АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Қазақстанға бір тиын да төлемейміз!» — деді Ресей

2df84ad11e75618469763b4a95ac5332Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко: «2013 жылы құлаған «Протон-М» зымыраны үшін Ресей Қазақстанға өтемақы төлемейді. Зымыран ауада жарылды. Оның құрамындағы гептил толықтай жанып кеткен, сондықтан ешқандай зиянын тигізбеді. Біз ғарыш айлағынан тыс аумаққа келген шығынды анықтай алмадық. Сондықтан төлемдер туралы келіссөздер нақты бір сома белгіленбеген күйі аяқталды», — деп, Ресейді қорғап шыр-пыр болды.

Вице-министрдің айтуынша, келісімге сай, Ресей тек Байқоңыр ғарыш айлағының инфрақұрылымына зиян келсе ғана өтемақы төлеуге міндетті көрінеді. Ал отандық мамандар мен шенеуніктер гептилдің ғарыш айлағынан тыс аумақты улағанын дәлелдей алмаған. 3 жыл бұрын құлаған зымыран жырына осымен нүкте қойылған сыңайлы. Ресей «Қазақстанға бір тиын төлемейміз» деп қысқа қайырған. Сөйтсек, теріскейдегі көршіміз өз зымыранының ғарыш айлағы аумағына жатпайтын өзге қандай жерлерге залал келтіргенін дәлелдеуді талап етіпті. Өкінішке орай, отандық мамандар мен шенеуніктер басқарған комиссиялар зымыраннан келген зиянды дәлелдей алмаған. Ал Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы: «Қоршаған ортаға зиян тимеуі мүмкін емес.

Ресей тарапының осы шығынды бермегені өте өкінішті. Ол 13 миллиардтың үстіндегі қаржы — Ресей үшін көп те қаржы емес. Бірақ, өкінішке орай, экологиялық зардап келді. Естеріңізде бар ма, былтыр киіктердің, ақбөкендердің қырылғанын кейбір мамандар, сарапшылар содан көрді ғой. Сондықтан да, өкінішке орай, бұған біздің Қазақстан жағында осы шығындарды есептейтін мамандардың жоқтығы, арнайы зертханалардың жоқтығы да өзінің кедергісін келтірді», — деп отыр. Ең бастысы уланып жатқан жергілікті халыққа тиісті орындар жаны ашымай отырғандығында сөз жоқ. Осылайша, Қазақстан үкіметінің өтемақыға қатысты талабы да, отандық комиссиялардың зерттеулері де зая кеткен сыңайлы. Ал зымыранмен бірге жарылған 200 тонна улы гептил мен 400 тонна амил қазақ топырағына сіңіп кетті ме, әлде шынында ауада жанып жойылды ма, бұл сұрақтың нақты жауабын табу күрделі күйінде қалып отыр.

«Қазақстан-ZAMAN»