Қазақтың ұлттық тағамдары қымыз бен құртты қытайлық кәсіпкерлер зертханалық сараптамадан өткізіп, жоғары сапалы өнім түріне жатқызды. Бұған дейін қымыз өндірісімен танымал болған Павлодардың «Сағып» шаруа қожалығы енді құрт жасауды қолға алды. Сағып қымызы бүгінде Астанадағы 8 ірі супермаркетте, сондай-ақ Мәскеудегі қазақ өнімдері саудаланатын дүкенде сатылады. Ешбір қоспасы жоқ, табиғи өнімге қызыққан Қытай кәсіпкерлері мол көлемді тапсырыс беріп отыр. Сұраныстың артуы шаруашылық ауқымын кеңейтуге міндеттеп отыр. «Енді жылқымен қатар сауын сиырлар алып, құрт-ірімшік өндірісіне мықтап кірісеміз», — дейді кәсіпкер. Бір қызығы, қытайлардың жүрегін жаулаған құрт кәдімгі әжелерімізден жеткен көне әдіспен қарапайым түрде дайындалады.
Источник: http://24.kz/kz/