АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қазақстанның ауыр атлеттері Рио Олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғады — Энвер Түркелери[:]

[:kz]

Без названия (2)Бұл күндері Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан XXXI жазғы Олимпиада ойындары да аяқталуға таяп келеді. Оның жабылу рәсімі уақыт айырмашылығына байланысты 22 тамызға қараған түні таңғы сағат 05:00-де басталады. Қазіргі таңда осы Рио Олимпиадасында өнер көрсеткен отандық спортшыларымыз лек-легімен елге қайтуда. Кеше, 20 тамызда ауыр атлетикадан Қазақстанның ұлттық құрамасының өкілдері Алматыға  оралды.

Оңтүстік астананың Халықаралық әуежайының VIP-терминалының алдында зілтемір көтеруден 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Рио Олимпиадасының чемпионы 23 жастағы Нижат Рахимовты, күміс жүлдегер 22 жастағы Жазира Жаппарқұлды (69 келіге дейінгі салмақ), қола жүлдегерлер: 23 жастағы Карина Горичева (63 келіге дейінгі салмақ) мен 25 жастағы Фархад Харкиді (62 келіге дейінгі салмақ), сондай-ақ, бесінші орын алған 24 жастағы Маргарита Елисеева (48 келі) мен 4-ші орын алған 24 жастағы Чонтей Арлиді (56 келі) спорт саласындағы ұйымдардың өкілдері, зілтеміршілердің туған-туыстары, туған өңірінен келген делегациялар, жас спортшылар, қала тұрғындары — барлығы 300-ден астам адам зор қуанышпен қарсы алды.

Қарсы алушылар арасында ауыр атлетика саласында аты аңызға айналған түркиялық маман, Қазақстан құрама командасының кеңесші-бапкері 74 жастағы Энвер Түркелери де болды. Бұрындары бір балдақпен жүретін ол бүгінде екі балдаққа сүйенетін болған. Соған қарамастан, Энвер аға да Рио Олимпиадасының жүлдегерлерін жанкүйерлермен бірге жас балаша қуанып қарсы алды. Салтанатты шарадан кейін, «ҚазАқпарат» тілшісі атақты бапкерден қысқаша сұхбат алған болатын.

— Энвер аға, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының Рио Олимпиадасында көрсеткен өнеріне қандай баға берер едіңіз?

— Біздің команда Олимпиада тұғырында 5 медальды қанжығаға байлады. Нижат Рахимов өз салмағында алтын медальді иеленсе, Жазира Жаппарқұл күміс медальға қол жеткізді. Үшінші орын алған ауыр атлеттеріміз де баршылық. Негізі Рио-де-Жанейроға екінші құрам барды деуге болады. Бірақ, соған қарамастан олар ел намысын абыроймен қорғап шықты. Осы саланың белгілі мамандары маған Қазақстанда зілтеміршілердің жаңа дарынды буыны өсіп келе жатқандығын айтып, тәнті болғандарын білдірді. Шынында да Қазақстанда дарынды, болашағынан үміт күттіретін жас зілтеміршілер өсіп келеді. Мен ойлаймын, бұл команда 2020 жылы Токидода өтетін кезекті Олимпиада жарысында бұдан да жоғары дәрежеде өнер көрсетеді. 

— Энвер аға, 77 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нижат Рахимов Олимпиада чемпионы атанды. Екінші мүмкіндікте 214 келіні көтеріп, әлем рекордын бірден 4 келіге жаңартып, дүйім жұртты таң қалдырды. Сіз Нижаттың алтын алатындығына сендіңіз ба?

— Әріден бастайын. 2014 жылы қаңтар айында Баку қаласынан маған Нижаттың әкесі Әли телефон шалды. «Менің Ниджат деген ұлым бар. Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының жеңімпазы. Оның арманы — Олимпиада чемпионы болу. Ұлымды Сіздің қолыңызға, Қазақстанға жібергім келеді. Немесе бізге Бакуге келіңіз. Федерация басшылығы да сіздің келгеніңізді қалайды», — деді. Маған әрине, басқа елдерден де ұсыныстар келіп жатады. Менің Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқаныма аттай 12 жыл болды. Қазақстан менің екінші отаныма айналды деуге болады. Маған бұл жерде барлығы ұнайды. Сондықтан мен Нижаттың әкесіне: «Мен ешқайда бармаймын. Ұлыңды 10-15 күнге алып кел. Көрейік. Сонда Қазақстанның атынан өнер көрсетуіне болатын-болмайтындығын айтып беремін», — дедім. Содан  не керек, ұлын алып келді. Нижат ол кезде 21 жаста болатын. 15 күн қолымда жаттықты. Жұлқа көтеруден 133-135, ал серпе көтеруден 160-165 келіні көтерді. Бірақ, мен оның мықты, табиғи қасиеттерін байқадым. Дене күші, әсіресе жылдамдығы өте жоғары дәрежеде болды. Бірақ, техникалық жағынан жеткілікті шыңдалмаған еді.  Мен әкесіне Нижаттың Қазақстанға келсе, оның Әлем және Олимпиада чемпионы бола алатындығын, бұл үшін бірге жұмыс істеу керек екендігін кесіп айттым. Содан Нижат Қазақстанға келді. Сол жылы Қазақстан азаматтығын алды. Ал 2015 жылы ол АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен Әлем біріншілігінде чемпион атанды. Ал биыл, Олимпиада чемпиондығына қол жеткізді. Мен уәдемді орындадым…

— Энвер аға, айтыңызшы, 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жазира Жаппарқұлға алтынға қол жеткізуіне не кедергі болды?

— Жазираға тәжірибе жетіспеді. Өйткені оның басты қарсыласы қытайлық Сян Яньмей өте тәжірибелі атлет. Дегенмен, Жазира осы жарыста өзінің бар мүмкіндігін жүзеге асырды деп ойлаймын. Жазира өте дарынды және ең бастысы өте еңбекқор атлет. Бірақ, әрбір мүмкіндігін өте саналы, өте тиімді пайдалануы үшін оған тәжірибе керек. Әлі уақыт бар. Жазира әлі жас. 23 жасқа енді аяқ басты. Токио Олимпиадасында чемпион болатындығына кәміл сенемін. Бірақ, бұл үшін жаттығуларда және жарыстарға қатысып, аянбай тер төгу қажет.

— Энвер аға, ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бірінші құрамына қатысты жағдайдан бәріміз де хабардармыз. Өкінішке қарай олардың Риоға баруына жол берілмеді. Осыған қатысты өз пікіріңізді білдірсеңіз.

— Бұл менің әрі ызамды әрі күлкімді келтіреді. Мен ауыр атлетикада жүргеніме 40 жылға таяды. Спортшының допинг қабылдаған-қабылдамағанын жарыстан соң 10 күн ішінде анықтау қажет. Әділдігі осы. Қолыңнан келе ме, әдісін, технологиясын тап та 10 күн ішінде анықта. Бірақ, 8 жылдан кейін емес қой!? Бұл барып тұрған әділетсіздік. Илья Ильин үшін бұл өте ауыр психологиялық соққы. Өте аянышты жағдай. Ал, Илья әлемдік ауыр атлетиканың көрнекті тұлғасы. Ол Қазақстан ауыр атлетикасының символы. Осындай адамды осындай лас әрекетпен қорлауға бола ма!?  Халықаралық Олимпиада комитеті өзінің қателігін түсінді деп ойлаймын. Енді мұндай әрекеттерге бармайтын шығар. Бірақ, амал қанша, Рио Олимпиадасы артта қалды. Енді болашаққа үмітпен қарайық.

— Әңгімеңізге рахмет.  

http://www.inform.kz/

 

Автор: Айбота Жаппарберген

[:]