АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ҚАЗАҚТЫҢ НАМЫСЫ – ӨЗГЕНІҢ ТАБЫСЫ

тойбастарҚазақ – тойшыл халық. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. «Той десе қу бас домалайды» дегенді бұрын­ғылардың өзі айтқан. Қазір нағыз тойдың маусымы. Көбі Рамазан айын аман-есен өткізіп, тойдың қамына кірісіп те кетті.
Бір қызығы, көп қазақ той шығынын жобалап болса да алдын ала есептемейді. Дүрмекке ілесіп, қарызданып-қауға­ланып, асарлатып, несиелетіп тойдың қамын бастап кеп жібереді де, әйтеуір тойға түскен азды-көпті сый-сияпатпен шығынның орнын жапқан болады немесе алдағы екі-үш жылда бар тапқанын несиеге құйып отырады. Біз қазақ то­йының бірер көрінісін ғана тілге тиек етпекпіз.Мәселен, бұрын тойбастарды біреу жасаса, енді біреу тіпті ондай дәстүрдің барын білмейтін. Қазір біреуінен екін­шісі көріп іліп алды. Тойбастар жасама­са, тойдың қызығы болмайтындай. Сол тойбастарыңыздың кәкір-шүкірін қыр­ғыз бен қытай жасап беріп отыр. Осы күні қазақ үйіп-үйіп өртеп жатқан киіз­дің бір шөкімінен ғана келістіріп шаңы­рақ-киіз үй үлгісінде «Тойбастарды» жа­сап, бізге оны 2000-5000 теңгенің аралығын­да саудалайды. Он адамның ортасына бір тойбастар қойылатынын ескерсек, 150 адам шақырған қазақ үшін шағын тойға кемі 15 жерге тойбастар алынады. Алма­са болмайды, өзгелерден қалып қойса, ұят. Біз үшін «Өлімнен ұят күшті». Енді оның ішіне салатын қазір дәстүрге айналған кәдесыйлық – түйе, шаңырақ-киіз үйді де қырғыздар жасап, саудалап отыр. Шағын домбыра, тағы басқа да ұсақ-түйек, әрине, қытайға тиесілі. Қа­рап отырсаңыз, сол тойбастардың ішіне салынған кәдеге жарарлық бұйым аз, бірақ соны мәз болып үлестіріп аламыз да, көрінген жерде шашылып қалады. Ал ол үшін той иесі қыруар қаржы шығарып, қырғыз бен қытайдың қалтасына өз еркімен ақшасын салып берді.

Тағы бір мысал: құдаларға киіт кигізу дәстүрі қазір де бар. Бұл құдалардың бір-біріне құрметінің белгісі, оған ешкім дау айта алмайды. Бірақ тағы да қырғыз бен қытайдың саудасын қыздырып жатқа­нымыз айдан анық. Әрине, «Тең – теңімен, тезек – қабымен» демекші, құндыз бөрік пен құндыз ішік кигізіп, бір-бірлерінің мерейлерін тасытып жатқан құдалар да жоқ емес. Ал көпшілігі бір құдалық пен екінші құдалықтың арасында жүретін костюм-шалбар, ша­пан, көйлек пен маталар. Егер біреуіне өзің ғана білетін белгі салып жіберсең, күндердің күнінде айналып өзіңді та­уып келері анық.
Қазақ тойын өткізудің әдемі бір сце­нарийі жоқ. Әркім өз білгенінше, қа­лауынша тойды қызықты етіп өткізуге тырысады. Бұрынғылар «Өлгенде көр­ген бір той» деп осындайда айтса керек!
Біздің ойымыз: өзгелерге босқа «жем» болмай, керек-керек емесін екшеп, қа­лай дегенде де қазақы тойдың әдемі, жинақы бір үлгісін жасауға тиіс сияқ­тымыз

. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz