Бұған дейін «Қазақтың басты мәселесі – баспана» деген мақала жариялағанымыз оқырманның есінде болар («Түркістан», 16 сәуір, 2015 жыл). Талай қандастырымыз үшін үлкен шаһардың қорап пішіндес үйлерінен аз дегенде алты қадамдық пәтерді жеке меншікте иелену арман болса, базбіреулердің тілек-мұраты әлдеқашан шекара асып, ынта-ықыласы мұхиттың ар жағына ауған. Ресми деректерге қарағанда, бүгінде жарты миллионға жуық қазақстандықтың шетелде жылжымайтын мүлкі бар көрінеді. Басқаша айтқанда, жиынтық саны 17 миллионнан енді асқан халықтың 3 пайызының жат жұртта бас-панасы бар деген сөз. Аз емес.
Қолда бар деректерге қарағанда, тоқсаныншы жылдардан бері байқалған жат жұрттағы жылжымайтын мүлікке деген сұраныс 2007-2008 жылғы дағдарыстан кейін біраз бәсеңдеген. Бірақ соңғы екі-үш жылда қалталы қазақстандықтар қайтадан шетелдік нарыққа қаржы құя бастады. Енді жылдан-жылға бұл сұраныс арта түспесе, бәсеңдейтін емес.
Елде жарияланған мүлікті заңдастыру науқаны бұл тақырыптың көрігін қыздыра түсті. Былтыр қыркүйек айында басталған мүлікті заңдастыру науқаны шетелде орналасқан жылжымайтын мүлікті тіркеуге алуға үндейді. Бұл науқан қазірдің өзінде жеміссіз емес. Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында Солтүстік Қазақстан облысының бір азаматы Омбы қаласындағы пәтерді заңдастыруға талап білдірген. Қаржы министрлігі жақында Алматы облысының салық органдарына Дубай қаласындағы жылжымайтын мүлікті заңдастыруға қатысты өтініш түскенін хабарлады. Бұл мүлік 108,229 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Жалпы, шетелде жылжымайтын мүлкі бар азаматтар саны жарты миллионға жетіп қалса, оның ішінде 179 қазақстандық азаматтың иелегіндегі мүлік аса бағалы санатқа жататыны анықталған. Алдағы он жылда бұл көрсеткіш екі еселенуі мүмкін деседі. «Форбс» журналының жыл сайын ел-елдегі миллиардерлердің атын атап, түсін түстейтіні белгілі ғой. Қазақстандық миллиардерлердің саны да, олардың иелігіндегі байлық та жыл санап өсіп келе жатқанына қарағанда, мұндай болжамдарды теріске шығаруға болмас.
Басқаша айтқанда, бүгінгі таңда шетелдегі жылжымайтын мүлік сатып алатындар орта дәулетті тұрғындар емес, елдің «сүт беті қаймақтары» немесе «ығай мен сығайлар». Егер қазақстандықтардың меншігіндегі шетелдік мүліктің бәрін есепке алып, ортақ көрсеткіштерін анықтаса, онда олардың басым бөлігі – аса қымбат әрі элиталық мүлік екені белгілі болар еді. Мұндай мүліктердің орташа бағасы 400 мың доллардан басталып, 5 миллион долларға дейін жетеді.
Кейінгі жылдары қазақстандықтар Түркия, Болгария, Испания елдерінде жеке баспана алуға құмар. Мұның себебі аталмыш елдердегі экономикалық тұрмыс деңгейінің салыстырмалы түрде қолжетімді болуы, оның үстіне бұл елдер – тұрақты әрі дамыған елдер нарығына шығуға көпір. Бұған қоса, жыл сайынғы отбасылық демалыс ұйымдастырудың арзан әрі тиімді жолы.
Бұған дейінгі мақалаларымызда қытайлардың Ұлыбритания мен Еуропа нарығында экономикалық белсенділігі артып келе жатқанын жазғанбыз. Шамасы, қазақтар бұл көштен қалыс қалмақ емес. Әлбетте, 1,3 миллиардтан асатын халықтың қуат-қарымы мен 17 миллион халықтың сатып алу қабілетін салыстыру, безбендеу оңай емес. Бірақ сандық емес, сапалық көрсеткішке салсақ, еуропалық мүлік нарығында қазақ инвесторларының салмағы еселене түскенін аңғаруға болады.
Жалпы, қазақстандық азаматтардың шетелде жылжымайтын мүлікке қаражат құюының бірнеше себебі бар. Біріншісі, әрине, «қара алтын» саудасынан түскен пайда. Елдегі инвестициялық нарықтың кенже қалуы, капиталды сақтау тетіктерінің әлі де жетілмегені артық ақшаны сыртқа алып кетуге бірден-бір себеп. Екіншіден, кейбір азаматтар келешектегі қоныс аударудың бірнеше бағытын қарастырып қоюы да ғажап емес. Көптеген елдерде тұрғылықты азамат атану үшін сол мемлекеттен жеке жылжымайтын мүлік сатып алу негізгі талап саналады. Мұндай баспанасы бар адам әлдеқандай жағдайда жат жұртқа көшуге дайын деген сөз. Үшіншіден, әуелі байлыққа ие болуды ойлаған адам байып алған соң оны қорғаштап, барын сақтаудың жан-жақты жолын қарастырып, түрлі алаңға түсері белгілі. Кейбір қалталы азаматтар үшін шетелдегі жылжымайтын мүлік қазіргі таңда капиталды сақтаудың таптырмас амалы. Оның үстіне, Қазақстандағы жылжымайтын мүліктің бағасы әлемдегі атақты курортты аймақтардың немесе ірі қалалардағы шаршы метрлердің құнымен пара-пар, кейді тіпті одан да қымбатырақ екені жасырын емес.
Мысалы, Болгарияда 30-40 мың еуроға пәтер сатып алуға болады деседі. Оның үстіне, болгарлық үкімет жылжымайтын мүлік сатып алған шетелдік азаматтарға үш жылға жарамды виза беруге дайын. Ал осы бағаға Астанадан бір бөлмелі пәтер табу қиынға соқпақ. Табылған күнде, ол бұрынғы жатақхана немесе қала шетіндегі әлі салынып болмаған үй болуы ғажап емес.
Түркиядан да шамамен осындай бағаға тұрғылықты баспана табуға болады. Қазақтар көбіне Анталья, Аланья сияқты курортты аймақтардан үй алуға ынталы. Дегенмен, Стамбулдың қақ төрінен элиталық ғимарат салып алуға қабілетті қазақтар да баршылық.
Испанияның курортты аймақтарынан шамамен 150 мың еуроға тұрғын-жай сатып алуға болады. Алматы не Астанадағы шаршы метрлердің бағасы бұған пара-пар, кей жағдайда тіпті қымбатырақ. Әрине, испан жағалауларында 500 мың еуро тұратын үйлер де бар, бұл енді аса бақуатты қазақтардың таңдауы. Қазіргі таңда Испаниядағы әрбір бесінші қымбат үйдің иесі – бұл елде тұрақты өмір сүрмейтін қалталы шетелдік азамат. Қазақтар, әсіресе, Мадрид, Барселона, Валенсия қалаларынан үй-жай алуды құп көреді.
Кейбір елдерде «экономикалық азаматтық» түсінігі заңды түрде қолданысқа енді. Мысалы, Португалияда тұрғылықты тұруға рұқсат алу үшін жылжымайтын мүлік нарығына аз дегенде 500 мың еуро құю керек. Басқа елде тұрғылықты өмір сүруге рұқсат алу деген сөз сол елде бизнес жүргізудің, жергілікті тұрғын ретінде түрлі жеңілдіктер алудың, шетелде біржола қоныс теуіп, болашақта азаматтық алудың мүмкіндігіне ие болу деген сөз.
Ал Латвия нарығына 250 мың еуро инвестиция құйған шетелдік азамат осы елде тұрғылықты өмір сүруге құқық алады. Кейбір деректерге қарағанда, осы рұқсатты пайдаланушылар ішінде ресейліктер, қытайлықтар мен қазақтардың саны басым.
Десе де, бақуатты қазақтар үшін Ұлыбритания мен АҚШ жерінде жеке баспана сатып алу тек инвестиция көзі ғана емес, әлеуметтік статусты білдіретін индикатор. Франциядағы Көкшіл жағалау – әлемдегі байлар арасында кең танымал мекендердің бірі. Оған қоса, Италияның Комо және Маджоре көлдерінің жағасынан үй сатып алу да бақуаттылықты паш етудің бір көрінісі саналады. Байлығын көрсетуге құмар кейбір қазақстандықтар Комо мен Маджореден жеке вилла сатып алып үлгерген.
Лондон және Дубай – инвестиция көзі ретінде жылжымайтын мүлік іздеген қазақстандықтар үшін ең көп сұранысқа ие қалалар. Қазіргі таңда Лондонның жылжымайтын нарығында ресейліктер, арабтар мен қытайлардан кейінгі белсенді топ – қазақтар десек, артық айтқандық емес.
Тіпті жергілікті риелторлық компаниялар Лондонның орталық аудандарындағы ең қымбат үйлерді жатжұрттықтардың «басып алып» жатқанына ашық алаңдаушылық білдіруде. Себебі шетелдік инвесторлардың ағылшын жылжымайтын мүлік нарығына деген әсіре сұранысы бағаның күрт қымбаттауына себеп болған. Мұның салдарынан орта тұрмысты британдықтар үшін өз елінде баспана сатып алу қиындай түсті.
The Telegraph газеті жазғандай, соңғы жылдары ТМД елдерінің азаматтары Лондонның қымбат үйлерін сатып алуда аса белсенділік танытуда. Олардың ішінде, қазақстандықтардың үлесі қомақты. Қазақстандықтар Лондонның өзінде ғана емес, басқа қалаларда студент балаларына арнап, пәтер сатып алуды жөн көреді. Мұндағы баспананың бағасының қымбаттығы да қазақтар үшін тосқауыл емес: олар 1,5 миллион фунт стерлингтен 20 миллион фунт стерлингке дейінгі жылжымайтын мүлікті саудалай алады.
Ұлыбритания үкіметі шетелдік инвесторларға тұрғылықты тұруға рұқсат алу үшін белгілі бір шарттар енгізген. Бұл елде тұрақты өмір сүруге рұқсат алу үшін шетелдік азамат жергілікті жылжымайтын мүлік нарығына кем дегенде 1 миллион фунт стерлинг қаражат құюы тиіс. Оның 750 мыңы мемлекеттік облигациялар, құнды қағаздар мен британ компанияларының акицяларын сатып алуға жұмсалса, қалған 250 мыңына баспана алуға не ағылшын банкіндегі есеп-шотқа салуға болады. Осыдан соң бес жылдан соң шетелдік тұрғылықты тұруға рұқсат алады. Егер бұдан көбірек қаражат құйса, Біріккен Корольдікте еркін жүріп-тұруға рұқсатты да ертерек алмақ.
Америкада баспана алуға құлық танытқан қазақстандықтар көбіне балаларының болашақ оқуы мен сол елде жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырады. Олардың дені 350-850 мың доллар тұратын пәтер алуға қауқарлы. Дегенмен, құны 1,5-2,5 миллион долларға жететін жеке коттедж үй алуға дәмелілер де бар.
Шетелдегі жылжымайтын мүлікке деген сұраныс алдағы уақытта арта бермек. Мұның бір себебі, Қазақстандағы тұрғын үй бағасының шамадан тыс қымбат екендігі. Көптеген сарапшылар жергілікті нарықтағы шаршы метрлердің жақын арада арзандамайтынының себебін ең әуелі құрылыс заттарының сырттан тасымалдануынан көреді. Оның үстіне, алдағы уақытта девальвация толқынының қайталану қаупі нарықтағы бағаның төмендемеуіне түрткі.
Шындығында, Алматы не Астана тұрғынының туған қаласында баспана алу мүмкіндігі еуропалық, британдық пен америкалық азаматтарға қарағанда әлдеқайда қиын екенін бұрын да жазғанбыз. Президент Н.Назарбаевтың өзі елдегі тұрғын үй бағаларының еуропалық нарықтағы көрсеткішпен теңесіп қалғанын, жағдайды дереу өзгерту керектігін айтқанымен, тұрғын үй нарығы өзіндік шарттармен өмір сүруде.
Қазақстан қалаларынан пәтер сатып алғаннан Англияның кей қалаларында немесе Америкада баспана сатып алу әлдеқайда қолжетімді көрінеді. Мысалы, Америкадағы Лас-Вегас қаласындағы шаршы метрдің орташа бағасы 903 доллар шамасында болса, Астанада шаршы метрдің орташа бағасы 1500-1700 доллар. Бұған қоса, америкалық тұрғынның орта табысы астаналық тұрғынның жалақысынан әлдеқайда жоғары екенін ескеріңіз. Яғни, орта табысты америкалық бір айлығына кем дегенде 5 метр сатып алуға қауқарлы болса, астаналық тұрғын өзінің бір айлық табысына жарты метрді әрең алады. Енді екі елдің азаматы толыққанды пәтер сатып алу үшін қанша уақыт қаражат жинауы қажет екенін есептеп көріңіз.
Соңғы жылдары Қазақстанда шетелдік жылжымайтын мүлік сататын риелторлық агенттіктер қатары көбейді. Бұған қоса, еуропалық риелторлық компаниялар ТМД азаматтарымен қоян-қолтық жұмыс істеуге кетәрі емес. Яғни, өз елінде пәтер сатып алудан үміті аз азаматтардың кейбірі алыс та жақын шет елдер нарығына көз жүгірте бастағанына таң қалудың қажеті жоқ. Жаһанданудың арқасында бұл өзгеріс тұрмысымызға одан әрі дендей бермек.
Ұлыбритания
Гүлбиғаш ОМАР
http://turkystan.kz/