Қазақтың ұлттық тағамдарын сөз еткенде, әрине, ұлттық сусындарды тасада қалдыруға болмайды. Нақ осы ұлтымыздың сусындарына қатысты отандық ғалымдар бір ғана қымыранның жүзге тарта қасиетін айшықтап беріп отыр.
Ғылыми дәйектерге жүгінсек, қазақтың қымыраны әлемнің шөлін қандыруға қауқарлы, халықаралық нарықта бәсекеге бәс тігуге қабілетті, сондай-ақ талай дертке дауа болар қасиеттері де баршылық.
Негізінде, денсаулыққа аса пайдалы бұл сусынның қадірін бізден бұрын шетел біліп отыр. Қазірде Израиль, Германия, Норвегия тәрізді елдерде қымыранның құны да жоғары, өндірілу технологиясы да сапалы. Салыстыру үшін сөз етсек, біздің елімізде қымыранның бір литрінің бағасы – 450-500 теңге, яғни 3 доллар болса, Израильде және Германияда 1 литр қымыранның құны 15 доллардан кем емес. Экономикалық пайдасы былай тұрсын, ұлтының денсаулығына көл-көсір ұтымды тұсы барын сезінген израильдік кәсіпкерлер тіпті түйенің сүтінен қымыранды қойып, балмұздақ пен йогурт жасауды патенттеп те алыпты. Бұл ретте, сол елдің профессоры Рэувен Ягиль «түйенің сүтінен жасалған қымыран өз алдына, түйе сүтінен өндірілетін балмұздақ пен йогурттарға қант қосылмайтындықтан, бұл өнімдердің сусамыр дертіне берер дауасы көп екенін» барынша дәлелдеуде. Ал отандық ғалымдар «сапасы жоғары қымыранның адам ағзасындағы өт жолдарын тазалауға, бауыр-бүйрек жұмысын жақсартуға берер шипасы мол» деп отыр.
Ғылымға жүгінсек…
Алдымен ғылыми дәлелдерді сөз етелік. Мәселен, бiр литр қымыран ересек адамның В1, В12 және С дәрумендеріне деген қажеттілігін қанағаттандыра алады. Қымыран қышқыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзедi. Осы арқылы бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Айран мен сүтке қарағанда қымыранның тиiмдiлiгi анағұрлым жоғары.
Еркін ЖҰМАХАНОВ, химия ғылымының кандидаты:
– Қымыранның түрі біздің елде көп. Қымыранды қымыздан, сиырдың ашыған сүтінен, сондай-ақ түйенің сүтінен жасауға болады. Тіпті оңтүстік өңірлерде шұбатты қымыран дейтіндер де бар. Қымыранды ашыған айранға піскен сүт қосып, ұйытылған сусын дейтіндер де бар. Бұл арада бір ескеретін дүние – қымыранды қымыздан да, сиырдың сүтiнен де, түйенің сүтінен де жасауға болады. Бірақ қымыз бен сиыр сүтінен жасалатын қымыранға қарағанда түйенің сүтінен жасалатын қымыранның құнарлылығы өте жоғары. Мысалы, бiр литр түйенің шұбатында 911 ккал болса, бие сүтiнде 528, сиырдікі 460 калорияны құрайды. Сондықтан күнделікті тағам рационына түйенің сүтінен жасалған қымыранды қосатын болсаңыз, ішіп-жегеніңіз жақсы қорытылып, қуатыңыз арта түседі. Түйе сүтінің құрамы ерекше болғандықтан болар, кезінде ауыз бекіткен қариялар кешке дейін тоқ жүру үшін бір тостаған қымыранды сәресіне ішіп отырған. Бұған қоса, қымыран никотин, алкоголь сияқты зиянды элементтердің ағзадан тез шығуын қамтамасыз етеді. Арақтан уланған жағдайда қымыран бүкіл ағзаны тазалап шығады. Қымыранды дайындау барысында ашытқының көмегімен түйе сүтінде күрделі биохимиялық өзгерістер жүреді де, В1, В6, В12 дәрумендерінің құрамы екі есеге артады. Сондықтан қымыранның адам ағзасына берер пайдасы мол. Әсіресе өт жолдарын тазалауда қымыран– таптырмайтын ем. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген.
Құрғақ қымыран – табиғи қоспа
Жалпы, мамандардың байыптауынша, қымыранның пайдасын арттыру үшін оның жасалу технологиясына барынша мән берген жөн. «Сапалы дайындалған қымыранның сақталу мерзімі 14 тәулікке дейін жетсе, сапасыз қымыран бір тәулікке жетпей бұзылып, тұтынған жағдайда кері ықпал етеді» деседі ғалымдар. Сондықтан қазірде қымыраннан құрғақ таблеткалар жасау жүйесі ұсынылуда. Өнімнің бір құрғақ таблеткасына 1,24 грамм қымыран қосуға болатыны бүгінде ғылыми тұрғыда дәлелденіп те отыр. Мамандар «осы әдіс арқылы талай дертті ауыздықтауға болады» деседі.
Сәуле СЕРІКБЕКОВА, медицина ғылымының докторы:
– Бүгінде біздің халқымыздың 99 пайызы рецептсіз дәріханалардан дәрі-дәрмек алып, өзін-өзі емдеуге бейім. Тіпті түрлі биологиялық белсенді қоспаларды ішіп, денсаулығын құртып алып жүрген жандар да баршылық. Ал енді сол биологиялық белсенді қоспалардың орнын осы қымыран іспетті ағзаға пайдалы табиғи қоспалар арқылы алмастырар болсақ, талай дертке дауа табылар еді. Мысалы, бір таблетка құрғақ өнімнің ішінде 1,24 грамм қымыран болады делік, бұл дегеніңіз – сол бір түйір таблетканың ішінде В1, В12, В16, С дәрумендері бар екенін білдіреді. Ал күніне 1 грамм С дәруменін қабылдау иммун тапшылығын жойып, түрлі дерттердің алдын алады. Адамның қорғаныш қабілеті артуы үшін тағам құрамында ақуыз, көмірсутек, белок жеткілікті болуы керек. Біз қазірде осы заттардың орнын толтыру үшін түрлі биологиялық белсенді қоспаларды ішеміз, дерттен айығу үшін әртүрлі дәрі-дәрмектермен емделеміз. Меніңше, бізге қымыранның табиғи белсенді қоспа екенін насихаттау керек. Арнайы зертханаларда құрғақ қымыран жасау әдісін қолға алып, нарыққа сатылымға енгізген жөн. Мұндай табиғи заттардан жасалған дүниелердің насихаты артса, ұлтымыздың саулығы да нығая түспек.
Тасты ірітетін қымыран
Абзалында, қымыран туралы мамандардың айтары көп. Қымыранды ұлттық сусындарымыздың ішіндегі ең пайдалысы дескен ғалымдар қазірде жастар арасында бауырға, бүйрекке тас байлану үрдісі жиілеп кеткенін, қымыранды жиі тұтыну арқылы бүйректегі тасты ірітуге қол жеткізетінімізді алға тартып отыр. Бұл ретте, биолог-ғалымМарфуға БАТЫРБЕКОВА былай дейді:
– Бүйрекке тас қалай байланады? Кальций – фосфор қышқылымен қосылғанда фосфат пайда болады. Шавел қышқылымен – оксалат, амин қышқылы (мочевой) – урат, запыран қышқылымен – (желчной) холат құралады. Міне, бауыр мен бүйректегі тастар осылайша жылдар бойы біртіндеп жинала береді. Ал қымыранның құрамында жоғарыда аталған заттарға қарсы тұратын қасиет бар. Қымыран – ағзаға жиналған лас заттарды тазалаушы бірден-бір сусын. Осыдан болар, қазірде Малайзия, Израиль, Германия елдерінде қымыранның құрылысын, қасиетін, құрамын зерттеуге сол елдің ғалымдары барынша ықылас білдіруде. Демек, болашақта қымыранымызға деген сұраныс артып, бұл ұлттық сусынымызды тұтынушылар саны арта түспек. Ендеше, болашақта осы бір ұлттық сусынды насихаттау түрі кеңінен қанат жайғаны абзал.
Абай ОМАРОВ (коллаж)