АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақстанда жедел көмек беретін жобаны енгізу жоспарлануда

Көлік және коммуникациялар саласында тағы бір жаңалық. Жол апаттарының алдын алуына байланысты 2015 жылға дейін елімізде толықтай «ЭРА-ГЛОНАСС» жүйесін енгізу жоспарлануда.

Бұл жайында Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресей премьер-ми­нистрінің орынбасары Владислав Сурков пен Қазақстан премьер-министрі Қайрат Келімбетовтің кездесу барысында Қазақстанда спутниктік жүйе бойынша жұмыс істейтін ГЛОНАСС жүйесін құру туралы келісім жүргізген. Сонымен қа­тар кездесуге Ресейдегі «Навигациялық технологияларды қолдану мен дамытуға ықпал ету» коммерциялық емес серік­тес­тігінің (коммерциялық емес серіктестігі «ГЛОНАСС») Транспорт министрлігі өкіл­дері мен «Қазақтелеком» ком­па­ния­лары қатысқан. Мұнда Қазақстан терри­ториясында «ЭРА-ГЛОНАСС» жүйесін қол­дану арқылы көлік апаттары бола қал­ған жағдайда жедел әрекет ету жүйесін құрып, соның негізінде қосымша нави­га­циялық-ақпараттық қызметтерді да­мы­ту жайында екі жақты келісімге келген.

Сурковтың мәлімдеуінше, көптеген елдерде ГЛОНАСС технологиясын қолдану үлкен қарқынға ие болып отыр. Оның айтуынша, Барселонада ха­лықаралық мобильді конгресте Ресейдің коммуникациялық байланыс министр­лігі ГЛОНАСС жүйесі бойынша чипсет ор­на­тып беретін шетелдік ірі ком­пания­лармен ке­лісімге отырған. Бүгінде онда­ғы мемле­кеттік дума 2020 жылға дейін Ре­сей­­дегі барлық көліктерге «ЭРА-ГЛОНАСС» терминалын орнатуды ұсы­нып отыр.

Ресей ақпараттарына жүгінсек, «ЭРА-ГЛОНАСС» – жол апатына ұшыраған көлік иелеріне жедел көмек көрсететін жоба. Ресейдің бұл жобасы, жол бойында орын алған көлік апаттарын немесе басқа да төтенше жағдайларды жылдам хабар­лай­тын арнайы құрылғылар арқылы адам шығынын азайтуға болады-мыс. Себебі аталмыш жүйе бойынша қаладағы әрбір көлікке навигациялық-телекомму­никациялық терминалдар орнатылады. Ол құрылғылар оперативті түрде қызмет орындарына көлік апаты болған жағдай­мен қатар, сол көліктің нөмірі мен коорди­наттарын, бет алған бағытын да хабарлайтын көрінеді. Көрші елімізде ГЛОНАСС навигациялық спутниктік жүйесі жылдың басынан бері шағын маршруттар мен автобустарға енгізіліпті. Ондағы автобус жүргізушілерінің бірі Анатолий Кайковтың айтуынша, маршрутқа шықпас бұрын ГЛОНАСС нави­гациялық спутниктік жүйесін қо­сып, диспетчер арасындағы байланысты тексереді екен. Кейін құрылғының мониторында жүргізушінің қозғалыс кестесі мен оның әр аялдамаға тоқтайтын уақыты көрсетіледі. «Сол құрылғы ар­қылы диспетчер біздің әр қозғалысы­мызды бақылап отырады. Егер мен гра­фик уақытынан озып кетіп немесе кеші­гіп қалып жатсам диспетчер бірден байланысқа шығып, неге тоқтап қал­ғанымды біліп, мән-жайды анықтайды» дейді жүргізуші.

Ондағы тәртіп бойынша, спутниктің көмегімен автобустың тұрған орны анық­талып, ақпарат әр фирманың дис­пет­чер орталығына келіп түседі. Кейін округқа жіберіліп, өңірлерден келіп түскен мағлұматтар Транспорттық бақылау қызметі орталығында жиналады. Алайда қарсылық білдіргендер бұл жүйенің жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне шүбә келтіреді. Өйткені модер­ни­зациялау жұмыстарына Ресейдің бір ғана Сургут қаласында миллион рубль ақша шығындалыпты. Ал қадағалау жұмыстары әлі ақсап тұрған көрінеді.

Бүгінде Ресей атырабында «ЭРА-ГЛОНАСС: жолдың жайлылығы мен қауіпсіздігіне арналған жаңа техно­логиялар» атты Халықаралық конгрестер өтуде. Онда осы жаңа жүйе туралы түсіндіріліп, талқылануда.
Әрине, қандай болсын істі бастамай тұрып, оның артын болжап, шешім қабылдау қиын. Ендеше, бәрін уақыт көрсетер. Тек, кейбір пысықайлардың жаңа жүйенің салдары деген желеуімен, онсызда қалың жұрттың қалтасын көтер­мей жүрген жолақысын одан әрі шарық­татып жібермесе болғаны.

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

Айқын