Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанынан құрылған Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Қазіргі заманғы Қытай және Қазақстанмен қатынасы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Жиын жұмысына белгілі қоғам қайраткерлері, танымал жетекші ғалымдармен қатар, жас мамандар, студент жастар қатысып, Қытай Халық Республикасының ішкі-сыртқы саясаты, экономикасы, дипломатиялық қатынастары, білім-ғылымы мен мәдениетінің қазіргі жағдайы және болашақ даму беталыстары, Қазақстанмен қарым-қатынасы жан-жақты талқыланды.
Алғаш сөз алған Тәуелсіз Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш елшісі, қытайтанушы ғалым, «Мұхтар Әуезов қорының» директоры Мұрат Әуезов болашақ мамандығын таңдағанда, әкесі Мұхтар Әуезов айтқан қытай тілін үйрену туралы өсиеті үлкен рөл атқарғанын ерекше тебіреніспен еске алды. Заңғар жазушы сол кезде-ақ қытай тілінде қазақтың тарихына байланысты көптеген деректер барын айтып, ұлына қытай тілін үйренуге кеңес берген екен.
–Қытайтану біздің көптеген тануларымыздың бірі емес, ол тағдырымызға тікелей қатысты дүние деп түсінуіміз керек. Қытайға елші болып барғанда ерекше мән берген жұмысымыздың бірі – сол елдің кітапханаларынан қазақтың тарихына байланысты деректер іздеу болды. Бұған билік, Үкімет әрқашан мән беруі керек. Мен бұрын да талай рет айтқанмын, бізге Қытайтану институты керек. Мысалы, қытай қалай ХХ ғасырдың басына қарай үлкен ұлтқа айналды? Оның қандай тарихи себептері, кезеңдері бар? Көшпенділер тарихындағы Қытаймен байланыс. Ұлы Қытай қорғаны қандай мақсатта салынды? Ұлы Жібек жолы қалай басталды? Олар қазіргі заманда қандай рөл атқарып отыр? Қытай мен түркілердің байланысы, бұлардың бәрі – өте қызық тақырып. Егер осылардың бәрін тұтас білсек, жалпы адамзат тарихына байланысты құнды деректердің көзі ашылады. Біздің қазіргі жас мамандарымыздың көбі тіл білгенімен, үлкен тұрғыдағы шығыстануды, қытайтануды білмейді. Оларды қытайтануға терең тарту үшін қытай феноменіне қызықтыра білу керек. Өйткені Қытай – дүниежүзіндегі алып күштердің бірі. Біз – онымен күнделікті араласып отырған көршілес елміз. Сауда-саттық, мәдени, экономикалық қарым-қатынастарда, саясат саласында болсын, екі ел арасындағы өзара істерді дұрыс жүргізу үшін Қытайдың 5 мың жылдық бейнесін тұтас үйренбесе болмайды. Бұл біздің ең минимум міндетіміз деп түсінуіміз керек. Себебі біздің Қытай туралы қазіргі танымдық дүниелеріміз үзік-үзік, орысша айтқанда, фрагментарное сознание. Осы тұрғыдан мына Орталық Қытаймен қарым-қатынаста биліктің көп нәрсеге көзін жеткізетіндей жұмыс жүргізіп, мұның аса қажеттілік екенін дәлелдей алуы керек. Себебі біздің мемлекеттік мүдделерімізді қорғау үшін, әсіресе, Қытайдан бастау алатын Іле, Текес, Қара Ертіс өзендерінің суын пайдалануды дұрыс шешу үшін ол елдегі осы тұрғыдағы құжаттарды жақсы білу қажет. Бұл орталықтың болашағы – оның қоғамға, мемлекетке пайдалылығына тікелей байланысты болады. Егер ол пайдалы болса, Үкімет тарапынан қолдау болатыны сөзсіз. Егер біз Қытайды жақсы түсіне білсек, өз-өзімізді жақсы тани алатындығымызға күмән жоқ, – деді Мұрат Әуезов.
Тарих ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов та бұл пікірлерді қостады:
–Әлем бүгін Қазақ елін, қазақ деген халықты біліп жатыр. Біздің де міндетті түрде білуге тиіс екі ел бар. Оның біріншісі – Қытай да, екіншісі – Ресей. Ресейді білетін сияқтымыз, бірақ бұдан да терең білуіміз керек. Ал Қытай біз үшін әлі жұмбақ. Жаңа ғана үлкен тарихтың бірінші, екінші бетін көтере бастаған сияқтымыз. Бірақ Қытайдың «20 мың шақырымға жол алғашқы қадамнан басталады» деген мақалы бар. Бұл орталықтың құрылуы – біздің еліміздің қытайтануға деген сол алғашқы қадамы деп түсінемін. Кешегі жат қолына қараған заманда біз тарихымызға солардың көзімен қарадық, солардың үйретуімен жазып, оқыдық. Сөйтсек, біз түсінбеген, біз бағаламаған сәттер баршылық екен. Қытайдың қазақ халқына, қазақ жеріне әсері Ресейден де бұрын басталған. Орыстың әскері ХVІ ғасырдан өткенше, Орал тауынан бері асып келе қойған жоқ. Ал Қытай ықпалы сонау ғұн заманында да, одан беріде де болған. Олардың біздің тарихымызда қалдырған ізі тым тереңде жатыр. Осындай сәттерді жақсы білмей тұрып, біз қазақ-қытай қатынастарының тарихын жаза алмаймыз. Қытай дерегінсіз қазақ тарихы жоқ. Ол шала-жансар тарих болып қалады. Кейінгі кезде ашылған деректердің өзінен ХVІІІ ғасырдағы біздің қаншама батырларымыздың есімдері, ерлік істері, халықаралық дипломатиядағы қадамдары жаңаша белгілі болып жатыр. Айталық, Абылай ханның қасында жүрген серігі Нияз батыр туралы орыс дерегінде 1740 жылы айтылады. Ал оның қоластында қанша үй болды, қанша байлығы бар, Қытайға, Жоңғарға қандай келіссөздерге барды, біз бұл жайында бірінші рет қытай деректерінен ғана білдік. Оған дейін жаңа Мұрат Мұхтарұлы айтқандай, үзік-үзік қана бірдеңелер болды, енді солар тұтасып жатыр. Әрі қарай тереңдей берсек, біз Қытайдың дерегімен, Қытайдың ықпалымен Қазақстан тарихы қалай қалыптасқанын жақсы білетініміз сөзсіз. Қытай бізге байланысты бір емес, екі емес, ондаған орталықтарын ашып тастаған. Құйттай Қазақстанды алып Қытай зерттейді. Ал біз Қытайды зерттеуге келгенде сараңбыз. Олардың су мәселесіндегі пікірлері де қызық. Олар «Қытай-дан барған судың Қазақстанға әсері жоқ, сіздерде көлдер көп» деп, бізді жұбата сөйлейді. Мұны тек дипломаттар ғана емес, тарихшылар, қытайтанушылар да жақсы білулері керек. Біз тарихты жақсы білсек, деректі жақсы білсек, Қытаймен келіссөздер жүргізгенде еңсемізді биік ұстай алар едік.
Жиында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы Кәрімжан Шәкиров, тарих ғылымдарының докторы, профессор Клара Хафизова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Кеңес Қожахметұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей, басқа да ғалымдар мен ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетінің бір топ студенті қазақ-қытай қарым-қатынастары мен оның тарихы, бүгінгі жағдайы және келешегі туралы баяндамалар жасап, өздерінің нақты ұсыныстарын білдірді.
Жиынды қорытқан Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметжанұлы барша қатысушыларға Орталық атынан ризашылық білдіріп, ұсынылған баяндамалар мен мақала, зерттеулердің барлығы жеке жинақ болып шығатынын жеткізді. Жиында айтылған негізгі ой мен жасалған қорытынды – Қазақстанға Қытайтану институты керек.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
http://www.aikyn.kz