АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақтілді қоғамның ықпалы бар ма?

©Нұрғиса Елеубеков (фото)Қазақстан мемлекетінің автохтон этносы болып табылатын қазақтардың өз елінің мәдени, саяси және әлеуметтік стратегияларын таңдауға әсері бар ма деген сауалаға бір мәнді жауап беру қиын. Өйткені, бүгінгі таңда қазақтар мәдени және тілдік тұрғыда біртұтас ұлт болмай отыр. Параллель екі тілді әлемде (орыстілді және қазақтілді) өмір сүріп жатқан қоғамның ұлттық мүддені түсінуі де кереғарлық сипатта болады. Мұны БАҚ- та жарияланған қоғамдық пікірлерден айқын көреміз. Мемлекеттің күллі саласында функционалдық тұрғыда басым тіл рөлін атқарып отырған орыс тілі өзі қаласын я қаламасын қазақ тілінінің өркен жаюына кедергі келтіруде. Әсіресе, полиэтностық қалалық жерде оның барлық салада үстемдігін анық байқаймыз. 

Осыған сәйкес, орыс тілін қолданушылар қазақтілділерге қарағанда қоғамдағы ықпалы тұрғысынан анағұрлым қуатты әрі пәрменді. Жетпіс жылдық бодандық тарихи жағдайға байланысты қазақтілділер қуып жетуші және қайталаушы рөлде қалуға мәжбүр болуда. Шешім шығарушы жоғары эшалон, саяси элита қазақ тіліндегі ақпарттарға екінші сұрыптағы дүние деп қарайтыны еш құпия емес. Мұндай жағдайда ең алдымен кімнің арман-мұраты мен мұң-зарына үкімет құлақ асатыны айтпаса да түсінікті. Шенеуніктердің пайымдауында кәсіби біліктілік тұрғысынан да орыстілділер қазақтілділерден артық делінеді. Бұл таптаурын болған көзқарас болса да адамдардың санасында әжептәуір орын алған жаңсақ наным болып отыр. Отаршылдық зардабының салқынын әлі сезінудеміз. Қазақстанда ғана орын алған пародокс жағдай: тілдік кемсітушілікке мемлекетке өз атын берген этнос өкілдері ұшырап отыр. Бейне бір жиырма үш жыл тәуелсіздік кезеңі болмағандай. Таза қазақтар тарихи әділеттілік орнамағандай сезімді бастан кешуде. Ұлты қазақ (монотілді) адамдардың кәсіби жетістікке жетуі мүмкін болмай отыр. Қазақтардың мұндай мүмкіншіліктен айырылған, жәбір көрген сезімде болу себебін ұлттық теңсіздіктен іздеу керек. Тәуелсіздік алған кездегі жергілікті қазақтардың ұлттық тұрғыда күткен үміті мен жеткен жетістігі арасында алшақтық орын алып отыр. Қарапайым қазақтар оларды тәуелсіздік факторының арқасында үлкен байлыққа ие болған саяси басшылары алдап кеткендей сезімде жүр. Әлеуметтік-экономикалық қана емес, тілдік-рухани тұрғыдан да нағыз қазақтар билікке өкпелі. Психологиядан белгілі құбылыс: тұлғаның әрекеттену деңгейі мен ол әрекетін іске үйлестіру мүмкіндігінің шектеулі болуы фрустрация күйін тудырады. Бұл күйдің өршуіне ұлттық -мәдени, тілдік сегрегация және элита мен плебей көпшіліктің қолданыста әр тілді пайдалануы өз үлесін қосуда.

БҰҰ-ның даму жөніндегі бағдарламасы (UNDP) адамдардың даму деңгейі бойынша мемлекеттерді салыстыратын өлшемді – Адам Даму Индексі (АДИ), ағылшынша Human Development Index (HDI) дегенді ұсынды. Оны пәкстандық экономист Махбуб-уль- Хак жетекшілік еткен топ 1990 ж. жасап шығарды, кейін оның концептуалдық құрылымын Нобель сыйлығының лауреаты, әйгілі үнділік экономист Амартия Сен негіздеді. Қысқаша мәлімет бере кетсек, АДИ (орысша, ИЧР) адамның өмір сүру ұзақтығын, білімін, сауаттылығын және адам басына шаққандағы ЖІӨ өлшемдерін біріктіреді. Индекс адамның жалпы даму деңгейін көрсетеді. БҰҰ Даму Бағдарламасы АДИ-дың даму деңгейін адамдардың таңдау қабілеті, білім алу мүмкіншіліктері, денсаулық сақтауға арналған, табыс табу мен жұмыс жағдайлары сияқты факторларды есепке алатын үрдіс деп атайды. АДИ- ді санағанда үш басты көрсеткіш есепке алынады: 1) Өмір сүру ұзақтығы — халықтың денсаулығы мен ұзақ өмір сүруін өлшейді; 2) Халықтың білім деңгейі (оқытуға кететін орташа жыл ) мен білім беру жүйесі (күтілетін оқыту мерзімінің ұзақтығы); 3) Өмір сүру стандарты, адам басына шаққандағы жалпы ішкі өніммен өлшенеді (сатып алу қабілетінің тепе теңдігі бойынша АҚШ долларымен есептеледі). Кейін бұл өлшемдерге адам дамуының мүмкіндігі индексі (ИРЧП) мен көп өлшемді кедейлік индексі (ИМБ) сияқты көрсеткіштер қосылды. АДИ мәніне байланысты елдерді даму тұрғысынан өте жоғары, жоғары, орташа және төмен деңгейде деп топтастыру қабылданған. Демек, кез келген елде адам капиталы сапасы мемлекеттің білім беру мен денсаулық саласына қаншалықты назар аударуына байланысты. Біздің елде білім мен ғылым саласы үлкен өзгерістерді бастан кешіруде. Мұндағы бір көңіл аударатын мәселе мемлекеттік саясат байырғы халықтың мүмкіндігін ашуға қаншалықты жағдай жасап отыр? Қазақтілді қазақтардың жоғары білімге қол жетімділік деңгейі, олардың әлеуметтік лифт, кәсіби өсу мүмкіндігі қаншалықты қанағаттандырылады? Адамдардың материалдық игілігін қамтамасыз етуде, тұлғалық өзін-өзі жүзеге асыру, билік пен табысқа жету, өзінің өмір сүру кеңістігін ұлғайту мен даму қажеттілігін қанағаттандыруда кәсіби мансапқа жету маңызды рөл алады. Алайда бүгінгі таңда монотілді қазақтар үшін ағылшын тілі фрустрация факторына айналып отыр. Ал, өзінің ана тілінде қазақтар сапалы білім алу мүмкіндігіне ие ме?

Студенттер мен магистранттар тарапынан қазақ тілінде ақпарат өте аз деген шағымды жиі естиміз. Мәселен, психология мамандығы бойынша қазақ тілінде жарық көріп жатқан оқу құралдары мен әдебиеттерге айтылар сындар көп. Оқушы студенттер сөздер мен сөз тіркестерінің ұйқасы болмағандықтан мәтіндерді түсінбей қиналамыз дейді. Расында да ғылыми қазақ тілі орыс тіліндегі сөздерді мағынасына қарамай тура аударып алынғандықтан калька тілге айналып кетті. Мына ақпарат ғасырында қазақ тілі толыққанды даму үшін мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған орасан үлкен қолдау қажет. Халықтың этномәдениеті мен тілін қорғайтын төл мемлекеті болмаса, ол – бейнелеп айтсақ, дәл біреудің есігінде күн көрген адамның психологиялық жай-күйін кешеді. Адамзат тарихынан жеке тәуелсіз мемлекеті жоқ этностардың тағдыры өте аянышты екендігін білеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде қаншама тілдер мен мәдениеттер, халықтар жер бетінен жойылып кетті және жойылу үстінде. Қазіргі уақытта әлемде геосаяси және экономикалық текетірестермен қатар мәдениет пен тілдер арасында да майдан жүріп жатыр. Бұл мылтықсыз майданда жеңіске жету үшін не істемек керек? Соңғы бір ғасыр төңірегінде біржола жойылып кеткен сансыз тілдердің тарихынан хабардармыз, ал бірақ жаңадан пайда болып жатқан тіл туралы естігеніңіз бар ма? Ондай фактілер жоқ. Демек, ақыр аяғында тек өзін мойындатқан тілдер ғана қалады. Өзін мойындатқан тіл ғана өмір сүруге құқылы. Қазақ тілі туралы ол өзін мойындатты деп айта аламыз ба?

Есімі әдебиет саласындағы қауымға жақсы таныс, «Ақшам хаттары», «Ырауан», «Қас Сақ Аңқымасы» атты кітаптардың авторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, сыншылардың пікірінше, әдеби ортадан алыс жатып, әдеби әлемді ерекше жырларымен дүр сілкіндірген өзгеше ақын – Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген бір мақаласында мынадай бір ой айтады: «Өкінішке қарай, біздің қоғамда Сөзді дұрыс ұғынбау һәм дұрыс қолданбау дерті – мемлекеттік масштабқа дейін асқынып кеткен қасырет». Ол кісінің айтуынша, қазіргі қолданыстағы «Үштұғырлы Тіл» саясаты» деген сөз тіркесі «мемлекеттік Тілмен өмір сүру және қос тілді қоса меңгеру» аталуы тиіс. Өйт¬пейі¬н¬¬ше, қазақ тілінің мемлекеттік айырықша мәртебесі мүлде ескерусіз қалып, ағылшын, орыс тілдерімен бір деңгейде қолданылар, қатардағы тіл болып қалып кетпек. КСРО заманында да «үштілділік» (қазақ, орыс және бір шет тілі) саясаты болған; нәтижесінде, «коммунизм тілінің кереметтілігінен» қазақтың тең жартысына жуығы түбегейлі орыстанып тынды. Автордың бұл алаңдауын негізсіз дей алмаймыз.

Мемлекеттік тілдің мүшкіл жағдайы бәрімізге белгілі. Мұндағы мәселелерге ерекше құлақ түріп назар аударып жатқан билік жоқ. «Өтті, болды» мақсатымен жасалатын кезекті іс-шаралар көзбояу үшін жасалғандықтан сананы селт еткізбейді. Биліктің тек ағылшын тілін көтермелеп қолдаған саясатының ғана әсері бар сияқты. Оны қазақстандықтардың балалары мен немерелерін тілдік курстарға беріп жатқандығынан, ақылы ағылшын тіл курстарының саны ұлғаюынан байқауға болады. Бүгінгі таңда ғылыммен айналысу үшін де ағылшын тілін міндетті түрде меңгеру керек болып тұр. Жоғары оқу орындарындағы қазақтілді оқытушылар біреуге ақысын беріп аудартса да ағылшын тілінде мақала жазуға мәжбүр. Ең өкініштісі, оны адамның өзі жазбаған соң оның мағынасы дұрыс па, қате ме автор түсіне де, бағалай да алмайды. Оның үстіне кез келген ойды, тұжырымды өзге тілге аударғанда мағынасы мүлде өзгеріп кететіні белгілі. Мысалы, қазақтың мінез-құлқын реттеуде маңызды рөл алып отырған обал, сауап, шүкір, қанағат деген сөздерін өзге тілге аудару дәл өз мағынасындай бола бермейді.

Қоғамдық өмірден байқағанымыз, еліміздің орыстілді азаматтары мемлекеттік тіл боп саналатын қазақ тілін білмесе де ағылшын тілін тәуір меңгеріп алған. Кәрісі бар, орысы бар дегендей…ал қазақ тіліне пысқырып та қарамайды. Басшылары керек қылмай отырған тілді олар қайтсін?! Ағылшын тілін білсең әлемдік кеңістікке шығасың, жоғары жалақылы жұмысың болады, ал қазақ тілін білгеннен саған келіп — кетер ештеңе жоқ. Мемлекеттік мекемелерде жиі көрініс алып жатқан жайт: көзбояушылық сипаттағы жиналысты қазақша бастап ары қарай орысша желдірте жөнеледі. Көптеген профессорлық-оқытушылар құрамы тарапынан, әттеген- ай, Ресей империясының отары болғанша, Үндістан сияқты Ұлыбританияның отары болғанымыз анағұрлым дұрыс болар еді деген пікірлерді жиі естіп жатамыз. Онда кем дегенде әлемдік тіл дәрежесіндегі ағылшын тілін емін- еркін білер едік деген өкініш ойлар айтылады. Қазір бюджеттегілердің онша да жоғары емес жалақыларынан бөліп-жарып ағылшын тілі курстарына барып жүргендері тілді түсіну деңгейіне жеткенімен, ағылшын тілінде ойын жетік жеткізетін мақала жазу деңгейіне жете алмай жүргендерін айтып шағымданады. Кейбір жоғары оқу орындарының басшылары ағылшын тілін білуді құр ғана талап етіп қоймай, қол астындағы қызметкерлері, профессорлық-оқытушылар құрамына арналған ағылшын тілдік курстарын ашып оның ақысын университет тарапынан төлеп жеңілдік береді екен. Бірақ, ондай оқу орындары ілуде біреу ғана. Ақыры мемлекетіміз «үштұғырлы Тіл» саясатын қолға алған екен бұл тәжірибені еліміздің барлық жоғары оқу орындарына таратса өте абзал болар еді.

ХХ ғасырдың ең бір көрнекті ойшылы, австриялық философ және логик, аналитикалық философияның негізін қалаушы Людвиг Витгенштейн (1889-1951) өзінің «Логикалық — философиялық трактат» атты еңбегінде тіл мен әлемнің өзара байланысын өте терең зерттеп кетеді [1]. Оның ойынша, тіл — адамның мекені, тұрағы. Сөздің мән -мағынасы оны қолдануға байланысты анықталады. Аналитикалық философияның негізі әдісі — тілдік тұжырымдарды талдау. Адам дегеніміз — тіл. Түсіну – ең алдымен тілдің өзін түсіну, ұғыну. Ой тіл арқылы білдіріледі, демек тіл — ойлаудың шекарасы. Айтылатын нәрсе айқын айтылуы тиіс [2]. Сөйтіп, ол тілді әлемді бейнелеу ретінде сипаттады. Психология ғылымында кезінде американдық ғалымдар Э. Сепир мен Б.Л. Уорф жасаған лингвистикалық салыстырмалық болжамы зерттеушілер арасында үлкен пікірталастар тудырды. Бұл болжам бойынша, сыртқы дүниені қабылдау және ойлау тілдің құрылымы арқылы анықталады. Демек, әр алуан тілде сөйлейтін адамдар әлемді де әр түрлі қабылдайды және түрліше ойлайды. Шындықтың танылу сипаты оны танып білуші субъект ойлайтын тілге байланысты. Адамдар дүниені болшектеп, оның ұғымын жасап, мағынасын түрлендіреді. Танымның объективті жалпы мағыналық сипаты жоқ; физикалық ұқсас құбылыстар тіл жүйесінің қатыстылығына байланысты әлемде ұқсас көріністердің жасалуына мүмкіндік береді. Сепир — Уорф болжамы тілдің ұлттық ерекшелігіне назар аудартады. Рас, өзге тіл ана тіліңдей болмайды. Ойды бөгде тілде жеткізу үлкен қиындықтар тудырады. Тіпті ана тіліңде мақала жазғанда да көңілдегі айтар ой қағазға түскенде түсі қашып ойдағыдай болып шықпайды. Ал өзге тілде шығарма жазсаң жұтаң, білетін сөздердіңді ғана қолданатындықтан ол қарабайыр бір мақала ғана болып шығады. Біздің саяси элитаның аталмыш «үштұғырлы Тіл» саясаты» мем¬лекеттік мәдени бағ¬дарламасы арқылы не көздейтінін аяғына дейін түсінбедік. Олар күллі халықты полиглот жасамақ па, әлде осылай мемлекеттік тілді дамытпақ па, оны ажырата алмай жүрміз.

Қорыта айтсақ, қазақтілді қоғамның мәдени, саяси стратегияларды таңдауға ықпалын арттыру үшін қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізуіміз керек. Өйткені, осының салдарынан қазақтардың мәдени және рухани ықпалы мемлекетте әлсіз әрі төмен болып отыр. Бүгін бізге кеңес заманында тұжырымдалған ақын Қадыр Мырзалиевтің «Өзге тілдің бәрін біл, өз Тіліңді құрметте!» деген қанатты сөзін Шәкәрім мен Мәшһүрдің тіл-көзден аман қалған соңғы тұяғы, қазақ ақылмандығының могиканы деген атақты иеленген Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «өзге тілдің бәрін біл, Өз Тіліңмен өмір сүр!» формуласына ауыстыратын мезгіл келіп жеткендей…

Abai.kz

Автор: Жарас Сейітнұр

Толығырақ: http://alashainasy.kz/alashuni/kazaktld-kogamnyin-yikpalyi-bar-ma-56098/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі