Өкінішті. Әлем спортшыларының сайқымазақ Сашаның (Борат кейіпкерін) Қазақстанды келемеждеу үшін әлеуметтік желілерді пайдалануы қалыпты жағдайға айналып кеткендей. Ашықтан- ашық намысымызды аяққа таптап, мемлекетімізді мазаққа айналдырып жатса да, біздің құзырлы органдағылар ләм-мим деп жақ ашпауы- күдік тудыратыны жасырын емес.
Жақында қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің кезекті қарсыласы, орта салмақтағы IBF чемпионы Давид Лемье өз Твиттер аккаунтына Бораттың фотосын жүктеген. Канадалық спортшы Головкинмен жекпе-жегі алдында осылай әзілдемек болған-мыс.
“Халайық, осы уақытқа дейін мына жігіт (Борат – ред. ескертпесі) келмей тұрып, Қазақстанды білдік деп өзгелерді алдамай-ақ қойыңдар. GGG одан кейін келді (жай қалжың, ренжіп жүрмеңдер)”, – деп жазған боксшы.
Бұл әлемдік деңгейдегі спорт жұлдыздарының Қазақстанды және қазақстандықтарды келемеждеген алғашқы жазба емес.
Осыдан бірнеше күн бұрын, түркиялық «Галатасарай» футбол клубының ойыншысы, шыққан тегі неміс Лукаш Подольский өзінің Твиттеріне Бораттың суретін жүктеп әзілдеген болатын. Әзілінің арты халықаралық жанжалға ушығып кете жаздаған неміс футболшысы дереу кешірім сұраған еді.
Сонымен қатар, финляндиялық «ХИК» командасы да қазақстандық жанкүйерлерді Бораттың түрін басқан, жалаңаш денесінің суретімен ашуландырғаны әлі есімізде.
2012 жылы Кувейтте нысана көздеуден өтіп жатқан чемпионатта Қазақстанды әлемге масқара еткен оқиға орын алды. Жарыста бірінші орын алған жерлесіміз Мария Дмитренконы марапаттау кезінде Қазақстан гимнінің орнына британдық сайқымазақ Саша Барон Коэннің «Борат» фильмінде айтылған ән орындалған.
Одан қалса, Алматы мен Астанада өткен қысқы Азиада кезінде Көк туымыз аяққа тапталып, мазақ болып едік.
Сосын Парижде өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында еліміздің спортшысы Зульфия Чиншанло алтыннан алқа таққанда, Қазақстанның ескі әнұраны шырқалып, тағы бір масқарамыз шыққан. Бұған да қыңқ деген құзырлы орган жоқ.
Қостанайдағы шаңғы фестивалінің ашылу салтанатында да әнұранның орнына әнші Рики Мартиннің «Livin ‘La Vida Loca» деген әні ойнағаны әлемге жария болды.
Ол аз десеңіз, жақында осы Қостанайдағы оқиғаны сөз етіп тұрып тағы бір сайқымазақ — интернет-шоу жүргізушісі Стас Давыдов деген біреу Қазақстан Әнұранын дөрекі сөздермен («Это дерьмо и есть гимн Казахстана?» дейді) мысқылдады.
Бір ақиқаты қанша мәрте мемлекеттік рәміздеріміз қорланып, мемлекетімізді ашық масқаралап жатса да, аталған оқиғаларға себепкер болғандарды қатаң жазалауға құдіретіміз жеткен емес. Керісінше, өзіміздің қазақстанды азамат «көк туды» көкке көтеріп, патриоттықтың нағыз үлгісін көрсетіп жатса, біздің шаш ал десе бас алатын полиция 300 мыңдап айыппұл салады. Бұл қазақстандық полицейлердің атына жағылған дақ көпке дейін өше қоймас.
Британдық сайқымазақ Саша Барон Коэннің «Борат немесе Қазақстан халқының мәртебесі үшін Америкадағы мәдени зерттеулер» атты фильмі Қазақстан территорисында тыйым алынған фильмдер тізіміне енгенімен, әлем мемлекеттерінде еркін айналымға шыққан. Қазақстанды күллі әлемге ашық масқаралаған британдық «клоун» анау-мынау емес, «Алтын глобус» жүлдесіне ие болған.
Мұнымен қатар, танымал британдық «The Guardian» басылымы 2014 жылы “Посткеңестік әлем: 15 мемлекет жайында не білу қажет” деген мақаласында Борат пен Шыңғысханды ең танымал қазақтар деп көрсеткен.
Ал қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің өзі болса, «туындыдағы әзілдер орынсыз және ақыл-есі дұрыс адамның іс-әрекетіне жатпайды. Ол Қазақстан емес. Нағыз Қазақстан мүлдем басқа»,-деген.
Ал, франциялық «Паризиент» газеті «қазақ режиссері Е.Рақышев «Бораттың» жалғасын түсірмек» деп жазады. Жаңадан түсірілетін фильмнің басты кейіпкері – американдық, тез елігуге бой алдырғыш Борат Қазақстанға сапармен келеді. Ол алдымен «қазақ жері шөлейт дала, әрі бір артта қалған, бұратана халықтың мекені» деген ойда болады. Бірақ ол дәулеті шалқыған және мұнайға бай мемлекетке тап болып, таң қалады, деп жазады басылым.
Жә, жоғарыдағы біз атап өткен келеңсіздіктердің бірде-біреуі өз тиісті жазаларын алған емес. Алдымен айызын қандырып абыроймызды айрандай төгеді де, артынан кешірім сұрап құтылады. Бұл не басынғандық?! Сірә, біздің тұқым-қанымызда мұндай болмаса керек еді…
Канадалық боксшы да Головкиннің шамына тиемін деп бүкіл Қазақстан жұртының намысына тигенін аңғармаса керек-ті. Ал ҚР Сыртқы істер министрлігі бұндай масқаралауларға неге үнсіздік танытып отыр? Кезіндегі Ресей саясаткерлері Жириновский, Лимонов секілді Қазақстанды жоққа шығарғандарға қолданылған жаза, «нон гранта персона» Подольский, Лемьелерге неге қолданылмайды? Тағы да «жау кеткен соң, қылышыңды боққа шаптың» керін кетіріп отыра береміз бе?
Нұргелді Әбдіғаниұлы
«Қамшы» сілтейді