Қазақ халқының Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі де, еңбегі де ересен. Деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысына барлығы 35 миллион адам қатысқан. Соның ішінде соғысқа Орталық Азия республикаларынан 3 миллионға жуық адам қатысса, оның 1 миллион 366 мыңы қазақстандықтар екен. Олардың арасында жауды атып түсіруде рекордтық көрсеткішке ие болған снайперлер де, сан түрлі соғыс тактикасымен жеңісті жақындатуға септігін тигізген, бойында ұлтымызға тән батырлық рухы бар қандастарымыз да аз болмаған. Бүгінгі күні оларды өз дәрежесінде насихаттап, ұлықтасақ, ешкімнің бізге «қой» демесі анық. Алайда сол батырларымызды өз дәрежесінде дәріптей алмай отырғанымыз рас. Осы орайда, «қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктерін әлемге таныта алмай отырғанымыз өз кінәмізден емес пе» деген сауалды мамандарға қойып көрген едік.
Берекет КӘРІБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
иә
– Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтардың көрсеткен ерлігі орасан зор. Майданда да, тылда да олардың көрсеткен ерлігі мен еңбегі жеңісті жақындатуға өз септігін тигізген. Тіпті «майданда атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалған» деген деректер де айтылып жүр. Мұның бәрі рас. Тылдағы еңбеккерлеріміздің жеңіске қосқан үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ әлі де болса қаншама батырларымыздың еңбегін біз өз дәрежесінде көрсете алмай отырмыз. Солардың барлығы кезінде Кеңес Одағының батыры деген атаққа ұсынылса да, ала алмады. Бұл сол кезеңдегі тоталитарлық жүйенің әсері еді.
Енді Тәуелсіз ел атанғанымызға да жиырма жылдан асты. Әлі де болса сол батырларымызды дәріптеп, төбемізге көтеріп, ерлігіне сай елесек бізді ешкім етегімізден тартпас еді. Бірақ біз соған тоңмойындық көрсетіп келеміз.
Әуе күштерінде, атты әскер, жаяу әскер құрамында да ерекше ерлік көрсеткен батырларымыз өте көп. Бұрындары осы туралы азды-көпті зерттеулер болды. Тарих институтында Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтардың ерлігін зерттеумен арнайы айналысқан бірнеше тарихшылар болды. Олар жатпай-тұрмай осы соғыс кезіндегі қазақ батырларының ерлігін зерттеп, газет-журналдарда мақалалар жазып, ұлтымыздың жеңісті жақындату жолындағы ерен еңбегін жан жақты көрсетті. Қазір ол тарихшыларымыздың барлығы дерлік өмірден өтті. Ал қазір осы тақырыпты зерттейтін қоғамымызда тарихшы да қалмады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ұлтымыздың ерлігі бүгінде қоғам назарынан мүлдем тыс қалып барады. Рас, біз ол кезде өз Отанымызды қорғамадық. Алайда бұл оқиғаны біз тарих бетінен сызып тастай алмаймыз. Қаншама қаракөз қандастарымыздың қаны төгілген бұл соғысты біз бәрібір зерттеуіміз керек. Өз ұлтымыздың ерлігін айрықша көрсетуіміз керек. Ресей осы соғыстағы тарихтың кейбір ұнамсыз тұстарын айтпауға тырысып жатыр. Ендеше, біз де соғыстың ондай тұстарына Тәуелсіз елдің көзқарасымен қарап, өз бетімізше зерттеуіміз керек еді. Тарихты өнермен ұштастырып, қазақ батырлары жайлы кинолар, деректі фильмдер түсіруіміз қажет. Қазір Ресейде соғыс жайлы көптеген кинолар түсіріліп жатыр. Бірақ онда орыстардың ерлігі дәріптеледі. Ол үшін оларды кінәлай да алмайсың. Қолымыздан келсе біз де олардан асып түсетін кинолар түсіріп өз өзімізді танытуымыз керек еді, көрсетуіміз керек еді. Сол арқылы мойындатуымыз керек еді. Сондықтан қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктерін басқаларға таныта алмай отырғанымыз өз кінәміз деуге болады. Тіпті ертеңгі күні Рақымжан Қошқарбаев өзбек еді деп дәріптеп, өзбектер кино түсіріп алдымызды орап кетсе, ішіміздің күйгені сол емес пе?!
Екінші дүниежүзілік соғысқа Тәуелсіз елдің көзімен қарап баға беретін, өз батырларымызды дәріптейтін кез жетті. Біз өзіміз барымызды бағаламасақ, ешкім бізге батырымызды зерттеп, кино түсіріп, ұлтымыздың батырларын ұлықтап бермейді. Бүгінгі күні бұған біздің мүмкіндігіміз де жетеді. Сондықтан келешекте батырларымызды зерттеп, оларды болашақ ұрпаққа, басқаларға танытып, халқымыздың бойында патриоттық рух қалыптастыруды қолға алуымыз керек.
Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
жоқ
Біз неге қит етсе өзімізді кінәлап шығуға дайын тұрамыз? Қазақ соғыс кезінде басын бұғып қалған жоқ. Батыр халыққа тән ерлік көрсетті. Ол батырларымыз айтудай-ақ айтылып жүр. Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметовалардың ерлігі бүгінгі күні кез келген қазақ баласының аузында айтылып жүр. Олар туралы кинолар да түсіріліп, кітаптар да жазылып жатыр. Көше, мектеп, мұражайларға аттары да берілді. Бұдан артық не керек? Бізге оларды әлемнің танығаны емес, алдымен өзіміздің танып, мойындауымыз керек. Ұлы Отан соғысының тарихы туралы Мәскеуде көптомдық кітап жарық көрді.
Онда да қазақтардың ерлігі ашықтан-ашық көрсетілген. Бәрінің аты аталған. Сондықтан біз Ұлы Отан соғысы кезіндегі батырларымыздың ерліктерін мойындата алып отырмыз деп айта аламын.
Олар қазақтардың ерлігін мойындамағанда қайда барады? Мәселен, архивті ақтарғанда да Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккені ашық жазылған. Сондықтан бұл жерде өзімізден кінә іздеудің түкке қажеті жоқ. Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақтардың қаншалықты еңбек сіңіріп, қаншалықты ерлік көрсеткені кеңінен айтылып жүр. Жанқиярлық ерлігі мен батырлығы үшін 96 638 қазақстандық жауынгер бірнеше дүркіннен орден және медальдармен наградталды. 497 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың 97-сі қазақ болатын. Қазақстан жерінде 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы мен 50-ге жуық әртүрлі полктер, батальондар құрылып, майданға аттанған. Соғыстың төрт жылы ішінде Қазақстан мемлекетке 482,8 мың тонна астық, 217,6 мың тонна картоп, 143,2 мың тонна көкөніс, 1193,2 мың тонна қант қызылшасын, 155 ,3 мың тонна мақта тапсырған. Яғни соғыста ғана емес, біз тылда да жеңісті жақындатуға айтарлықтай еңбек сіңірдік. Мұның бәрі айтылып, жазылып жүр. Сондықтан жеріне жеткізіп айта алмадық деп ренжудің қажеті жоқ.
Біз қазір қит етсе өзімізді таныта алмадық деп ренжиміз. Онсыз да бізді қазір әлем танып отыр. Жиырма жылдың ішінде талай ел бізді Тәуелсіз, батыр ел ретінде таныды. Сондықтан өзімізді кінәлаудан гөрі барымызды одан әрі бағалауды ойлауымыз керек. Қазір шетелдік ғалымдар мен тарихшылар да келіп, бізді зерттеуге құлшыныс танытып жатыр. Бұл олардың бізді мойындағанының, танығанының белгісі деп ойлаймын.
Бейтарап пікір
Болатбек НӘСЕНОВ, тарих ғылымының докторы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры:
– Ұлы Отан соғысы кезінде шовинизм бәрібір орын алды. Қазақ болғаны үшін талай батырымыз батыр атағын ала алмай қалды. Ұлы Отан соғысында КСРО Батырларынан саны жағынан бірінші – орыстар, екінші орында – украиндар, үшінші орында – белорустар, төртінші орында еврейлер тұрды. Бесінші орынды қазақтар иеленді. Егер біздің батырларымыз өз дәрежесінде бағасын алғанда, біздің батырларымыздың саны қазіргіден әлдеқайда көп болар еді. Жалпы, біздің халқымыздың соғысқа сіңірген еңбегі еленбеді деуге болады. Қазақ өзі батыр халық қой. Соғыста ерлік көрсеткен, жауынгерлерге медициналық көмек көрсеткен қыздардың ішінде де қазақ қыздары өте көп болған. Бүгінде осының барлығы архивте шаң басып жатыр. Оны іздеп барып, зерттеп жатқан да тарихшылар жоқ. Сондықтан Екінші дүниежүзілік соғысты түбірімен қайта зерттеп жазатын кез жетті.
Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ
Алаш айнасы