АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ФИЛОСОФИЯ: ӨТКЕНІ, БҮГІНІ, ЕРТЕҢІ

a94f67cdc700a38dfbafd516bdca86c8Биылғы жылдың өзіндік дараланған ерекшелігі – ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейінгі төл тарихымызды терең ғылыми зерделеуден өткізуге бетбұрғанымызда болып отыр. 
Өркениетті дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосыламыз деген ниетімізді қоғамның рухани жадымен астастыра қарастырудың өзі оңды қадам екені анық. Қазақ халқы ертеден даналыққа құмар халық. Осы тұрғыдан алғанда еліміздегі философия саласының жай-күйі қандай екен деген сауал туындайды. Философияның өзі ежелгі мифтердің, аңыздардың негізінде қалыптасса, қазіргі әр алуан ғылымдардың түрлері алғашқы философиялық жүйелерден бөлініп шыққан. Сондықтан ғылым мен білімге, өркениет пен мәдениетке, дін мен ділге, тұлға мен қоғамға біртұтас дүниетанымдық және әдіснамалық негіз болатын философияның қыры мен сырын біле түскеннен ұтылмаймыз, керісінше, азаматтарымыз рухани және зияткерлік сипатта байи түседі. Осы мәселелер ауқымында қазақстандық философ-ғалымдарымызды ой бөлісуге шақырған едік. Алдымен қазақстандық философияның қазіргі замандағы ахуалын, өзекті мәселелерін білу үшін Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары Серік Есентайұлын сөзге тарттық.

Серік НҰРМҰРАТОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор:

– Шынында да, биылғы жыл тек тарихшы мамандар үшін ғана емес еліміздің философия саласының қауымдастығына да үлкен белесті, көрнекті жыл болып отыр. Жақында Алматы қаласында 27-28 қыркүйек аралығында біздің Философия, саясаттану және дінтану институтының бастамасымен, оның директоры ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор Зарема Шәукенованың басшылығымен өтетін І Қазақстандық философиялық конгресс еліміздегі философ мамандардың шығармашылыққа толы ғылыми және ағартушылық қызметтеріне жарқын дем беретініне күмәнданбаймыз. Конгресс тақырыбы: «Қазіргі әлемдегі философия: даму стратегиясы» деп аталады және онда отандық философияның теориялық және қолданбалы өзекті проблемалары талқыланып, проблемаларды ғылыми-зерттеу мен оқыту өзара бірлікте қарастырылады. Әсіресе, алғашқы рет жоғары оқу орындарындағы философия пәнін дәрістеудің маңызды тұстары кеңінен талқыланады. Еліміздегі барлық философ мамандар жайлы мағлұмат беретін анықтамалық жинақ жарыққа шығарылады. Еліміздің барлық түкпірлерінде қызмет атқарып жатқан әріптестеріміздің басын қосқан республикалық философиялық қоғам құрылады. Жақын және алыс шетелдерден, әсіресе, Германия, Ресей, Әзірбайжан сияқты елдерден Абдусалам Гусейнов, Владислав Лекторский, Владимир Миронов, Иоганн Рау, Ильхам Мамед-заде, Нұр Қирабаев сынды белгілі мамандар конгреске шақырылып отыр. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары Отанымызда кәсіби философияның негізі қаланып, «Алматылық философия мектебі» деген құрметті атаққа ие болған аға буын мамандардың еңбегі жалғасын табуда. Қазіргі тәуелсіздік кезеңінде адамның даналығын жүйелейтін, ұлт санасының өзіндік кемелденгендігін, біртұтастанғанын білдіретін рухани әлемді қалыптастыру маңызды болып отыр. Қалыптасқан мемлекеттің лайықты философиялық әлемі болуы керек. Жақында осы жылдың тамыз айының басында Афиныда «Философия – таным формасы және өмір салты» деген тақырыпта әлемдік философиялық конгресс өтті. Бұл жиынға әлемнің көптеген елдерінен 3000-нан аса қатысушылар философияның елу шақты бағыты бойынша пікір алысулар өткізді. Біздің елімізден 15 маман-философ қатысып, елімізде бұл саладан біршама биік деңгейіміз бар екенін таныта алды. Еліміздегі философиялық мәдениеттің деңгейін көтеруге, жетілдіруге атсалысып жүрген әріптестеріміз Отанымыз – Қазақстанның табысты болашағын ойлай отырып, ең маңызды мәселе – адамның рухани қалыптасуы мен оның өмірінің мәнін айқындауды байыптаумен айналысуда.

– Әбдімәлік аға, қазақ тумысынан философ халық деп жүрміз ғой. Осыған орай қазақ философиясының ерекшеліктері, оның мәні мен маңызы қандай? Біз қазақтың рухани бейнесін замандастарымызға, бүгінгі әлемге таныта алдық па?

 

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, ҰҒА академигі:

– Жалпы адамзаттың болашағы адамшылық пен руханиятты барынша да-мытуда екені даусыз. Бәсекеге қабілетті адам болу, толық, рухани жағынан жетілген адам қалыптастыру бүгінгі күннің өскелең талабы. Руханият дамы-маған жерде әртүрлі кикілжің де, қақтығыс та көп болады. Басты ұстындары-ның бірі толеранттық болатын қазақ философиясы еліміздің бірлігінің рухани тірегі болып табылады. Руханияты мен мәдениеті жоғары халықтың болашағы да жарқын және айқын.

Философияның негізгі мәселесі адам мен әлемнің арақатынасы, адам, оның өмірі мен дүниетанымы, құндылықтары, бостандығы мен құқықтары. Ал адам өмірінің мәні оның руханиятымен тікелей астасып жатыр. Адам өзінің бойындағы рухын асқақтата, рухани қуатын әлемге паш етуі арқылы өзінің өмірінің мәнін рауаждайды. Әрине, тарихта ешнәрсе ізсіз жоғалып кетпейді, ол рухани құбылыс ретінде ұлттың өзіндік санасындағы кейбір бейсаналық қабаттарда, рухани салаларға жататын ұлттық өнері мен аңыздарында, халықтың дүниетанымдық, әлеуметтік-мәдени және құндылықтық бағдар-ламаларында қордаланады. Қазақ халқының тарихи дәстүрлі және қазіргі руханиятының бастауларына әлеуметтік-мәдени және тарихи-философиялық пайымдаулар жасау маңызды болғандықтан өткен ғасырдың 90-жылдарының басында институтта алғаш рет «қазақ философиясының тарихын» зерттейтін арнаулы бөлім аштым, оның алғашқы меңгерушісі – профессор М.Орынбеков болды. Шығыс халықтарында философиялар көп болған. Солардың бірі қазақ және түркі философиясы. Әлемде қанша жетілген ұлттық мәдениеттер бар болса, сонша ұлттық философиялардың болатындығы белгілі. Қазіргі қазақ философиясының мәні барлық жағынан алғандағы еркіндік және еркін ойлайтын тұлғаны қалыптастыру мәселесі болуы керек деп ойлаймын. Өзімізді-өзіміз танып-біліп барып, өзімізді басқаға танытуымыз керек.

Шығыстың бай философиялық және әлеуметтік ойы, оның ішінде қазақ халқының философиясы батыстағыдай қалыптасқан философиялық жүйелерде емес, поэзияда, фольклорда, ауыз әдебиетінде, мифологияда, мақал-мәтел-дерде, қанатты сөздерде жатыр. Әлемді, адамды, оның өзін-өзі тануын, тұл-ғаның өмірдегі орны мен рөлін философиялық және этикалық тұрғыдан жан-жақты зерделеуге айрықша мән беру қазақ философиясының ерекше сипаты болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ философиясы – шығыстық философиядағы ең толық, рухани жағынан жетілген адам болу рухын қас-терлеу мен зерделеу дәстүрін жалғастыра отырып, оны өзіндік мазмұнмен байытқан философия. Қазақ халқының философиясын зерттеуші ғалымдар осындай ерекшеліктерді ескере отырып, ұлттық әдебиетті ұлттық философияның өмір сүру нұсқасы ретінде түсінгені, көркем әдебиет туындыларын салыстырмалы герменевтикалық тұрғыдан жеке тұлғалардың поэтикалық мұрасындағы философиялық мазмұнды ашып көрсету қажеттілігі туындайды. Егер қазіргі заманғы «шынайы» философияның өлшемі ретінде тек батыстық модельді алатын болсақ, онда одан ұқсамайтын, сәйкес келмейтін барлық ұлттық философиялар «философия» деп атаудан қалады. Дегенмен философияның басқа формалары, философиялық пайымдаудың жаңа типтері болуы заңды. Қазақтар әлемді ұғымдық мағынада шегелеп көрсетуден гөрі, көркем бейнелермен астарлап өрнектегенді жоғары қойған халықтардың қатарына жатады. Бүгінгі Қазақстандағы философияның алдында жаңа әлеуметтік және саяси шындықты күрделі мағынасын ашу, қазіргі кезеңнің қайшылықтары мен ерекшеліктерін анықтау тұр. Тәуелсіз еліміздің жаңа құндылықтарға бағыт ұстауы Қазақстанның орнықты инновациялық дамуына негіз болады.

Қазақ философиясы – қазақ тарихы мен қазақ әдебиеті сияқты әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бойынша зерттеудің әдіснамалық және дүниетанымдық негізі. Біздің институтта профессор Серік Нұрмұратов екеуміздің ғылыми жетекшілігімізбен «Көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі қазақ философиясының тарихы» атты 5 томдық іргелі зерттеудің алғашқы екі томы (2012–2014 ж ж.) бойынша зерттеу жұмыстары келесі жылдың аяғында аяқталады. Қалған үш томы бойынша зерттеу жұмыстары одан ары жалғаспақ. Қазақ халқының этнофилософиясының мазмұнды тұстарын жақсы көрсете білген сайын ұлтымыздың рухани дүниесі кеңиді.

– Досмұхамед Кішібекұлы, философияның ғылыммен өзара байланысын анықтайтын «ғылым философиясы» деген сала бар және оның методологиялық тұрғыдағы маңызы ғалымдар үшін зор. Осы мәселе төңірегінде пікіріңізді білдірсеңіз.

Досмұхамед КІШІБЕКОВ, ҰҒА академигі:

– Қазақстан философтарының алғаш ашылғалы тұрған конгрессіне табыс тілеймін. Бұл көптен күткен жиын болмақ. Өйткені философия жаңа жоғары деңгейге көтеріліп келеді. Оған дәлел жоғары оқу орындарында жаңа пән «Ғылым тарихы мен философиясы» ендіріліп, оқыла бастағаны. Бұл пән жаратылыстану, техникалық ғылым өкілдерінің философиядан күткен методологиялық, дүниетанымдық нақты жәрдеміне қойылған жоғары талабына сай жасалған болатын. Өкінішке қарай, ХХ ғасырдың екінші жартысында бұрынғы кеңес елінде философия өзінің беделін төмендете бастады. Кейбір ірі жаратылыстану ғылымдар өкілдері бізге философия керек пе деп күңкіл шығарып, пікір айта бастады. Содан 1999 жылы мәселені талқылау үшін шілде айының 7-күні Бүкіл одақтық аттестациялық комиссия (ВАК) Мәскеу қаласында өзінің пленумын шақырды. Бірақ демалыс кезеңі басталғандықтан оның 51 мүшесінің тек 27-сі ғана жиынға қатысты. Мәселені дауысқа салғанда философияға қарсы болғандар – 18, философияны жақтағандар – 6, қалыс қалғандар – 3. Көпшілік дауысты ешкім алмағандықтан мәселе шешілмей, кейінге қалды. Ертеңіне 8 шілдеде «Известия» газеті «Философия жалған ғылым» деп сұрау белгісін қойып, мақала шығарды. Бірақ артынша құлаған кеңес жүйесіне сай талас аяқсыз қалды. Осының бәріне себеп болған сол кездегі философтардың ұдайы қозғалыстағы, дамудағы ғылым табыстарынан қол үзіп, түсінбестік көрсеткені еді. Мәселен, кеңес философтары математика, техникадағы жаңалық кибернетиканы, химияда «резонанс» теориясын, физикада «қатыстық» теориясын, «кванттық механика», және биологияда тұқым қуалайтын «генетика» теориясын түсінбей, бұлар ғылымға жат деп байбалам салған болатын. Әрине, бұл өрескел қателіктер кейін көп күшпен жөнделді. Десек те, философия беделіне үлкен нұқсан келтірілді.

Басты себеп философиямен жаратылыстану, техникалық ғылымдар арасындағы шығармашылық байланыстың үзіле бастағаны еді. Қазіргі замандағы қаулап өсіп жатқан ғылымдарға жалпылық жағынан емес, нақты методологиялық көмек керек болды. Бірақ догмаға айналған философия сол жәрдемін бере алмады. Ол үшін не керек еді? Философтардың жалпылық білімге қоса, бір нақты ғылымның жоғары деңгейдегі маманы болу. Сонда ғана оның нақты ғылыммен байланысы тығыз, көмегі мықты болмақ.

Қазіргі оқулықтар осы тұрғыда жазылуда. Бірақ әлі қалыптасып біткен жоқ. «Ғылым тарихы мен философиясы» екі саладан тұрады. Бірі – ғылым тарихы. Бұл ертедегі Қытай, Үнді, Вавилон, Египет, Грекиядан бастап, бүгінге дейінгі ғылым жолын қамту. Бұл тұрғыда мәселе түсінікті, негізінде жазылып та жатыр. Екіншісі – ғылым философиясы. Бұл салада атқарылатын, ізденіс жасайтын, талдайтын мәселелер әлі баршылық, тіпті мол. Соңғы мәселені шешу, ол философияның методологиялық, дүниетанымдық рөлін жоғары көтеруге жатады. Бұл, әрине, әлемдік проблема. Олай болса конгресс мәселенің осы жағына арнайы мән береді деп түсінемін. Жарыққа шығып, қолданылып жатқан оқулықтар бұл тұрғыда тиянақты әрі терең ойластыруды қажет етеді. Сонымен, философтардың нақты ғылымға методологиялық, дүниетанымдық жәрдем көрсетуі үшін алдымен олардың өздері сол ғылым қайраткерлері деңгейінен жоғары болмаса, кем қалмауы абзал. Онсыз ғылым философиясы айқындалып, шешілмейді.

– Алтай Тайжанұлы, дәстүрлі қазақ қоғамындағы тұлға философиясы туралы түсініктер қандай болғанына тоқталсаңыз.

Алтай ТАЙЖАНОВ, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «саяси-әлеуметтік пәндер» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор:

– Тарихи тұрғыдан алғанда адамзаттың таным түсінігі де, ұғымдары да өзгеріп отырады, ғылыми ұғымдар мен түсініктер де өз заманына сай қалыптасады. Осы тұрғыдан келсек, қазіргі ғылыми әдебиеттердегі түсінік бойынша, тұлға жеке адамның өзіндік адамгершілік, әлеуметтік, психологиялық қырларын ашып, адамды саналы іс-әрекет иесі және қоғам мүшесі ретінде жан-жақты сипаттайтын ұғым. Тұлға философиялық тұрғыдан адамды адам ретінде танумен, яғни оның рухани адамгершілік, ділдік, мәдени қырларына баса назар аударумен пайымдалады.

Бұларға қоса әрбір ұлттың (этностың), ұлыстың өз болмыстарынан туындайтын ұғым түсініктері де болады. Көне қазақ қоғамында тұлғаға қатысты «азамат», «алаштың азаматы», «пенде», «кісілікті кісі», «мен» ұғымдары бар.   Енді осы ұғымдардың мәніне үңілсек, азамат – (араб сөзі) ұлылық мәртебелілік, кәмелеттілік, дара тұлға т.б. білдіреді. Алаш (ежелгі түрік сөзі – бауырластық, қандастар, туыстар) – көне заманда түркі халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі тайпалардың ортақ атауы – Алты алаш. Күні кешеге дейін үлкен кісілер көпке танымал, үлгі бола білген адамды «Алаш азаматы» деп келгенін біз бала кезімізде талай естідік. Бірақ жалпы тұрғыдан алғанда, қарапайым қараша да, хан дәрежелі азамат та пенде. Пенде – (парсы сөзі – құл, басыбайлы, тәуелді) жалпы алғанда Құдайдың құлы, оның алдында әлсіз жаратылыс; адамға тән нәпсі талабына тәуелділік (материалдық, атақ-даңқ, мансапқұмарлық, әсіреқызығушылық, менмендік пен мақтаншақтық т.б.).

Тұлға дәрежесіне көтерілген адам осы пендешіліктен арылу үшін өзінің пенделік әлсіздігін мойындап, өз бойындағы нәпсілік қасиеттерімен күресуге ұмтылады. Бірақ бұл жолды жүріп өту барысында кез-келген адамға өзі өмір сүріп жатқан қоғам мен әлеуметтік ортаның ықпал етері сөзсіз. Мысалы, кеңес заманы кезінде тұлға сапасының негізін құрап, оның идеологиясына ықпал ететін, өзгермелі әлеуметтік және саяси жағдайда тұлғаның тұрақтылығын қамтамасыз ететін дәстүрлі қазақ қоғамындағы құндылықтар шегініс жасады, дағдарысқа түсті. Ал оны ұстанғандарды билік қолдамады. Тұлғаға тән әлеуметтік еркіндік, рухани еркіндік, үйлесімділік еркіндігі, саяси еркіндік, экономикалық еркіндік т.б. сөз жүзінде қалды.

Кісілік тұлғаның басты қасиеттерінің бірі. Кешегі кеңес заманында адамдар қоғамның жай тетігіне айналып, кісілік (тұлғалық) қасиеттер аяқ асты етілді. Себебі ол заманда нақты адамдардан жоғары тұрған субъектілер болды (тап, ұжым, партия, мемлекет т.б.). Олар жеке тұлғаның кісілік қасиетінің көрінуіне әртүрлі жолдармен кедергі жасап, тұншықтырып, адам бойында үрейге негізделген немесе өмір сүруге бейімделген құлдық психологияны қалыптастырды, өзіндік «менінен» ажыратты.

Әрине, әділдік үшін айта кеткен жөн, біріншіден, дәстүрлі қазақ қоғамында «менменшілдік», «өзімшілдік», «мақтаншақтық» ешуақытта көпшіліктен қолдау таппаған. Екіншіден, өз «менінен» айырылған адамды да қолпаштай қоймаған. Керісінше, оларды ынжық, жасық, намыссыз деп ұнатпаған, қолдамаған. Ендеше, ондайлардан «мен, мен, мен едім» деп ерлігін паш ете жырлаған ер Махамбет тұлғасы мен әрекеті ұлтымызға әлдеқайда жақынырақ, жағымды. Адам бойында мұндай сапалар аз болған сайын, оның тұлғалық қасиеті де аз. Ал тұлғалық қасиеттер адамның әрекеттерінен, қылықтарынан, басқа адамдармен қарым-қатынасынан көрінеді. Адамның қылықтары арқылы оның ішкі әлемі, адамгершілік және басқа қасиеттері туралы пікір қалыптасады. Абайдың «Қайнайды қаның, ашиды жаның мінездерін көргенде» деп күйінуі де содан болса керек.

– Дәулетбек Сәдуақасұлы, қазақ шешендік өнерінің философиялық мазмұны немен анықталады? Тарихи өткеніміз бен қазіргі қоғамдағы шешендік мәдениеттің орны мен рөліне көз жіберсек.

Дәулетбек РАЕВ, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлемдік тілдері университетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор:

– Біріншіден, қазақ шешендік өнері аясында дәстүрлі рухани құндылықтар, дәстүрлі қоғам мен адам үшін маңызды әулет, отбасы дейтін ұғымдар зор әлеуметтік-мәдени маңызға ие болды, ата-баба рухын құрметтеу маңызды дәрежеге орнықты, осының бәрі рухани бүтіндікті қалыптастырды, әулет тұтастай құбылысқа айналды. Екіншіден, қазақ шешендік өнеріндегі мәдени құндылық кеңістігі адамды әлеуметтік қатынасқа түсіруде моральдық нормаларды басты лейтмотивке айналдырады. Моральдық нормалар әлеуметтік қатынастағы қуатты әрі маңызды реттеуші құрал санатына жатады. Бұл сыртқыдан көрі адамның ішкі рухани басымдылығының мықтылығынан хабар береді. Үшіншіден, шешендік дәстүрдегі мәдени құндылық адамды табиғат аясында ғана тани білді. Бұл адамға сен табиғаттың бөлігісің, оның құраушысысың, сондықтан сенің мінезің бұзылса, табиғат бұзылады, табиғилыққа қарсы тұрма дейтін сананы сіңірді. Осыдан келіп табиғатқа зиян келтіруді шектейтін әртүрлі ырымдар мен жөн-жоралғыларды орнықтырды. Адам болмысы мен табиғат болмысы арасындағы қатынаста құндылықтық ұстаным орнықты. Төртіншіден, қазақ шешендік өнеріндегі дәстүрлі мәдениет үшін би-шешендердің, хандардың, батырлардың, жыраулардың, данагөй, ақылман тұлғалардың рухани беделі жоғары болды, оған бүкіл қоғам, әлеумет, ел сенді, бас иді, құрметтеді, ол тұлғалар бүкіл қоғамға бағыт-бағдар беріп отырды. Ондағы басты фактор қазақ тұлғаларының беделінің өсуі, олардың өз жеке басының қамынан көрі ел-жұртының қамын ойлауы. Сондықтан дәстүрлі қазақ мәдениетінің, оның ішінде қазақ шешендігіндегі базалық рухани құндылықтарды қазіргі өркениеттегі білім беру мен тәрбие үдерісінің іргетасы тұрғысынан қарастырудың маңызы зор. Дәстүрлі шешендік өнер рухани мәдениеті, әлеуметтік рухы бүгінгі бейтараптанған әлеумет болмысын емдеу құралы бола алады. Әлеуметтік сипаттағы ақылды қазақ даналығынан сұрауымыз керек.

Шешендік сөз өнерін халықтың өзі жасайтын болғандықтан, ол әр елдің тіршілік философиясымен тығыз байланысты болғандығы ақиқат. Шешендік шиырлардан белгілі бір ұлттың, халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ой-санасы мен ойлау стилін, логикалық ой ерекшеліктерін, сайып келгенде, таным жолдары мен дүниеге көзқарасын, ішкі жан дүниесін ұғуға болады. Шешендік сөздер – атадан балаға мирас болып, ұрпақтан-ұрпаққа екшеліп, іріктеліп, сұрыпталып жетіп отырған асыл қазынаға айналған ұлағатты сөздердің ой ұшқындары, философиялық ойдың алғашқы модельдері іспеттес, яғни шешендік сөздер жиынтығын философиялық трактаттар үлгісінің бірі десек те болады. Қазақ би-шешендерінің қара қылды қақ жарып қас әділдікті айтуының өзі шешендік сөздердің рухани күшін, әлеуетін мойындатады. Бұған олардың төрелік-билік шешімдері кепілдік береді. Мәселен, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген шешендік мақал соның куәсі. Бұл пікірден шешендік сөз қалай болса солай айтылмайтын белгілі бір әлеуметтік, философиялық, психологиялық заңдылықтарға бағынып айтылатын қоғамдық қызмет атқаратын сөз өнері екенін көреміз.

– Досай Тұрсынбайұлы, қазақ ойшылдары ислам философиясының белді өкілдері бола алды ма? Бүгін Йассауиді тереңтану қажеттілігі артып отырғанына тоқтала кетсеңіз.

Досай Кенжетай, теология және философия ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университеті дінтану кафедрасының профессоры:

– Кеңестік саясат жалпы түркі халықтарын ислам философиясы мен өркениеті шеңберінен тыс қарастыруға ұмтылды. Оған тарихи сана кедергі болғандықтан ислам философиясының өңін айналдырып таныту идеологиялық ұстаным болды. Аударылған мәтіндері де ақтаңдақталып берілді. Орыс ориенталистикасы мектебінің арнайы методологиялық негіздері мен түсіндіру тұғыры арқылы шектеліп, күзелгендіктен аты ғана исламдық мазмұны ежелгі грек философиясынан көшірілген деп танытылды. Алайда тәуелсіздік алысымен мемлекеттіліктің тұғыры ретінде тарих қайта тұжырымдалып, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тарихымыз бен ойлау жүйемізге қатысты жәдігерлер мен ойшыл даналарымыздың мұралары сараланып өз тілімізге аударыла бастады. Міне, осы белес түркі ислам мәдениеті, өркениеті мен философиясының жаңаша тұжырымдалуына алғашқы қадам болды. ҚР БҒМ Философия және саясаттану институты осы бағдарламаның басында болды.

Ислам философиясын жалпы алғанда барлық мұсылман халықтарының ақыл-ойының жемісі, түрлі тілдер арқылы бейнеленген ислам өркениеті мен мәдениетінің, ғылымы мен өнерінің Құран желісінде түсіндірілуі деп тұжырымдауға болады. Ислам философиясын атауына қарап, оны тек дінмен ғана шектеуге болмайды. Нақтырақ айтқанда, ислам философиясы ислам әлеміндегі әртүрлі мәдениеттер негізінде дамыған ойдың ағымы екендігі мәлім. Даналық, хикмет, терең ой, сарын, сыр сияқты категориялар қазақ ойлау жүйесінің негізгі іргетастары. Даламызда ислам, фикх, философиялық мектептері де кеңінен дамығандығы мәлім. Ислам өркениеті тұрғысынан бұған сай келетін интеллектуалдық дәстүрлер теология-кәлам, ислам философиясы және сопылық-даналық болды. Бұл үш таған ислам философиясында өзара ықпалдаса отырып, параллель дамыған. Соның ішінде сопылық философия танымдық негізде алдыңғы екі танымнан ерекше қалыптасқан. Тақырыптары бір және ортақ болғанымен Алла, әлем және адам қатынасын әрқайсысы өзіндік сұрақтар мен ұстанымдар арқылы методологиялық негізде тұжырымдаған. Ислам ойлау тарихында ғылымдарды жүйелі түрде классификациялау идеясының да алғашқыда ислам философиясын қалыптастырған философтардан шыққандығын естен шығармауымыз керек. Фараби, Баласағұн, Йассауи, Хазини, Абай, Майлықожа, Шәкәрім мен Мәшһүр сияқты даналарымыз ислам философиясының алып тұғырлары ретінде тарихтан орын алып отыр. Йассауитануда ашылмай жатқан, тиісінше танылмай, танытылмай жатқан қат-қабат мәселелер жетерлік. Мысалы, Йассауидің өмір сүрген кеңістігі мен уақыты ғылыми тұрғыдан тұтас сарапталып біткен жоқ. Тарихи тұрғыдан ол дәуір туралы мәліметіміз шектеулі, өте аз. Тарихи дереккөздердің жұтаңдығы өз алдына, қолда бар деректердің өзін ғылыми айналымға айналдыратын сала маманы жеткіліксіз. Йассауи дәуірінің діни, құқықтық, саяси, экономикалық, мәдени қабаттары беймәлім. Бар деректердің өзі Йассауидің өскен ортасы мен рухани әлемінен бізді толығымен хабардар ете алмайды. Йассауи туралы жазылған дереккөздердің дені аңыз-әпсаналармен көмкерілген. Рас, әрбір аңыздың ақиқаты бар. Бұл жеткіліксіз. Дегенмен ел аузындағы кең тараған аңыз желісі мен ХІV ғасырда жазылған Йассауи мәдениетіне қатысты трактаттар арасындағы мазмұндық желі ортақтығы көңіл көншітеді. Йассауидің туған және қайтыс болған жылы туралы толық мәлімет жоқ.

Йассауидің 1166 жылы қайтыс болғандығын жазбаша дереккөзі Кашанидің «Рашахат-ул айн-ил хайат» атты еңбегінен ғана кездестіреміз. Йассауи тариқатының негізгі жалғастырушылары Зәңгі ата, Мансұр ата, Бақырғани, Зарнуқи, Хазини (Қайғы), Камал Шайх, Құл Машраб туралы деректер де қат. Йассауиді тұтастай кескіндейтін мәліметтер мен зерттеулерсіз оңды ғылыми тұжырымдалған танымдық, тағылымдық еңбек жасау мүмкін емес. Бұған қоса, бүгін йассауитану саласында ғылыми-танымдық сараптама жұмыстары кешеуілдеп жатқанда оның орнын саяси спекулятивтік баспа қалып таңбалармен БАҚ беттерінде сопылық таным туралы болымсыз, толымсыз алыпқашпа сараптаулар көбейді.

Йассауи ілімі мен ойлау жүйесінің болмысы қандай? Йассауи мұрасының жалпы түркі халықтары тарихындағы олардың ойлау жүйесіндегі орны мен маңызы қандай? Бүгін Йассауи іліміндегі философиялық көзқарастары танымдық, этикалық, моральдық, эстетикалық, діни-теологиялық тұрғыдан сарапталуы қай деңгейде? Қоғамымыздағы осындай дүниетанымдық маңызды сұрақтар мен мәселелерді ғылыми негізде жауаптандыру, ғылыми зерделеу – уақыт талабы.

 Әңгімелеріңізге рақмет.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/31067