Жасырып, жалтақтайтын ештеңе жоқ, қазір нағыз қазақы үнді сақтап қалған, өз даусындағы қазақы қанмен берілген сол бір қоңыр бояуын еш нәрсеге айырбастамайтын әншілер саусақпен санарлық қана. Дәстүрлі әннің жөні бөлек, әрине, біз бұл ретте эстрададағы қазақылық жайлы айтып отырмыз. Әсіресе кейінгі толқын жас ұрпақ әр буын сайын милизм қосып, әнді барынша батыстықтарша айтуға әуестеніп алған мына заманда бір жерден қоңыр үнді құлағымыз шалып қалса, елең ете қалатынымыз жай емес. Себебі өз болмысымызға тән дауыс пен әнге шөліркейміз бәріміз. Осындай бір шөліркеп жүрген кезімізде Қанат Үмбетов сынды жас әншінің кіл қазақы үндегі қазақы әндерден тұратын жеке әнжинағын шығаруы шөлде су тапқандай оқиға болды.
Алаш жұрты бұл әншіні «Шамшырағым» атты әніне түсірген бейнеклипі арқылы таниды. «Түсі игіден түңілме» дейтін қазекем бір көргеннен Қанаттың биязы мінезі мен қазақы болмысын аңғарған. Сөйтсек, ол Тоқтар Серіков сынды өресі биік әнші, тек әнші ғана емес, өзінің мінез-құлық, іс-әрекетімен ұлтының ұлы деген атына лайық екенін аңғартып үлгерген әнші, сазгердің өзі қалап, өнерге алып келген шәкірті екен. Қанаттың ән жинағының жартысынан көбі де сол Тоқтар Серіковтің әндері. Ал өз шәкірті, өз бауыры, өнерге әкелген өз жаңалығы жайлы айтқанда Тоқтар ағамыз да тебіренбей қала алмады:
Ұстаз лебізі
Тоқтар СЕРІКОВ:
– Қанаттың ешкімге ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән әдемі үні бар. Талантты жігітті қанатымның астына алмас бұрын өзімен ашық сөйлескенде былай деп айтқаным есімде: «Қанатжан, сенің өз ұлтың бар, сол ұлтқа тән мінезіңді жоғалтып алма, қазақ деген халыққа кір келтірме, «орысизм» деген бар ғой, соған ерме, менің талабым сол» деп айтқанмын. Себебі бізде қазір өздерін заманауи стиль дегенді шалбарының тізелерін салақтатып шығарып алып, билеу деп ұғатын әншілер көп қой. Егер сол түсініктегі заманауи стильге салам десем, Қанаттың дауысы оған да келер еді, классикаға да келеді. Алайда мен Қанатты қазақы қалыпта қалдыруды дұрыс санадым. Себебі халыққа өлмейтін ән керек. Сол артылған үміт ақтала бастады, алайда алғашқы үнтаспа – алғашқы жетістік қана, себебі үлкен өнер, үлкен жеңіс әлі алда. Жеке концерт бар алда. Негізі, қандай әнші болсын, жеке концертін түгел жанды дауыста беруі керек. Бүгін жарық көріп отырған үнтаспадағы әндердің жартысынан көбі менікі екен. Соған қарап ыңғайсызданып қалдым да, «Қанат, менен басқа композитор құрып қалды ма, неге басқалардың әнін де қоспадың?» десем: «Маған ұнағаны осылар болса, қайтем?» дейді. Бұл өзі бір өнерге қомағайлау бала. Бір ән жазсам, ести сала бірден «мен жаздырамын, аға» дейді. Тағы бір ән жазам, оны да бірден сұрайды. Бір жағы онысы дұрыс та. Сондықтан бүгін алғашқы үнтаспасының тұсауын кесіп жатқан Қанатыма, ең бірінші тілейтінім, өнердегі қанаты талмасын. Мен өнерде ешқандай жаманшылық көрген жоқпын. Мен – өз өнерінен бақыт тапқан адамдардың бірімін. Менің осы бақытымды Жаратқан Қанатқа да берсе екен деп тілеймін.
Замандас лебізі
Жанабай ӨТЕГЕНОВ, әнші:
– Біз Қанатпен Астанада өнер жолын бірге бастаған, бір буын өкілдеріміз. Өзіме негізі қазақы қыздар мен қазақы жігіттер қатты ұнайды. Қанаттың да сол мінезін ұнаттым. Бәлкім, оны өзіме ұқсатқанымнан да шығар. Әндері де сондай қарапайым, бірақ ұлттық бояуы қанық, бірден елдің жүрегін жаулап алатындай, ел бірге қосыла шырқай жөнелетіндей әндер. Өнерде де, өмірде де қатты құрметтегенімнен де бүгін Қанаттың қуанышына сонау Астанадан бір топ өнердегі әріптесі арнайы келіп отырмыз.
Ғаділбек ЖАНАЙ, әнші:
– Қанат – бүгінде қазақ эстрадасында саналы әндер орындап жүрген санаулы әншілердің бірі, біздің бауырымыз. Репертуарында да қосақ арасында жүре берсін дейтін кездейсоқ ән жоқ, әр әні – саналы түрде бір оқиғаға негізделіп, ар жағында қазақы мүдде тұратын туынды. Ал бұл кез келген әншінің уысына түсе бермейтін, бақшасында пісе бермейтін бақыт. Ал өзіме әсіресе Қанаттың «Шамшырағым» әні қатты ұнайды.
Қанат ҮМБЕТОВ, әнші:
– Өнерге ең алғаш келген күннен ұмтылған биігімнің бірінші баспалдағына бүгін міне аяқ басып отырмын. Әрине, осы күнге жету мен үшін оңай болған жоқ. Бұл үнтаспа – қаншама тер төгіп, ізденудің нәтижесі. Әрине, эстрадаға қандай да бір жаңалық әкелдім деп те айта алмас едім. Себебі бұл жолда бізге дейін Мейрамбек, Тоқтар сынды ағаларымыз жүріп өткен, біз солардың сүрлеуін жалғастырушы болып табыламыз. Бірақ сол үшін де, яғни алдыңғы толқын ағаларымыздан қазақ әнінің қасиетті тізгінін ұстауды үйренсек, соған лайық бола алсақ, ризамыз. Мен үшін әлемдегі ең жағымды үн – қазақтың қоңыр үні. Егер менің әр әнімнен тыңдарман сол қоңыр үнді ести алса, мен үшін содан артық бақыт жоқ.
Қорытпа сөз
Әнжинақтың тұсауын кесу құрметі белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлиев пен әншінің ұстазы Тоқтар Серіковке табыс етілді. Ал әрі қарай кештің сәнін кіргізіп, әдемі әндерімен әрлеу «Заман» тобы бастаған, биылғы «Саз әлемі» байқауының жеңімпазы Жаңабай Өтегенов сынды көптеген Қанаттың өнердегі замандастарының еншісіне берілді.
Ал Қанат Үмбетов осыдан екі айдай ғана бұрын газетімізге берген сұхбатында: «Маған ат басындай алтын берсе де, «Новая волна» сияқты т.б байқауларға шықпас едім. Не болмаса шетелдің бір әнін ұсынып, «осы әнмен Қазақстанда нөмірі бірінші жұлдыз боласың» десе де айтпас едім. Неге? Себебі ең бірінші ол менің табиғатыма қарсы, сондықтан оны орындап шыға алмаймын» деген болатын. Олай болса, біз әншіге «осы бетіңнен тайма, оқырман сенің тілекшің әрі сыншың» дейміз сөз соңында.
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР
http://alashainasy.kz/
Жеңіс ЫСҚАБАЙ (фото)