[:kz]
Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Алматының 1000 жылдығына орай музей қорындағы ыдыс-аяқ коллекциясынан «Сырлы аяқтың сыны кетпес» атты көрме ашылды, — деп хабарлайды Qamshy.kz.
Қазақ халқы ерте заманнан ыдыс-аяққа бай. Ыдыс-аяқтар мәні жағынан тек тұтыну бұйымы ғана емес, ұлттық дүниетанымда алар орны ерекше екені белгілі. Халқымыз күнделікті тұрмыста пайдаланған ыдыстар ғұрыптық қызмет те атқарған. Мәселен, тоқшылықтың (қазаны тоқ, уайымы жоқ), сый-құрметтің, (дәмдес, табақтас болу), береке-бірліктің, татулықтың, (аяқ-табағы бөлінбеген, бір қазаннан ас ішкен), т.б.
Ыдыс-аяқ түрлері табиғи-климаттық жағдайға, халықтың тұрмысы мен шаруашылығы тікелей байланысты. Дәстүрлі ортада көшпелі тұрмыс талаптарына сай ыдыс-аяқ түрлері, негізінен, ағаш, тері тәрізді сынып-бүлінуге көп ұшырай бермейтін материалдардан жасалған. Сонымен бірге металдан, саз балшықтан күйдіріп жасалған ыдыс-аяқтар да ертеден қолданылып келе жатыр. Осындай ыдыстар Орталық музей қорында сақтаулы екен.
Көрмеге Орталық музей қорындағы 100-ге жуық ыдыс-аяқ қолданылу аясына байланысты топтастырылып қойылған. Көрмеден ас-тағам әзірлеуде қолданатын қазанның түрлерін, оның қосымша құралдары – кепсер, сүзгі және су қайнататын мыс құман, шәйнек, самаурынды, тағамды сақтау мен тасымалдауға пайдаланатын саба, мес, күбі, құмыра, шелек, торсықтарды, піскен асты таратып құюға арналған ожау, саптыаяқ, астау, табақ, тостаған, керсен секілді ыдыстарды, сондай-ақ, дайын асты ішіп-жеуге арналған сапал ( кесе түрі), кәрлен, қасық, пиала, зерен, шыныаяқ тәрізді ыдыс-аяқтарды тамашалауға болады.
Дана Қамшыбек
[:]