Motor-Roller рок тобы наурыздың 15-інде Финляндия астанасында өтетін ХІV TUSOVKA халықаралық фестиваліне қатысады. Бұл туралы Tengri FM радиостансысы хабарлайды.
Топ мүшелерінің айтуынша, бұл – финн және орыс рок музыкасында 10 жылдан астам тарихы бар беделді, тәуелсіз, мәдени жоба. Фестиваль жылына екі рет өткізіледі – көктемде және күзде. Күздегі фестиваль Ресейдің солтүстік астанасы – Санкт-Петербургте өтеді. Жобаға орыс, финн музыканттарымен қатар, ішінара посткеңестік кеңістіктегі өзге де ұжымдар қатысып тұрады. Motor-Roller – бұл фестивальға қатысатын тұңғыш қазақстандық топ. «Біз фестивальдың алғашқы күні өнер көрсетеміз. 40 минут ішінде 12 ән орындауымыз қажет. Бұл дегеніңіз – шағын концертпен тең», – дейді топтың солисі Ілияс Аутов. Motor-Roller – рок-музыка саласындағы тұңғыш ұлттық марапатты «Рокқа деген адалдығы үшін» аталымы бойынша иеленген топ. Tengrinews.kz порталының мәліметінше, ұжым биыл Алматыда өзінің 20 жылдығына арналған концерт бермек.
Автор: Болатбек МҰХТАРОВ
http://alashainasy.kz