсы іс-қимылдың заңнамалық негіздерін дамытудың маңызды кезеңі болып табылады. ҰҚК енгізіп отырған түзетулер қоғамды лаңкестердің құқыққа қарсы әрекеттерінен қорғаудың басты ұстыны болып отыр.

Бұл нормативтік құжат «зомбылық идеологиясына» қарсы іс-қимыл жөніндегі нақты қадамдарды қарастырады.

ҚР ҰҚК ақпараты бойынша, жер-жерлерде профилактикалық жұмыстарды тиімді жүргізу үшін лаңкестікке қарсы комиссиялар құрылуда және оларға сәйкес әкімдер жетекшілік ететін болады. Себебі, күш-қуат және құқық қорғау органдарының аумақтық бөлімдеріне қарағанда, жергілікті атқарушы органдар күш-құралдар, материалдық ресурстар сияқты үлкен мүмкіндіктерге ие.

Қарастырылған түзетулердің қатарында — адамдар көп жиналатын нысандарда қауіпсіздіктің қосымша шараларын енгізу шарты бар. Тағы бір негізгі бағыт бойынша, нақты халықаралық лаңкестік және діни-экстремистік ұйымдармен күресуге күш-жігер жұмылдыру мәселесі қарастырылуда.

«Қазіргі таңда ең үлкен қауіп төндіріп отырғандар — орталық-азиялық өңірде «халифат» құруды көксеген және ауған-пәкістан шекарасы төңірегінде орналасқан лаңкестік ұйымдар», — деп хабарлады Қабдолкәрім Әбдіқазымов бұған дейін Мәжілістің Заң шығару және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында сөйлеген сөзінде.

Сондықтан да, құқық қорғау және күш-қуат құрылымдарын лаңкестік қатерлерді тойтаруға дайындықтарын қалыптастыру осы жұмыстың басымдықты бағытының бірі болып табылады.

Жалпы алғанда, енгізілген түзетулер лаңкестікке қарсы іс-қимылмен айналысатын мемлекеттік органдардың өкілеттіліктерін нақтылауға, лаңкестікке қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы бұзудың жауапкершілігін күшейтуге, және ең бастысы лаңкестіктің алдын алу жөніндегі шаралар кешенін жетілдіруде бағытталған.

http://www.baq.kz/news/22912