АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақстандық сарбаздар Украинаға бара ма?

©Нұрғиса Елеубеков (фото)Дүние дүбірге толы, әлемнің әр жерінде орын алған атыс-шабыс бір сәт те толастар емес. Шығыстың шырқы бұзылғалы қай заман. Бір кездері бақуатты да бақытты өмір сүріп жатқан Таяу Шығыстағы мұсылмандар әлемінен бейбіт өмірді таяу жылдары көре алмайтын шығармыз.

Ол аздай енді, міне, кешегі кеңестік одақта болған Украинада ұрыс-керіс кең етек алып барады. Ондағы биліктің не ойлағаны барын кім білсін, қарапайым халық құйтырқы саясаттың қақпанына түсіп, қан қақсап жатқаны анау. Осындайда еліміздегі тыныштық күндеріміз үшін Құдайға мың да бір шүкіршілік айтамыз.

Соңғы жаңалықтарға құлақ түрген адам Украи­надағы азаматтық соғыс күннен-күнге асқынып бара жатқанын аңғармай қоймайды. Бітімгершілік қызметтерін ұсынып, мәселені бейбіт жолмен шешуді ұсынған өзге бейтарап мемлекет басшыларының кеңесі де құмға сіңген судай болып жатыр. Қырымнан көз жазып қалған Украина билігі енді өнеркәсіпті Дон мен Луган өңірінен өлсе де айырылғысы келмейтінін көрсетіп, бар күшті бір ғана мақсатқа жұмылдырған секілді. Осыған байланысты өз әскер қатарын бейбіт тұрғындар есебінен жасақтап жатқаны жайлы ақпараттар тарала бастады. Украина жырақ жатқанмен ондағы соғыстың дүмпуі бізге де естілмей қалмады.

Шығыстағы лаңкестік топтар қатарына қосылған қазақстандықтардың санын ресми түрде жариялаған біздің еліміз оған қарсы заңды да қатайтты. Жалған дінді дәріптеушілердің қолға түскендері қылмыскер ретінде жазаларын алып жатыр. Адасқандар мен аңдаусыз шоқ басқандар өздерінің қандай қылмысқа барғандарын түсіне де бастағандай. Заңның күшейтілуі көпшілік тарапынан қолдау тапқаны да рас. Жағдай енді түзелді деп жағаны жайлауға салғанымызда «Біздің сарбаздар Украинаға жіберіледі екен» деген тағы бір сыбыс шықты. Әскери бөлімдерде ерікті түрде барғысы келетін сарбаздардың тізімі жасалынып жатыр дегенге дейін жетті желді сөз. Бірақ, бұл туралы ресми билік ешқандай хабар таратқан емес.«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегенімізбен, бұл ақпарат әлі де анықтауды қажет етеді. Рас, бітімгерлік мақсатта біздің санаулы сарбаздарымыздың шет жерлердегі қақтығыс орын алған қауіпті аймақтарға барғаны белгілі. Ал ауызекі айтылып жатқан бұл жолғы жорықтың жөн-жосығы белгісіз. Бұған, әсіресе, сарбаздардың ата-аналары мен туыстары алаңдаулы. Өйткені бір кездегі Ауған соғысы салған жара әлі де жазыла қойған жоқ. «Біреу үшін біз неге тағы да сорлауымыз керек» деген қорқыныш пен күдіктің пайда болуы заңды. Қандай құпия болмасын түбінде бір ашылары ақиқат. Ал ашықтық болған жерде алып-қашпа әңгіме орын алмайтыны да белгілі.Сондықтан біздің билік осы мәселеге қатысты өзінің ресми сөзін айтады деп ойлаймыз.

qazaquni.kz

Толығырақ: http://alashainasy.kz/society/kazakstandyik-sarbazdar-ukrainaga-bara-ma-62877/

материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі