Жарылқап ҚАЛЫБАЙ, «Жұлдыздар отбасы», «АҢЫЗ АДАМ» журналдарының бас редакторы:
– Сіз басқарып отырған «Жұдыздар отбасы», «АҢЫЗ АДАМ» журналдары лезде брендке айналды. Жекеменшік журналдың өзгелерден басты айырмашылығы неде? Сіз үшін журнал тауар ма, тәрбие құралы ма?
– Нарықтық экономиканың бір артықшылығы бар. Ол қоғамда өмір сүріп отырған адамның барлығына да үкіметке алақан жайып отырмай-ақ, өз бетімен тіршілік жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан да тәуелсіз баспасөз құралын ашып жүрген азаматтар өз қотырын өзі қасиды. Оның ашқан басылымы өз баласындай: тәрбиелеп өсірсе де, суықтатып өлтіріп алса да өзінен көреді. Ал Үкіметтің газет-журналдарының ғұмыры бас редакторға немесе компания директорына байланысты емес. Олар ауыса беруі мүмкін, таралымы азайып не көбейіп кетуі мүмкін, бәрібір оларды үкімет қаржыландыра береді. Олар тоқтамастан шыға береді. Ал тәуелсіз баспасөз нарықта аман қалу үшін бәсекелестікке төтеп бере алатындай мықты әрі үздік болуы керек. Оның басшысы жаңашыл, дарынды, жан-жақты болса, нарықта өз оқырман аудиториясын міндетті түрде тауып алады.
Сонымен бірге газет-журналды тауар деп қарауға келіспеймін. Бұл шығармашылық, рухани тауар дер едім. Мұнда бірінші басшы қандай мықты кәсіпкер немесе білікті жарнама маманы болса да, ол ең алдымен жақсы журналист болып, басылымның сапасын көтере алмаса, оқырман жүрегіне жол таба алмайды. Баспасөз кәсіпкершілігі – бизнестің ең ауыр және табысы төмен түрі болып табылады. Сондықтан да бизнестің ең ауыр түрімен айналысып отырған заңды тұлғаларға өркениетті елдерде Үкімет қаржылай көмек көрсетеді, тәуелсіз басылымдар арасында жыл сайын мемлекеттік тапсырыс конкурсын ұйымдастырады. Ойымды оқырманға түсінікті болу үшін одан әрі тереңдете түссем, жалпы, газет-журнал ашып байыған адамдар жоқтың қасы, себебі бұл бизнес түрінің пайдасы өте аз, өзін-өзі өтеуі қиын. Өзіңіз білетіндей, мұнай, газ, құрылыс, сауда, байланыс бизнестері пайдалы, табысы өте жоғары. Кәсіпкерлікті зерттеген мамандардың өзі жарнамалық басылымдар болмаса, қоғамдық-саяси немесе ғылыми-көпшілік, әлеуметтік тақырыптарға арналған медиа-бизнеспен үлкен табысқа жетуге болатынына сенбейді. Нарықтық экономикаға көшудің бастапқы кезеңіне ілігіп қалғандар болмаса, бәсекелестік қызған шақта бұрын ешкім айналыспаған, ешкім ашпаған тың медиажоба ойлап таппасаңыз, өзін-өзі ақтайтын газет-журнал жасау мүмкін емес. Он шақты журналистің айлығы мен шайлығын шығаратын газет-журнал жасауың мүмкін, бірақ байлыққа белшеден батып қала алмайсың. Өйткені ол бизнестің өте нәзік те қауіп-қатері мол түрі. Осының өзі оның рухани бизнес екенін айғақтайды. Тіпті кітап шығарып жүрген баспагерлер бізден он есе ұтымды пайданың үстінде. Ал газет-журнал бизнесі қылыштың жүзіндегі бизнес десек те болар. Әр жолы тамыршыдай қоғамдық дерттің көзін дәл тауып отырмасаң, оқырманды теріс қаратып алғаныңды байқамай қаласың. Оның үстіне, еліміздегі мемлекеттік тілдің мүшкіл халіне байланысты қазақ баспасөзіне мекеме-ұйымдар жарнама бермейді. Табыс көзі бізге тек басылымды сатудан ғана түседі.
– Қаріп таныған баладан ақсақал жасына жеткен 75 мың оқырманның келесі айда не оқып, нені сөз ететінін тап басып айтып отырсыз. Қоғамда қандай мәселенің өзекті болатынын тамыршыдай дөп басқан адамнан журналистиканың болашағы жайлы сұрасақ деп едік…
– Баспасөз тақырыптарының даму тенденцияларына тоқталсақ, мәселен, 90-шы жылдардың басында ел тәуелсіздігі мен саяси-экономикалық тақырыптар бірінші орында болса, сөз бостандығын желеулеткен бұқаралық ақпарат құралдары жыныстық қатынас туралы ақпараттарды көбейтті. Ал қазақ қоғамы мұндайды бұрын естіп-көрмегендіктен басында қызықтағанымен, біраздан соң есін жиып, Елбасыға зиялы қауым ұятсыз ақпараттар легінің теледидар мен баспасөзден таратылуын тоқтатуды сұрап бірнеше рет үндеу хат жазды. Расында да, ол заманда атасы мен келіні немесе немересі теледидар алдында бірге отыра алмай қалған кезең туған еді. Қазіргі мүйізі қарағайдай болып отырған кейбір коммерциялық телеарналар сол жолмен және арақ пен темекіні жарнамалаумен байыды. 90-шы жылдардың бұзақы-рэкеттеріндей бұлар да «жабайы капитализм», «жабайы рынок» деген ұранмен байып алды. Оның дұрыс емес екенін, жас ұрпаққа кері тәрбие беретінін білген кезде баспасөзде басқа тақырыптар алға шыға бастады. Ал ғасыр басында барлығы да қоғамдық-саяси тақырыпты көтерді. Сканворд-газеттер көбейді. Дәл осы тұста мен «Жұлдыздар отбасы» деген жобаны 2003 жылы аштым, үкіметтік қоғамдық-саяси бағыттағы басылымдардан ерекшелену үшін де ешкім жаза бермейтін жұлдыздар тақырыбын таңдадым. Бір қызығы, қазіргі журналдың ішкі-сыртқы форматтары дәл сол кездегідей болса да, министрліктің талабымен 2007 жылғы куәлікте журналдық нұсқаны жаңа басылым ашқандай етіп, қайта тіркеттік. Мен сонда бұл жобаны 2007 жылы ғана бастағандай болып қалдым. Сондағы өзгерткенім — жобаны газет қағазынан жылтыр қатты журнал қағазына ауыстырғаным. Әрине, журналдың қағазы мен бояуы, баспаханалық шығындары қымбат. Тиісінше қымбат басылған өнім оқырманның да қалтасына салмақ салады.
– Дәл осы мәселені қалай шештіңіз?
– Бұл тұста елдің әлеуметтік жағдайы көтеріле кетті. Алдында 20-25 мыңнан басталған «Жұлдыздар отбасының» таралымы 2009 жылы 75 мың данаға жетті. Ал биылдан бастап, Астанадағы халықаралық экономикалық форумнан белгілі болғандай, экономикалық дағдарыс бізге де келді. Үкімет ақшаны есептеп, бюджеттің артық шығындарын үнемдеуге көшті, азық-түлік тауарлары мен тұрғын үй шығындары қайта-қайта қымбаттай бастады. Бұл жағдай менің басылымыма әсер етпей өтпейтінін білемін, сондықтан да журналды жазылып оқушыларға арналған «20 жылқы + 2 түйе» деген акция ұйымдастырып отырмын. Ал одан басқа біздің журналдың қолдан сатылуына ерекше назар аударып, оларға арнап автокөлік ұтып алу мүмкіндігін беретін әр журналға купон қыстыруды жөн көрдім. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Жыл әні – 2013» концертін ұйымдастырып, сонда осы журналға жазылған оқырмандарға 20 жылқы мен 2 түйені, ал сатып алған оқырмандарға арнап автокөлік жүлдесін ұтысқа саламыз. Тағы бір мәселе, әрбір тауардың өзіндік құны деген ұғым бар. Қазір журналдың редакция белгілеген көтерме бағасын сол өзіндік құнына дейін төмендетіп жібердік. «Журналдың сатылу бағасы 200 теңгеден аспауға тиіс» деп мұқабаға жазып қойдық. Мұны айтып отырған себебім, сатушылар журналымыздың бағасын 250-300 теңгеге дейін көтеріп жіберді. Сонда еңбектің пайдасын біз емес, арадағы сатушылар көріп отыр. Ал жер-жердегі сатушылардың әрқайсысына бақылау жасай алмайтынымыз белгілі. Оларға талап қоя бастасаң, онда журналыңды сатудан бас тартуға дайын. Өйткені олардың табысын да негізінен орысша басылымдар құрап отырғаны жасырын емес. Халыққа осындай рухани тауар ұсынып отырған шығармашылық мекемелерін, оның ішінде әсіресе қазақ баспасөздерін Мәдениет және ақпарат министрлігі ең болмағанда қосымша құн салығынан босатса дұрыс болар еді.
Бізде қазақ басылымдары басшыларының арасында ауызбіршілік жоқ. Тіпті газет-журнал сататын агенттіктерге талап қою, баспаханаға немесе Ақпарат және мұрағат комитетіне ұсыныс жасау, тарату жүйелерімен арадағы жаңағыдай проблемаларды шешу мақсатында немесе баспасөз қызметкерлерінің баспана мәселесін шешудің жолдарын қарастыру үшін біріксе болар еді. Бірікпейтін себебі, құрылтайшылары әртүрлі және олар жоғарыдағы көкелерінің қас-қабағына қарап отыр. Қазақ баспасөзінің көптеген проблемалық мәселелері шешімін таппай келеді. Жоғарыдағы мәселелермен күресуде тәуелсіз баспасөздер жападан жалғыз қалды. Ал тәуеліз баспасөздердің жағдайы елімізде өте қиын, жылармандық жағдайда. Елімізде мықты баспасөз боламын деген басылымның кем дегенде таралымы 100 мыңдай болуы керек. Ол үшін Қазақстандағы қазақ оқырманының саны 10 миллионнан кем болмауы тиіс. Өкінішке қарай, елімізде қазақ тілінде газет-журнал оқитын халықтың жалпы саны 2-3 миллионнан аспайды. Тапқаны азық-түлігі мен киім-кешегінен артылмайтын адамдар осы үлеске жатады. Оның ішінде балабақшаға баратын бүлдіршіндер, мектеп жасындағылар, студенттер немесе жұмыссыздар мен зейнеткерлер саны көп. Ал осы әлеуметтік топтағылардың отбасына газет-журнал сатып ала беруге мүмкіндік қайдан болсын?! Онсыз да аз зейнетақыға қарап отырған ата-әжелер мен ауыл-аймақтағы жұмыссыз әйелдердің жағдайы айтпаса да белгілі. Осыдан келе айтарым, аудиториясы өте тар жерде қазақ тілінде сәтті газет-журнал шығарып отырған адамға, бейнелеп айтсақ, тіпті ескерткіш қойылуы керек деп ойлаймын. Ұлтқа қызмет көрсетіп, қазақ тілін дамытуға үлес қосып отырғаны үшін және елге пайдалы болғанымен өзіне пайдасыз кәсіппен шұғылданып отырғаны үшін ғана құрметке ие болуы тиіс. Ал дәл осы журналды орыс тілінде, орыс аудиториясына лайықтап шығарсам, менің оқырманым бір миллионнан асып кетер еді де, сәйкесінше табысым еселеп өсер еді.
– «Қазақ журналистикасының даму тенденциясын өзге арнаға бұрып жіберген адаммын» деген сөзіңізді қалай түсінсек болады?
– Мен бұл сөзді 2003 жылдан бастап қазақ баспасөзін жұлдыздар өмірі тақырыбына бұрып жіберуге себепші болғаным туралы бір сұхбатта айтқанмын. 2000 жылы «Адам Ата – Хауа Ана» деген отбасылық газет аштым. Бірінші беттерге халыққа сүйкімі бар, танымал әртістер мен әншілердің суреттерін қоя бастағанымда газетімнің сатылымы жақсы болды. Сосын бастан-аяқ жұлдыздардың отбасылық өмірбаяндық сұхбатын жариялайтын «Жұлдыздар отбасы» жобасы дүниеге келді. Менің жобамның ерекшелігі мынада: мәселен, қоғамдық-саяси басылымдарда мақала, репортаж, жаңалық, сараптама, сұхбат сияқты әртүрлі жанрлар бар. Ал «Жұлдыздар отбасында» қоғамның әр саласындағы бірнеше танымал адамдардың өмірбаяндық сыр-сұхбаттары басылса, «АҢЫЗ АДАМДА» белгілі бір ұлы тұлғаның өмірі мен тарихи қызметіне байланысты зерттеуші-ғалымдардың сұхбаттары жарияланады. Адамның өмірбаяны арқылы оның сәттілігінің құпиясын ашуға ден қойдым. Эстрада, спорт, саясат, бизнес, ғылымда жүрген қоғам қайраткерлері мен танымал адамдардың өмірбаяндық сұхбаттарын, өмірбаяндық суреттерімен қоса беріледі. Он жыл бойы ел зиялыларының өмір тарихын жазып келеміз. Мен сол іспен айналыса бастағанда оның өтімді екенін көргендердің барлығы менен идея мен тақырыпты және материалдың берілу формасын рұқсатсыз көшіре бастады, бірнеше газет-журналдар мен телебағдарламалар осы жұлдыздар тақырыбына ауысып кетті. Жас журналистердің көбі «қайда тудың?», «өнерге қалай келдің?» деген тұрақты түрде қайталанатын сұрақтармен жүргізілетін оңай тақырып болғандықтан, осыған ойысты. Қазақстанда қазақ журналисі еліміздің ең маңызды проблемаларын айтудың орнына көр-жерді айтып кетті десек те болады. Үкіметтен ақша алмайтын, жетектегі газет-журналдың қатарына жатпайтын, тың баспасөз жобасы ретінде менің амалсыздан ашқан авторлық жобамды жапа-тармағай көшіріп алып, енді тіпті мен белгісіз қалғандай жағдайдамын. Халыққа да обал болды. Қазір бәрінің жазатыны, бәрінің көрсететіні сол жұлдыздар болғандықтан, халықтың әбден ығыры шықты. Ең бастысы, қазақтың тәуелсіз мемлекетін құрғанымен бірақ оның тәуелсіз тұлғаларын жасай алмай отырмыз, көпшілігі жағымпаз, өзді-өзіне сенімі төмен адамдар көбейді. Ұлттық намыс аяқасты болып кеткен. Арамызда бір орыс болса, он қазақ болып орысша сөйлеп отырғанымыз да сондықтан. Ал егер ойымыз құлдық санадан тазарса, бәрін қазақша сөйлетер едік қой. Өзбекстанда өзбегі де, өзгесі де қоғамдық ортада өзбекше сөйлейді емес пе.
– Айтпақшы, журналист боламын деушілер «Журналистикада оқымай-ақ жаза аламын» деген ой-пікірді көп айтады. Сіз бұған келісесіз бе?
– Кез келген елде мұндай мәселе бар және ол дұрыс та. Қоғамның басқа да салаларын біліп келген, өз ісін жете меңгерген адамдардың баспасөзге келгенінен журналистика ұтпаса ұтылмайды. Тек олар жаза білсе. Қайта сондай маманданған журналистерге зәруміз. Мәселен, спорттың жілігін шағып, майын ішкен азамат әрі жазуға машықтанса, мықты журналист болуы әбден мүмкін. «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Қазіргі жағдайда қазақ баспасөзі меңгере алмай жатқан сала – экономика мен технология, өндіріс пен қаржы салалары. Біз, өкінішке қарай, журналистика факультетінде бүгінгі қоғам өмірі мен оның тыныс-тіршілігі туралы немесе әртүрлі кәсіп иелері мен олардың өндіріс орындарының қызметі жайлы жалпылама білім алдық. Сосын бір күні педагогика, екінші күні спорт, тағы бір күні ғарыш тақырыбы туралы жазамыз. Осылай жүріп әрбір саланың басын ғана шаламыз. Тіпті ақпарат берушінің айтқан көп сөзін түсінбей, айтылған ойды дұрыс жеткізе алмай қалатын да жағдай болады. Дегенмен мен ұлт үшін жасайтын еңбекте журналистика мамандығынан асқан басқа мамандықты білмеймін. Журналистика ең соңғы заманауи технологиямен жарақтанып, кадрларының әрқайсысын ғылым докторы деңгейіндегідей етіп көтере алсақ, келешекте біз осы салаға байланысты жазылып жатқан көп оқулықтарды алмастырып жіберер ме едік деп те ойлаймын кейде. Күндердің күнінде сондай деңгейге жететін де сияқтымыз. Мәселен, «АҢЫЗ АДАМ» журналының әрбір санын оқулық ретінде пайдаланып отырған тарих, әдебиет пәнінің мұғалімдері қазір де баршылық.
– www.anyzadam.kz сайтының ашылғанын білеміз. Жақында қазақ интернетінің жағдайы туралы дөңгелек үстел де өткіздіңіздер. Заман көшімен бірге электронды ресурсқа айналу алдында сияқтысыздар. Бірақ дәл қазір интернетке көшсеңіздер сәтсіздікке ұрынып қалу қаупі бар ма?
– «Алаш айнасы» газеті Newsweek журналының интернет-сайт нұсқаға көшкенін тілге тиек етіп, бұл тақырыпты жақсы көтерді. Бірақ ол – электроникасы мен информатикасы дамыған елдің халықаралық басылымы. Әр елдегі жеке-жеке баспаханалардан әр санын бастыру оларға тиімсіз. Олардың жазатыны да сол саясаттағы ірі қызметкерлер, аудиториясының басым көпшілігі электрондық құрал-жабдықтардың тұтынушысы болғандықтан олар электронды нұсқаға өткен. Бір жағынан, қаржыны үнемдесе, екінші жағынан олар жылдам ақпарат беруге көшті. Бірақ енді сол басылым ауысты екен деп басқалар да интернетке көшейін деп отырған жоқ. Интернет технология келді екен деп кітап оқуды, газет-журнал оқуды ұмыта салмаймыз. Кеңес кезінде жастайынан қалыптасатын кітап оқу мектебі бар еді. Халық ешқашан сол өнерді компьютерге айырбастамайды. Газет-журнал да дәл солай жасай беретін болады. Бір сөзбен айтқанда, электрондық сайт журналды алмастыра алмайды. Мен наурызда Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін ұзақ уақыт басқарып келген Ясен Николаевич Засурский деген атақты профессормен сұхбаттасып келіп едім, сол кісінің сөзін мысал ретінде айтып өтейін. Ол қазір қартайғаны болмаса, күні кешеге дейін өзі түске дейін Парижге немесе Берлинге ұшып барып дәріс оқып, түстен кейін Мәскеуге келіп жұмысында болатын адам еді. Оның сұхбатын «Жұлдыздар отбасында» жарияладым. Оның айтуы бойынша, интернет қағаз баспасөзді ауыстыра алмайды. Әлемдегі атақты басылымдардың өзі дәл осы пікірде және басылымның электронды нұсқасын басылымды толықтыратын қосымша бір бөлшегі ретінде пайдаланып отыр. Журналистикада қарсы әрекет немесе оқырманмен байланыс ұстау деген түсінік бар. Өзекті мәселеге байланысты бір пікір көтердің бе, оны сол электрондық сайттар, әлеуметтік желілер арқылы лезде тарата аласың. Ал газет-журналға келгенде оқырманның пікірін, көзқарасын тамыршыдай дөп басып біліп отырмаса өте қиын. Электрондық нұсқаның артықшылығы осы. Қазақстанда газет-журналдың дамуына кедергі келтіріп отырған тағы бір фактор – еліміздің инфраструктурасы дамымай, орталық пен шалғай ауыл-аймақтың арасындағы жол-көлік қатынасы ойдағыдай дамымай отырғандығы. Сондықтан бүгін шыққан газет Алматыдан Оралға екі күннен кейін барса қуанамыз. Ал сол арада қаншама ақпарат ескіріп кетеді. Сондықтан біздің журнал ескірмейтін материал жазады.
– «Әр оқырман – менің жалғызым» деп жатады басылымдар. Бәріне бірдей ұнаймын деу немесе жалпақшешейлік көрсету дұрыс па? Сізде қандай принцип бар?
– Әр оқырман – жеке әлем, жеке тұлға. Осы тұста бұқаралық басылымдар мейлінше көптің көңілінен шығатын басылым болуға тырысуы керек. Сол оқырманмен байланысты күшейтіп, қажетін өтеп жатсақ қане?! Әрине, көпке жағу қиын. Біз қоғамды әлеуметтік топтарға жіктейтін болсақ, соның мейлінше көп бөлігінің көңілінен шығуға тырысу – бірінші мақсат. Халықтың ішінде асылы да, жасығы да бар емес пе, сондықтан баспасөз тек қана ақпарат құралы немесе тауар емес, ең алдымен, рухани тәрбие құралының рөлін атқаруға тиіс. Сол үшін де әрбір оқырманды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Оқырман жүрегіне жақсылықтың нұрын себе білетін басылым болмасаңыз, еңбегіңіздің құны көк тиын. Ең керекті, ең пайдалы ақпарат қана оқырманның көңілінен шығады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым…
«Жұлдыздар отбасы» мен «АҢЫЗ АДАМ» – отбасылық басылым, бір үйдегі ата-әже, әке-шеше, немере деп бөлінетін үш ұрпақтың бәрі бірге оқуға арналған журналдар. Осыдан 15 жыл бұрын қазақ баспасөзіндегі махаббат, неке, отбасы тақырыбының жазылуын зерттеп, диссертация қорғадым. «Қазақ» газеті, «Айқап» журналынан бастап 1999 жылғы басылымдарға дейін сүзіп шыққанмын. Сол тақырыпты зерттегенімнің пайдасы — маған өзгеше бір ой салды. Ол – қазақ халқы үшін отбасы институтының маңыздылығы, құндылығы. Отбасы тәрбиелі әрі ата дәстүрге берік болса, кез келген қиындыққа бірлесіп қарсы тұрады. Үкімет көмектеспесе де, өз үйінің күшімен қиындықтан шығады. Отбасы институтының маңыздылығы сол, баланың дұрыс жолды таңдауына дер кезінде әсер ете алады. Қазақ о бастан «у ішсең руыңмен» дейтін көпшіл, бауырмал, туысқан халық. Отбасы рөлін күшейте отырып рухани дағдарыстан оңай шығуға болады. Сондықтан елімізде отбасы құндылығын күшейтуге ден қою керек. Қандай қиындықтан да қазақты отбасы институты алып шығады. Отбасы мүшелері ынтымақты болса, кез келген мәселені бірлесіп, ұйымдасып шешуге үйренсе, олар экономикалық дағдарысты да, рухани дағдарысты да оңай жеңеді. Абай «Болмасаң да ұқсап бақ» дейді ғой. Сондықтан да қазақтың әрбір отбасын ұйытуға, баласын тұлға етіп өсіруге тәрбиелейтін басылымдар жасап отырмын.
Автор: Ардақ ҚҰЛТАЙ