АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазақстандағы зейнетақы мен жәрдемақы құны қалай өзгерді?

image1280231 қаңтардан бастап елімізде зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өзгереді. Яғни, үкімет осы санаттағы төлемді сәйкесінше 9-дан 32 пайызға дейін өсірген еді.
Фото ipopen.ru

 Бұдан бөлек аталған өзгерістердің мемлекеттік қызметшілер мен шәкіртақы алатын студенттерге де қатысы бар.

Әбішевтер отбасы дәрі-дәрмек пен азық-түліктен көп алады. Өйткені бертін келе отағасы Қалқаман Сүлейменұлының жүрегі сыр бере бастаған. Ал Үмітжан апайдың өзі қан қысымы жиі көтерілетінін айтады. Сондықтан құны қымбат болса да, көрсеткен дәрілерді сатып алуға мәжбүр.

Бұдан бөлек, коммуналдық төлемдер мен басқа да керек-жарақ тағы бар. Сондықтан зейнетақының өсетінін естігенде, бұл отбасы ерекше қуанды.

“Бұған дейін 62 мың теңге алып келдім. Еңбек өтілім – 37 жыл. Осыны ескеріп, енді зейнетақымды 68 мың теңгеге көтерді. Қосылған ақша кішкентай болып көрінгенімен, біз үшін бұл – үлкен көмек”, – дейді  зейнеткер Үмітжан Әбішева.

Үмітжан апай сияқты елімізде 2 миллионға жуық зейнеткер бар. Олардың барлығы да енді зейнетақыны 9 пайызға көп алады. Бұдан бөлек негізгі, яғни, базалық төлем көлемі де өзгертілді. Қазір ол – 11 мың 965 теңге. Сәйкесінше, ең төменгі зейнетақы енді 37 мың 789 теңгені құрайды.

“Минималды зейнетақы көлемі 25 мың 824 теңгені құрап отыр. Базалық зейнетақы төлемімен қоса есептегенде, 37 мың 789 теңгені құрайды. Сонымен қатар мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылғандардың жәрдемақылары 7 пайызға артады”, – дейді   Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі басқармасының жетекшісі Жадыра Дәулетханова.

Биылдан бастап мүмкіндігі шектеулі және асыраушысынан айырылған жандар көлемі еселенген жәрдемақы алады. Бұған қоса, дәл осындай өзгерістердің дәрігер, мұғалім және басқа да мемлекеттік қызметкерлерге қатысы бар. Олардың айлығы еңбек өтілі мен жұмыс нәтижесіне қарай көтеріліп отырады

“Болып жатқан дағдарыстар кезінде дамыған Еуропаның өзі азаматтардың еңбекақыларын қысқартып жатқанда, Қазақстан жыл сайын өсіріп келе жатыр. Мәселен, 2016 жылдың өзінде дәрігерлердің, мұғалімдердің, «Б» тобындағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақылары орташа есеппен 30 пайызға өседі. Бұған елбасы толық мүмкіндігіміз бар екендігін айтты”, – дейді сенат депутаты Жабал Ерғалиев.

Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар ел экономикасының тұрақтылығы мен оның жыл санап даму деңгейін көрсетеді. Айтпақшы, дәл осы қуанышты жаңалықтың студенттерге де қатысы бар. Биылдан бастап олар шәкіртақыны 25 пайызға артық алады.

http://www.nur.kz/