Жалпы, қазақ жері тума таланттарға бай. Өнер саласында да, спорт саласында да түрлі сайыстарда бақ сынасып, бір емес, бірнеше елдерге Қазақстанның даңқын асқақтатып жүрген жұлдыздар баршылық. Олардың бәрі өздерін мойындатқан біртуар тұлғалар. Алайда, біз бүгін ел аузында жүрген топ ондықты назарларыңызға ұсынып отырмыз. Оларды өз іріктеуіңізден өткізіп көріңіз. Сіздің ойыңызша, үздіктердің үздігі болуға кім лайық?
Мақаламен танысып шығып, Инстаграм желісіндегі anabol.kz сайты арқылы шетелге танымал болған отандық жұлдыздардың үздігі деп тапқан тұлғаңызға дауыс беріңіз.
- Геннадий Головкин.
Еліміздің абыройын асқақтатып жүрген бүгінгінің хас батыры Головкин Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Дүниежүзілік бокс ұйымдары WBA, IBF,WBC нұсқалары бойынша кәсіпқой бокстан әлем чемпионы. Талай елдің «мен» деген бетке ұстар мықтыларын тізе бүктірген жеңіліссіз жаужүрек талай жеңісті қанжығасына байлап, талай атаққа ие болды. Бүгінде Америка елінде тұрып, сонда жаттығу үстінде. Бүкіл әлемді мойындатқан отанымыздың патриоты шаршы алаңға ұлттық шапан киіп шығады.
- Тимур Бекмамбетов.
Қазақ халқының жүрегіне мақтаныш ұялататын тағы бір ірі тұлға Тимур Бекмамбетов – режиссер, сценарист, продюсер және клипмейкер. Атырауда орта мектеті тәмамдап, Ташкентте театр-көркемөнер саласынан жоғарғы білім алған Бекмамбетов арман қуып, Мәскеуге аттанған болатын. Ол өз жолын жарнамалық роликтен бастаған еді. Бүгінде Ресейде тұрып жатқан қазақ елінің ұланы әлемдік деңгейдегі кинематографқа айналды. Осы күнге дейін қырық шақты құнды фильмдер түсіріп үлгерді. Сіңірген еңбегіне сай айтулы атақ-дәрежелерден де кенде емес.
- Илья Ильин.
Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері — еліміздің маңдайға біткен мақтанышы. Пекин мен Лондонда көк байрағымызды жеңіс тұғырына көтерген екі дүркін әлем чемпионы. Үш түрлі категориялы салмақтан дүниежүзі бойынша жалғыз төрт дүркін әлем чемпионы. Тізбектеп айта берсек, біртуар арысымыздың жеңіс қоржыны бай. Ауыр атлетиканың әлемдік үздігі жасөспірімдер арасында үш рет, жастар арасында бір рет және ересектер арасында төрт рет әлемдік рекордты жаңартты.
- Батырхан Шукенов.
Таланты биік, жаны жайсаң асыл ер Батырды бүкіл қазақ жақсы біледі, бүкіл қазақ жақсы көреді. Өткен жылы ғана аспанымызда жарық жұлдызымыздың сөнгені оны шексіз сүйетін халықтың, тыңдарман мен дос-жаранның – бүкіл елдің қабырғасын қайыстырып кетті. Алайда, оның өнерде салған қайталанбас жолы ешқашан ұмытылмақ емес. Музыка өнерінде мәңгі қалатын жүректі тербеген әндері, оның кесектелмес нар тұлғасы жайлы талай айтылады, жазылады. Отандық ансамбльде өлең айтып бастаған жас бозбала Ресейдің өнер ортасында биікке көтерілді. Қазақстан ғана емес, Ресейдің және өзге де елдің тыңдарманынынң сүйіктісіне айналып үлгерген. Батырдың алар биігінің шегі бұл емес еді. Бірақ қашан да қазақ жұрты «Отан-Ана» деп жырлаған Батырымен мақтанады, оның өлмес рухын мадақтайды.
- Марат Бисенғалиев.
Әйгілі скрипкашы әрі дирижер Мара Бисенғалиев – әсем қала Алматының тумасы. Қазақтан шыққан дарын иесі жиырма жылдан астам Ұлыбританияда тұрады. Ұлыбританиямен қатар Үндістанда жұмыс істейді. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Бирмингем консерваториясының профессоры. AAPRO атты Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі оркестр Альянсының директорларының бірі болып табылады. Музыка өнерін жіті меңгерген «Құрмет» орденінің иегері бірнеше елдерде жеңіс тұғырынан көріне білді. Талай жылдан бері Ұлыбританияда тұрса да, әлі күнге дейін Қазақстан азаматы саналатын музыканттың автобиографиялық «До…ре» атты кітабы бар.
- Марат Жыланбаев.
Марат Жыланбаев Екібастұз қаласынан шыққан марафоншы. Ол адамзат тарихында тұңғыш болып ұлы Сахара шөлін солтүстіктен оңтүстікке кесіп өткен. Гиннес әлемдік рекордтар кітабында жеті рет рекорд орнатқан қазақ баласы. Әлемдік деңгейдегі спорт шебері атанған Марат Жылынбаев бүгінде елуден асқан. Соңғы 150 жыл ішінде «Вокруг света» атты журналына есімі енген алғашқы қазақ ұлтының өкілі.
- Алан Бөрібаев.
Бүгінде 36 жасқа келген Алан Бөрібаев Қазақстаннан шыққан музыка өнерінің өкілі. Ол атаулы өнер саласында елге ғана емес, бүкіл әлемге даңқы жайылған. Бүгінгі таңда Ирландия елінің Ұлттық симфониялық оркестрінің музыкалық жетекшісі. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі қазірде Еуропалық оркестрлермен жұмыс атқарады. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нидерланды елінің Брабанд оркестрінің бас дирижері.
- Сабина Алтынбекова
Жас та болса, бүгінгі күні Қазақстанды шетелге танытып, жастардың көзайымына, бүкіл елдің мақтанышына айналып үлгерген волейболшы Сабина Алтынбекова болашағынан зор үміт күттіреді. Спорттық шеберлігімен ғана емес, келісті келбетімен, сұңғақ бойлылығымен – сұлулығымен көзге түсіп, шетелдік жұртшылықты бірден жаулап алды.Қазақ қызының ажарына тәнті болған Жапон, Қытай елдерінде табынушылары көбейіп, оны анимэ кейіпкерлеріне теңеп жатты. Оған модельдіік агенттіктен де ұсыныс түскен болатын, Алайда, сұлу спортшы волейболды таңдап, бүгінде Қазақстан құрамасында жарыстарға қатысып жүр.
- Нұрлан Сабыров
Нұрлан, бәлкім, жоғарыда аталып кеткен танымал тұлғалардай биіктерді бағындырып үлгермеген болар. Алайда, ол бүгінгі таңда жастар арасында кеңінен танымал. Тек Қазақстан жастары емес, Ресей көрермендерінің ең сүйікті өнерпаздарының бірі. Қазіргі заманға сай форматта сықақшы ретінде қаншама залды күлкіге бөлеген тапқыр қазақ баласы жиырмадан жаңа ғана асқан. Өзімен бірге өнер көрсетіп жүрген Мәскеудегі әріптестерінің арасында ең жас өнерпаз. Оған қоса, отбасылы және әке атанып үлгерді.
- Евгений Набоков
Кәсіпқой хоккейші, қақпашы Евгений Набоков – Өскеменнің тумасы және сондағы хоккей мектебінің түлегі. Отандасымыз 1997 жылы Солтүстік Америкаға аттанған.
Евгений Набоков 11 рет қатарынан жеңіске жетіп, Әлемдік Хоккей Лигасының (НХЛ) рекордын жаңартты. Әлемдік Хоккей Лигасының ең көп гол соққан тұңғыш қақпашысы. Онымен қоймай, 3 бірдей науқан қатарынан 40 рет жеңіске жеткен үздік хоккейші.
Дайындаған: Салтанат Пердешқызы
http://anabol.kz/post.html?id=1001