АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазақтың өнері асқан бір ұлы еді…

Алемді таңғалдырған әнші Ерік Құрманғалиев жоқтаусыз қалды.
Бұдан бірер жыл бұрын атақты Майкл Джексон марқұм болғанда бүкіл қазақстандық БАҚ атаулы қабырғасы қайысып, қайта-қайта жазып жатты. Өткен жылы әйгілі әнші Уитни

Хьюстон қайтыс болғанда  қазақшасы бар, орысшасы бар, біздегі басылымдардың бәрі ол туралы айтып шықты. Соңғы уақытта орыс басылымдарына еліктеп, дәп сөйтпесек, жастар мен  өзін элитамыз деп есептейтіндер оқымай қояды дегеннен  бе, әлде, бұл біздің көкжиегіміздің шынымен  өскендігінің белгісі ме, шетелдік әншілердің бірінің ажырасып жатқанын, бірінің нашақор болғанын, әйтеуір, не керек, бәрін жіпке тізіп жазып, суретімен жарқыратып беруге әуес болып алдық. Мүмкін, мұның сөкет ештеңесі жоқ шығар, бірақ біреудің қаңсығын таңсық көріп, өзіміздің асылдарымызға келгенде көңіл жетпей қалатыны тағы рас.

Бәрін де қойшы, бәрі де өтер тоқтаусыз,
Өмір ме, өмір, өнбей ме, өспей жоқ-барсыз.. 
Кезегім келіп, кеткенде келмес сапарға, 
Қалмасам екен хабарсыз, ізсіз, жоқтаусыз…
Мұқағали

Ерік Құрманғалиев. Атырау облысының Құлсарысында туып, аты әлемге шығып кеткен ерекше дауысты әнші. Ол қайтыс болғанда опера өнерін ақсүйектер мен бекзадалардың сұлулығы тіл жетпес һас өнері деп бағалайтын елдердің аузымен құс тістеген әйгілі музыка майталмандарының өзі «Мұндай әнші енді тумайды, Ерік Құрманғалиев ерекше құбылыс, Ерік Құрманғалиевтің дауысы Табиғаттың өзі сүйіспеншілікпен шебер жаратқан ерекше сый болатын, біз оны енді мәңгілікке жоғалтып алдық» десіп күңіренген екен. Ал өз елінде оның бақиға аттанғаны елеусіз қабылданды. Тым елеусіз. Расын айтқанда, өз елімізден, өз топырағымыздан шыққан әншінің бар болғанын, одан кейін жоқ болғанын көбіміз біле де бермейміз.
Осыдан алты жыл бұрын, 2007 жылғы 13 қазанда ерекше дауысты опера әншісі, опералық арияларды әйел дауыспен орындап әлемді таңғалдырған феномен (1987-88 жылдар Ерік Құрманғалиевтің Америка мен Голландияда өткен концерттері сенсация болып есептелген), Кеңестер Одағындағы жалғыз контртенор болған қазақ баласы Ерік Құрманғалиев Мәскеуде дүниеден өтті. Ол далада өсті, түйе бақты, қарапайым түйе бағушы да болуы мүмкін еді, бірақ әлемге аты мәшһүр әнші болды. «Дәл Ерік сияқты ешбір контратенорлар ән сала алмайды.Тіпті контральто немесе меццо-сопрано дауысты әйелдер де онымен бәсекеге түсе алмас еді. Еріктікіндей ­дауыс енді ешкімде жоқ, барынша жоғары және сондай жұмсақ, бар дыбысында сиқырлап аларлық құдірет бар. Мұның сыры – профессионалдықта емес, табиғат берген дауыста, дауыс қою ерекшелігінде» деген болатын Александр Лаертский, Дмитрий Бертман сияқты белгілі музыкатанушылар бірауыздан.

Хабарсыз, ізсіз, жоқтаусыз…

Өткен жылдың қазан айында «Московский комсомолец» газетіне Ирина Боброва деген автордың «На звездных могилах не ставят крестов» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада тірісінде хан секілді құрмет көріп, атақты болып, өлгенде ескерусіз қалған өнер адамдарының зиратын тауып, басына белгі қоюмен айналысатын некрополистер туралы айтылады. Бұл некрополистер өте бір сауапты іспен айналысатыны өз алдына, өнер, мәдениетке ден қойғандар үшін, жалпы келешек үшін бір кәдеге жарарлық мол мәлімет, қолға түсе бермейтін деректер жинастырумен де айналысады екен. Соңғы 4-5 жыл көлемінде олар жүздеген актерлер мен музыканттардың, жазушылар мен ғалымдардың, ғарышкерлер мен Кеңес Одағы Батырларының жерленген орнын іздеп тауып, қараусыз қалған, белгісі жоғалған не мүлдем азып-тозған зираттарын қалпына келтірген. Олардың арасында атақты Валентина Караваева (бұл Кеңес Одағының театр өнерін әлемге танытқан актриса, зейнетке шыққаннан кейін өз үйінен сахна жасап, оған өзі костюм тігіп, өз асүйіндегі сахнаға 17 жыл бойына бір адам ғана ойнайтын спектакльдер қойып, оны камераға түсіріп, ең соңында сол өзінің асүйіндегі сахнасында қайтыс болып кеткен, өнерге шын берілген ерекше таланттың бірі болатын), Лаврентий Масоха (Кеңес адамдары сүйіп қарайтын «Семнадцать мгновений весны» фильміндегі Мюллер), Раднэр Муратов («Джентельмены удачи» фильмінде Алибабаевич), Кеңес кинематографиясына мол үлес қосушы, өз заманының қайраткері Борис Новиков, Николай Парфенов секілді адамдар бар, бірақ артынан оларды іздеген, зиратын ретке келтірген жоқтаушысы болмаған. Осылай жоқтаушысыз қалған зираттың бірі – біздің Ерік Құрманғалиевтің зираты делінеді. «47жасында дүниеден өткен Ерік Құрманғалиев әлемді таңғалдырған ерекше дарын иесі болған, Альфред Шнитке, Святослав Рихтер сияқты аса танымал тұлғалармен жұмыс істеген, атақты Пьер Карденмен дос болған, гала-концерті аншлагпен өтетін, әрдайым халықтың қошеметі мен гүлге көміліп қалатын әншінің зираты өте жүдеу, күзде бұл жерде ер адамдар ағаш кескен болу керек, зираттың айналасы ағаш кесінділерінен аяқ алып жүргісіз, сонымен бірге атақты музыканттың әйнекке салынған суреті ер адамдардың ауыр етіктерімен тапталғаны көрініп тұр» деп есеп беру күнделігіне жазған некрополистер кейін оның суретін жерден көтеріп кесілген ағашқа қадап қояды. Оның мына дүниеде көрген соңғы сый-құрметі осы болады. «Өлдің, Мамай, қор болдың» деген осы да… Кейін бұл некрополистер туралы тағы да жазылды, олар өз жұмыстарын тереңдетіп, одан әрі жалғастыруда, атаусыз қалған орыс өнерпаздары туралы кітап та шығаруда. Ал бірақ сол жоқтау, іздеу, насихаттау бағытындағы жұмыстардың біздің Ерік Құрманғалиевке қатысы бар ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Жалғыздық…

Берген сұхбаттарына қарағанда ол өзіне даңқ пен дақпырт әкелген «М.Баттерфляй» туралы да, «Вокалдық параллельдер» туралы да әңгімені онша ұнатпаған. Әсіресе өмірінің соңғы кездерінде. Опералық әнші тек классикалық музыка тақырыбында сөйлесуге ғана ниет білдірген. Мүмкін соңғы уақыттардағы өзі жайында айтылған «жынысын өзгерткені туралы» алып-қашпа өсек-аяңдардан да мезі болған шығар. Ерекше дауысты дарын иесі жалғыздықтың зарын тартқанға ұқсайды. Әкесі Атыраудың өкпе аурулары ауруханасының бас дәрігері болып жүрген кезінде кенеттен қайтыс болады. Әкесі 41 жасында марқұм болғанда, Ерік жас бала екен. Анасы Меруерт 49 жасында қайтыс болады. Анасын Ерік Мәскеуде біраз емдетеді, бірақ рак ауруы ақыры алып тынады. Бауырлары Серік пен Берік те мына дүниеден ерте қайтады. Аты алысқа кеткен тенор бауыр ауруынан қайтыс болған­да, Мәскеудің атақты адамдарды қоятын зиратында жерлейтін бөлек орын табылмағандықтан жарты жылға дейін денесі жер қойнына тапсырылмаған. Бұған өмірінің соңғы кездерінде ешқандай труппа құрамында болмағандығы, еш жерде жұмыс істемегендігі де, шығармашылық адамдарының басында болатын күйзеліс жағдайында болғаны да себеп болса керек.
Екінші рет біраз жүгіріс, сабылыс, келіссөздерден кейін барып әншінің сүйегінің күлі салынған урна Ваганьков зиратына қойылған. Онда да Үлкен театрдың солисі болған Галина Нечаевамен бірге бір зиратта. Кезінде ­Нечаева қайтыс болар алдында өз зиратын Роман Виктюк театрының бұрынғы директоры Михаил Колкуновқа аманаттаған көрінеді.Колкунов досы Құрманғалиевтің денесі жер қойнына тапсырылмай жатып қалғасын, амал жоқ, осындай шешімге келгенге ұқсайды. Және бұл шаруаға Пьер Карден, атақты кутюрье араласқан. Еріктің өнеріне, талантына бас иген Пьер Карден Ерік қайтыс болғанда Парижден Мәскеуге ұшып келген, жерлеу мәселесімен сол кездегі мэр Лужковқа шыққан. Атақты адамдар жатқан зиратта орын болмағасын актриса Нечаеваның Швейцарияда тұратын ұлымен келісім жасасқан, яғни Нечаеваның миллионер ұлы Парижден өзі өлгенде көметін жер берсе ғана шешесінің қасынан орын беруге рұқсатын беретінін айтқан. Осылайша біздің жерлесіміз, даңқты опера әншісі Ерік Құрманғалиев Нечаевамен бірге қойылған.

Қырандайын құлаш ұрған биікке

Атыраудың Құлсары қаласында туып-өскен қазақ баласы Ал­матының консерваториясының дайындық бөліміне оқуға түс­кенімен, оны орта жолдан үзіп, Мәскеуге жол тартады. Оған себеп – оның ерекше дауысы жұрт­шылықты әрі таңғалдырады әрі түсінбестік туғызады. Сауытбек Әбдірахмановтың «Елдік сыны» кітабында консерватория ректоры Ғазиза Ахметқызының Ерікті шақырып алып, оның ерекше дауысымен бұл жерде қиналатынын аналық жүрекпен түсіндіріп, Ерікке Мәскеуге баруға кеңес беретіні туралы айтылады. Оның өміржолы келтірілген деректердің бәрінде Ерік Құрманғалиев бірден Гнесин атындағы музыкалық-педагогикалық институтына түсті деп жазылған. Бірақ оның апасы Раиса Қуанқызы атыраулық ақын Маржан Ершуге берген сұхбатында «Ерік бірден Гнесин институтына қабылданған жоқ, бұйырғаны әуелі Подольскідегі хореография училищесі болды. Талай адам көз тіккен жалғыз жолдаманы Еріктің қолына ұстатқан сол кезде Орталық Комитетте істейтін Камал Смайылов еді» дейді. Гнесинге оны еврей ұлтының қызы, әйгілі музыка маманы, профессор Дарляк алдырған, ол құзырлы орындарға «сондай бір қазақ баласы ерекше дауыспен ән салатынын» естіп, Гнесиндер инс­титутына қабылдау туралы өтініш хат жазады. Таңғалса таңғалғандай еді. Бір замандарда ұлдарды әдейі операция үстеліне жатқызып, дауыстары өзгермей тұрып кастрация жасаған, кастрат ұлдардың хоры музыканың шыңы есептелген, оларды сопрано деп атаған. Ең соңғы сопраношы кастрат жиыр­масыншы ғасырдың басында қайтыс болғаннан кейін бұл өнер жоғалған. Бүгінде консерваторияларда ер дауыста да, сонымен бірге әйел дауыста да ән салатын конт­ртенорларды арнайы дайындайды. Бір кезде Ерік Құрманғалиевті Табиғаттың қателігі деп түсінгендер де болған, оны ер адам санатына жатқызбағандар да, тіпті жек көргендер де табылған. Осының бәрі өнер адамының жүйкесіне шектен тыс салмақ болатын. Ерік оқуға қабылданып, дебют ретінде Шостакович атындағы филармонияның үлкен залының сахнасында Перголезидің «Стабат Матер» кантатасын орындайды. Одан әрі қаншама атақты ұстаздардан сабақ алады, ол ерекше дауысына малданып қана қоймайды, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Студент кезінен белгілі режиссерлер басқаруындағы оркестр сүйемелдеуімен сахнаға шығады. Осылайша оның тынымсыз, мақтау мен марапатқа, даңқ пен дақпыртқа, самғау мен сүрінуден де кенде емес өнер жолы басталады. 1987 жылы Хертогенбошеде өткен жас әншілер байқауында лауреат атанады. Мәскеу музыка институтын бітіріп, Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясы аспирантурасында профессор Нина Дорлиактан, Бьенер, Кейселлилерден тәлім алады. 1988 жылы Бос­тонда өткен музыка фестивалінде барлық баспасөз құралдары Ерік Құрманғалиевті атақты опера әншісі Федоро Барбиеримен қатар қойып, ешкімге ұқсамайтын феномен дескен бірауыздан. Ресейде оның атын шығарған Роман Витюктің «Мадам Баттерфляй» қойылымы болды. 1992 жылы Сонг Лилинг рөлі үшін жылдың ең үздік актері деп танылған. Ол бірінші болып А.Шнитке шығармаларын орындаған, «Доктор Иоганн Фауст хикаялары» кантаталары мен симфониялар, опералық бағдарламалармен әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттеріне көп сапар шеккен. 2002 жылы Мәскеу консерваториясының Үлкен залында гала-концерт беріп, 2005 жылы Рустам Хамдамовтың «Вокалды параллельдер» фильміне түскен, сондай-ақ Ригада Карло Броскидің (1722 жылдан бастап Римде ән салған, аса жұмсақ дауысты кастрат әнші Фаринелли) 300 жылдығына арналып қойылған «Фаринеллиден ұрлану» спектакліне қатысқан. Әнші қайтыс болғаннан кейін, 2008 жылдың тамыз айында осы Ригада өткен барокко Farinelli-Fest фестивалі, гала-концерті Ерік Құрманғалиевті еске алуға арналған. Енді Еріктің атын шығарған, үлкен сенсация туғызған «Мадам Баттерфляй» туралы. Бұл негізі американ драматургы Г.Хванның спектаклі. Жалпы адам сенгісіз оқиға француз дипломатының басынан өтеді. Ол қытайдың опера әншісіне ес-түссіз ғашық болады, онымен 17 жыл бірге тұрды, күндердің күнінде ғашық болып жүрген адамының ешқандай да әнші емес, тыңшы екенін, тіпті әйел емес, еркек екенін біліп қояды. Өзінің осы қойылым туралы пікірінде әнші: «Яғни Баттерфляй саяси жезөкше, оның әр қадамы солай бола тұра, ішкі түкпірінде оның өзінің жеке трагедиясы жатыр. Өйткені спектакльде ең бастысы – махаббат болып қала береді. Ал саясат, коммунизм құрылысы, тағы сол сияқтылар адам тағдырын илеуші ғана… Егер менің еркімде болса, мен ер мен әйел арасындағы шектеуді алып тастар едім. Біз бәріміз де табиғат-ананың баласымыз, өзімізге өлшеп берген өмірді бақытты етіп сүру үшін жаралғанбыз, ал адамдар арасында ер, әйел деп, жіктеу, бөлу, шекара қою – осының бәрі адам тағдырын тәлкек ететін саясат. Менің ойымша, нағыз әйел қандай болу керек екенін тек еркек қана біледі, нағыз еркек қандай болу керек екені әйелге ғана аян» деген екен. Сол кезде үлкен шу болған, сонымен бірге қоғамдық пікір туғызған осы қойылымдағы Құрманғалиевтің жұмысын көпшілік вокалистің дағдарысы деп те қабылдаған. Болды, әнші осымен тоқтады деп те айтушылар болған. Осы рөлді ойнағанша Ерік екі жыл бойына ән салмаған. Өйткені трансвестит-тыңшының рөлін ойнаудың өте күрделі екендігін алғашқы дайындықта ұққан, себебі ол тек ән айтып қоймайтын бұл рөлде, сонымен бірге ойнау керек, қозғалу керек, Ерік осының бәрінен өтті, және Чио-Чио-Чио Сан ариясын фонограммамен емес, өз дауысымен орындаған алғашқы ер әнші болды. Үлкен табыс әкелген, сондай-ақ кәдімгідей шу тудырған «Мадам Баттерфляй» мәдениет саласындағы біраз шенеуніктің қолайына жақпаған, мүмкін қытығына тиді ме, әйтеуір сол замандағы мәдениет министрлігі оны қоюға тыйым салған.

…үнсіз қала береміз

Ерік Құрманғалиев. Шынын айтсақ, бірлі-жарым деректер болмаса, қазақстандық басылымдардың ол туралы толығырақ жазғанын көре алмадық. Оны ешкім жоқтамайтын секілді. Іздемейтін секілді. Сағынбайтын да. Неге? Опера қазақтың табиғатына жақын болмағаны үшін бе? Ол алғашқы қадамын Мәскеуден бастады, қанатын да Мәскеуде ұштады, шарықтаған жері де сол жер. Әншіні әсіресе Парижде әдемі түсінген дейді. Тірісінде орыстар ол туралы «Дауыс», «Альт-қайта өрлеу», «Сәлім-Меруерт» деген деректі фильмдер түсірген. Біз ғана үнсіз қала береміз. Бұл әлде «туғаныңды көргенім жоқ, өлгеніңе жыламаймын» дегеннен бе? Ал ол ешқашан қазақ тілін ұмытпаған, тіпті достарымен отырыстарда ұлттық киім киіп баратын болған. Әлемдік музыка тарихына есімі жазылған қазақ баласы азулы, айтқыш газеттерге сұхбат бергенде өзінің даланың ұлы екенін ағынан жарыла айтып, түйе баққанын ерекше ықыласпен, сағынышпен әңгімелеген екен. Бізде өз елінде, ата-бабасының жерінде жүріп туған тілін, шыққан тегін менсінбейтіндер шамасы келгенше қазақ болмауға тырысып әлек, ал ол болса, Мәскеуде ұзақ тұрғанның өзінде туған тілін қастерлеп өткен. «Тумақ, өлмек-тағдырдың шын қазасы, Ортасы өмір, жоқтық қой екі басы. Сағымдай екі жоқтың арасында Тіршілік деп аталар біраз жасы. Жоқтық-барлық, жоғалмақ-араласы, Үш еріксіз болады мағынасы. Найзағайдай жарқ етіп өшпек болса, Өмірдің он тиындық жоқ бағасы» депті Шәкәрім атамыз. Байлауы жоқ қас қағым дүниеге әнші де бір сәт бәрін таңғалдырып, тамсандырып кету үшін ғана келгендей. Өмір атты алып сахнаға шықты да аз уақытта ғайып болды. Біз неге оны жоқтамадық? Неге сағынбадық? Ол да қазақтың өнері асқан бір ұлы еді ғой…

Жадыра ШАМҰРАТОВА
Астана

Ана тiлi газетiнен алынды