Қазақстандағы ЖОО-лардың кітапхана қорындағы оқулықтардың 17-18 пайызы ғана қазақ тілінде.
Бұл мәселе кеше Алматыда өткен «ҚР білім беру саласындағы мемлекеттік тіл: қазіргі ахуалы және мәдениетаралық ықпалдастық мәселелері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Ермекованың айтуынша, бұл оқу орны еліміздегі 100 пайыз мемлекеттік тілде білім беретін санаулы университеттердің бірі.
Мұнда ресми жиындар, ғылыми кеңестер түгелімен қазақ тілінде өтіп, ресми іс-қағаздар қазақ тілінде жүргізіледі. 1944 жылы институт болып ашылған бұл жоғары оқу орнының кітапханасы 1948 жылдан бері жұмыс жасайды. 50 оқу залы, 2 абонементі бар 5050 шаршы метрлік екі қабатты кітапхана жылына 10 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Ол республикадағы кітап қоры ең бай оқу орындарының қатарында, онда 1 млн. 43 мың 414 оқу құралы бар.
ЖОО-лардағы мемлекеттік тілдегі оқулықтар мәселесі бұған дейін VIII Республикалық конференцияда көтерілген болатын. Онда ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Фатима Жақыпова қазір еліміздегі жоғары оқу орындарындағы 50 млн. оқулықтың 8 млн.-ға жуығы ғана қазақ тілінде екенін айтқан болатын.
Ерлік Ержанұлы,
Қазақпарат