АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақтың 100 жаңа тұлғасы қайда жүр?

Қазақстанға жаңа сарапшылар жетіспейді. Бұл арада сан да, сапа да маңызды. Байқасақ, соңғы кездері Ресейдің кейбір қалталы топтарының қаржысына күнін көріп жүрген шетелдік сарапшылар елді дүрліктіретін алыпқашпа, теріс пиғылды мақалаларды жариялап жатқанда, мұндай ақпараттық соғыс пен шабуылдарда оларға әлеуметтік желілер мен дәстүрлі БАҚ-тар арқылы тойтарыс беріп отыратын бірен-саран отандық сарапшыны ғана білеміз. Берілген теріс ақпараттың «мысын» басып, салмақты оймен, тіпті әдемі қалжың, сарказммен бетін қайтарып, қазақ халқына дұрыс мағлұмат беріп жүрген сарапшылар қатарында Ерлан Қарин, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Мұхтар Тайжан, т.б. азаматтар бар. 


Соңғы кезде ресейлік БАҚ-тар қазақ ұлтшылдарынан бастап, жергілікті билікті мінеп-сынайтын мақалалар үдеп барады. Мұндай негізсіз мақалаларға жоғарыдағы саясаттанушылар сияқты тек саяси және тарихи тұрғыдан емес, эко­номикалық, әлеуметтік, демогра­фиялық, тіпті психологиялық, геогра­фиялық, т.б. сипатта тойтарыс беретін сарапшылар қайда? Өз кезегінде Мем­лекеттік хатшы Марат Тәжиннің де «Жаңа тарихи ойды» қалыптастыру үшін «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасын жүзеге асыру керек» деп қоғам­ға ой тастағаны орынды әрі уақтылы жайт болды.  Отандық блогшылар да: «Ресейден та­райтын қоқыс ақпаратқа көп мән беріп, шыр-пыр боп күйгелектенудің қажеті жоқ» деген пікірде. Бірақ байып­пен халыққа тың ой айтатын жаңа сарапшылар легі қажет-ақ. «Қазақ­станның 100 жаңа тұлғасы» универ­си­теттер мен институттардың, зерттеу ор­талықтарының тар бөлмелерінде күн­делікті күйбең тірліктің қамымен жүр. Шыны керек, осы мақаланы жазу бары­сында жаңа тұлғаларды да әңгімеге тар­туға тырыстық, бірақ білімді де білікті сарапшылар журналистерден қашқақ­тайды. «Журналистерге сұхбат бере­тіндей дәрежеде емеспіз» дейді. Бірақ олардың тың ойлары қоғамның дамуы үшін маңызды. Олар ақпараттық соғыста елдің қатардағы сарбазы болуы керек. Олардың қаруы – білімі мен тың ойлары. Сондықтан бұл мақалада жаңа сарап­шы­лар туралы ойларын бұрыннан қалып­тасқан сарапшылар білдірді.

Image

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:

– Ең алдымен біздің сарапшыларға сенім жоқ, екінші жағынан, оларға айтылатын сын да жоқ. Өкінішке қарай, біздің алыпқашпа әңгімеге көп көңіл бөліп, ұзынқұлаққа назар аудараты­нымыз да сондықтан. Шыны керек, бізде сарапшы ұғымы өз деңгейіне әлі де жетпеді. Саясат саласында жүргендердің көбісі – Алматы мен Астананың шекара­сынан асып, аудан, ауыл-аймақтарға шықпаған жігіттер. Олар қазақтың өмірі мен қазіргі жағдайын білмейді. Алматы мен Астананың ортасында отырып, халықтың көңілі, биліктің ауысуы, т.б. жөнінде арзан ой айтады. Мемлекеттің бұл саладағы жақсы механизмі – қомақ­ты қаржы бөлу. Басқа елдердегі сая­сат­танушылар  болсын, мәдениеттанушы­лар болсын, жалпы, кез келген саладағы сарапшылардың алатын жалақысы мен гранттары өте жоғары деңгейде. Оларда сарапшы атану – үлкен дәреже. Кешірім өтінемін, бізде екінің бірі сарапшы болып кетті. Айталық, неге біздің елімізде ми­нистр­ліктер мен әкімдіктегілер көбіне басқа елден сарапшыларды шақырады? Экономистер, саясаттанушылар мен дінтанушылар, қорғаныс саласының ма­мандары, т.б. сарапшылар көбіне шетелден арнайы шақырылатыны рас. Олар біздің ел туралы не біледі? Бұған аямай қаржы бөлеміз. Шындап келгенде, шетелден сарапшы болып келетіндер бізге дос емес. Олардың өз пиғыл-көз­қарастары бар. Мен өз елімде жүріп өз билігімді өзім үшін сынаймын. Ал сырт­тан келетін сарапшылар қазақ халқы мен Елбасы, Қазақстан саясаты мен бола­шағын сынап, алыпқашпа әңгіме таратып жат­қанда, біздің тарапымыздан өз есеп-қисабымызбен, өз өлшем-бағдарымыз­мен қарсы шығып, төтеп беріп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан идеологиялық-ақпараттық салада көп жағдайда ұтылып жатырмыз. Мәселен, Кедендік одаққа байланысты дау-дамайлар туындағанда, сапалы сарапшылардың жоқтығынан көп жағдайда ұтылып жүргеніміз жасы­рын емес. Елбасының айтып жатқан мәселелерінде ешқандай мін жоқ. Бірақ түптеп келгенде, сарапшылар аздығы ұлт­тық қауіпсіздік мәселесімен де байла­ныс­ты. Ақпараттық шабуыл жасалып жатқанда, оларға қарсы шығатын кім бар? Сондықтан Үкімет бұл салаға қар­жыны аямауы керек. Сарапшыларға қар­жы бөліп, елді аралату керек.

Image

Ринат ДУМАНҰЛЫ, «Хабар арнасы» АҚ бас продюсері, тележүргізуші:

– Өкінішке қарай, басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанда сарап­шы­лар­дың жетіспеушілігі қатты сезіледі. Қай ақпарат құралын алмасақ та, тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде өз пікірін айтып келе жатқан саясаттанушы мен әлеуметтанушылар баршылық, бірақ кейде олардан да оқырман мен көрермен жалықты деген ой келеді. Бұл – заңды ой. Бір жағынан, бұл журналистік қоғам­ның да проблемасы шығар, бір әріптесіміз бір сарапшыны тартса, жаңа бір адамды шығарғаннан гөрі, бұрынғы сарапшыны эфирге шығарсам, оңай болады дегендей стереотип қалыптасқан. Екіншіден, тағы бір проблема – жаңа тұлғаларды көріп-біле алмай жатқанымызда. Тәуелсіздік жылдары ел ағалары болып үлгерген сарап­шылармен қатар, шетелде оқып немесе отандық ЖОО-ны бітіріп келген жаңа көзқараспен, жаңа оймен жұмыс істеп жүрген сарапшылар да қалыптасты. Өкінішке қарай, біз оларды тауып, көрсете алмай жатырмыз. БАҚ өкілдері оларды көбірек іздеп, табуға талпынса деген ойым бар.
Үшіншіден, расында да, көптеген ғылыми орындарда жұмыс істейтін түрлі сала өкілдері, әсіресе, гуманитарлық сала өкілдері сарапшы ретінде теле­визияға, газетке шығуға келіспейді. Мұның бір проблемасы – гуманитарлық ғылым саласында жүрген азаматтардың жариялы қызмет етіп, публикамен жұмыс істеуге үйренбегені. Саясаттанушы бола ма, әлеуметтанушы бола ма, өз аты айтып тұрғандай, олар тікелей халықпен қарым-қатынасқа түсуі керек. Бұдан саяси не ғылыми ортада болсын, сарапшы әрі ғалым ретінде рөлі күшейеді.  Өкінішке қарай, бізде ғылыми зерттеу, саяси зерттеу орталықтары мен саяси тех­нологиялар орталықтары өте аз. Ре­сей­дің бір өзін алсаңыз, онда мыңдаған ғылыми зерттеу орталықтары бар. Олар тек пікір айтумен айналыспайды, же­ке­леген ұйымдар мен саяси партиялардың, топтардың, қорлардың грантын ұтып алып, саяси тапсырыстарды орындап, сайлау кезінде саяси технологиялармен айналысып, мұны кәдімгідей бизнеске айналдырып үлгерген. Содан нәпақасын тауып, күн көріп, бір жағынан, өзінің сарапшы ретіндегі қызметін жалғастыра береді. Халықтың аздығы, саяси нарық­тың қажетті деңгейде жетілмегендігі осы проблеманы да тудырып отыр. Меніңше, Қазақстанның 100 жаңа бет-бейнесін қа­лыптастыру үшін бірінші кезекте ақпарат құралдарына көп шыға бермейтін, өзіндік пікірі, ойы бар, шын мәнінде, сарапшы деген атқа лайық болатын азаматтарды әрбір БАҚ өкілі өз ішінен електен өткізіп, оны көбірек шығаруға әрі тек саясат­танушы, әлеуметтанушы, не тарихшы емес, жалпы, сарапшы ретінде насихат­тауға тырысуымыз керек. Өзіміз оларға пиар жасап, насихаттамасақ, бізге ешкім оларды қалыптастырып бермейді. Егерде 100 тұлға тізіліп жатса, олармен жүйелі жұмыс жасау керек.

Image

Берекет КӘРІБАЕВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы: 

– Біз студенттерімізбен бірге халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовпен бір кездесуде болған едік. Сонда ол кісіге: «Бүгінде біздің жазушыларымыз көбіне тарихи тақырыптарға көп мән беріп, өткен ғасырлардың тарихындағы батыр­ларды көбірек қозғайды. Ал қазіргі заман­ның тұлғалары қайда? Солар ту­ралы неге жазбайсыздар?» деп сұраған еді. Сол кісінің жауабын сіздің сауа­лыңыз­ға қатыстырып айтуға болады. Жал­пы, әдеби образ өмірден алынады. Бір жағынан, ол – тәрбие құралы. Қай жа­ғынан болса да, ол – батыр, патриот, адал азамат болуы керек. Шындап кел­генде, біз 1990 – 2000 жылдар аралығында социа­листік қатынастардан капиталистік қа­ты­настарға ауыстық. Сол кезде бізде құн­дылықтар да өзгерді. Рэкеттен бастап, сыбайлас жемқорлыққа дейін дендеп кетті. Тұлғаларды кім жасайды? Кеше түр­меде ішімдік үшін отырғандар – бү­гінгі молда, кешегі базаршыларды тонап жүргендер – қазір әкім не депутат, не кәсіпкер, кешегі миллиардерлеріміз – бүгінгі қашқындар. Қабдеш ағамыз осы­ның бәрін айта келе: «Енді кімді мақ­таймыз?» деп өзі сұрақ қойды. Ойланып келсем, ағамыздың айтқаны рас. Тұлғалар жоқ емес, бар. Барлық адам­дарды бірдей кінәлауға болмайды. Мә­селен, Таразда лаңкесті ұстау барысында қаза тапқан капитан, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов қандай үлгі тұтарлық азамат? Лаңкеспен күресіп, Отан үшін, азаматтардың бейбіт өмірі үшін жанын қиды. Мұндай тұлғалар ішкі істер орган­дарында, әскерде жетіп жатыр. Әрине, бұл арада заман талабына сай сарапшылар қажет. Мәселен, неге біз ақпараттық тұр­ғыдан Ресеймен орысша сөйлесуіміз керек? Олармен қазақша болмаса да, ағылшынша сөйлесейік. Сондай білікті сарапшыларды дайындау керек. Түптеп келгенде, Ресейде бұған бағытталған әрі жақсы қаржыландырылатын орталықтар бар ғой. Мәселен, мен білетін бір-екі белсенді блогшы бар. Олар арнайы ақша алып, жұмыс істеп жатады. Жеке адамның жүйеге қарсы жұмыс істеуі мүмкін емес. Сырттан ағылған теріс ақпараттарға жеке адамдар жауап бере алмайды, оған уақыты да, өресі де жетпейді. Бұл салаға арнайы қаржы бөліп, қажетті сарап­шыларды жұмыс істету керек. Жа­сы­ратыны жоқ, біз бұған енді ғана келіп жатырмыз.

Кәмшат ТАСБОЛАТ

 

http://www.aikyn.kz