Ирак және Левента Ислам мемлекеті (ИЛИМ) ТМД елдеріне, оның ішінде Қазақстанға, Ресейге және Әзірбайжанға тікелей қауіп төндіре алады. Бұл мәселені кеше лаңкестікке қатысты Мәскеуде өткен арнайы жиында бір топ сарапшы кеңінен талқылады деп жазады «Новый регион» атты ресейлік басылым.
АҚШ Таяу Шығысты бөлшектеуге жағдай жасап отыр, өйткені оларға шағын әрі осал мемлекетті қақпақылаған әлдеқайда тиімді. Жеке мемлекетпен, оның басшыларымен келіссөз жүргізу біршама қиындық туғызады (мысалы, Ливиямен, Мысырмен, қазіргі Иракпен, Сириямен). Осы себепті сарапшылардың пайымынша, Сирия мен Иракқа дендеп еніп жатқан әсіре исламшылар басып алатын территория көлемі күннен күнге кеңейе түседі.
Сондай-ақ аталған жиынға қатысушы мамандардың пікірінше, ендігі кезек Түркияға жақындап қалған.
Ал посткеңестік кеңістікке келер болсақ, оның әрқайсысына ИЛИМ тарапынан қауіп-қатер төніп тұр екен.
«ТМД елдері ішінде Қазақстан Халифат құру идеясына тез беріліп кету қаупі бар. Өйткені Қазақстанның басым бөлігі исламның суннит бағытына бас ұрады. Ал Әзірбайжан онсыз да лаңкестер бар қауіпті аймақтармен шектесіп жатыр» дейді Мәскеуден шығатын «Ұлттық стратегиялар мәселелері» журналының бас редакторы Аждар Куртов.
Каспий ынтымақтастығы институтының бас директоры Сергей Михеев ИЛИМ ұлттықтан жоғары тұратын, адамдарды тек діни таңдауына қарай біріктіретін жоба екеніне баса назар аударуды сұрайды.
– Ұлттық мемлекет идеясын жоққа шығару АҚШ-қа ғана тиімді, себебі олар жер бетінде ірі, мықты ұлттық мемлекет болмауы керек деп есептейді. Оларды қазақтың, түрікменнің, әзірбайжанның ұлттық болмысы мен ерекшелігі еш қызықтырмайды, тек әсіре ислам болса, жетіп жатыр, қалғанының барлығының көзі жойылуы тиіс, — дейді ол.
Бұл арада сарапшылар ТМД елдері азаматтарының ИЛИМ қатарына өтуін де сөз етті. Бірақ олардың қазір ИЛИМ-да жүргені емес, ертең ислам мемлекеті идеясы мен амал-тәсілдерін – әсіре элементтерін отанына оралуда ала келуінен туындайтын қауіп қатты алаңдатады.
«Алаш айнасы» — Аударма
Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/kazakstannyin-halifat-kuru-ideyasyina-tez-berlp-ketu-kaup-bar—sarapshyi-60372/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі