Президенттің 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 90 пайызының мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деп міндет қойғанын барша халық біледі. Қарап отырсақ, бұл межеге жетуге небары 7 жылдай уақыт қалыпты. Баршамыздың бір тілде сөйлеп, бас біріктіруіміздің жолы қандай болмақ? Бұған да жауапты Президенттің Қазақстан халықы ассамблеясының соңғы сессиясында сөйлеген сөзінен таптық. Елбасы тілді меңгеруде ең алдымен талаптың жастарға қойылатынын айта келе: «Мемлекеттік тілді меңгеруге алдымен өз қандастарымыз зор үлес қосуы керек! Елімізде 10 миллион қазақ болса, өздері түгел тілді білсе, байлықтың ең үлкені осы болар еді! Барлығымыз қазақ тілінде сөйлесек, қазақы қуатты орта пайда болады да, барлық мәселе өзінен-өзі шешіледі» деп, қоғамға ой тастады. Ал қазақы қуатты ортаны қалай қалыптастырамыз?
Мақаш ТӘТІМОВ, демограф-ғалым, қоғам қайраткері:
– Президенттің сөзі өте орынды әрі уақтылы айтылды. Басқалар тіл мәселесіне атүсті қарайды. Ал Елбасы өз жоспарларын сабырмен атқарып жүр. Жоғарыда айтылған Президенттің сөзінің бәрін орындаушы – демография. Егер қазақ өз жерінде сан жағынан басым болмаса, сапа жағынан басымдылық құра алмайды. Сан сапаға айналуы керек. Қазақ 70 пайыздық межеге 5-6 жылдың ішінде жетеді. Мен үнемі «Қазақ 70 пайызға жетпей, мемлекеттік тілді өз тұғырына шығара алмайды» деп айтып жүрмін. Ең алдымен, қазақ тілінде кімдер сөйлеуі керек? Түркі тілдес халықтар: қырғыз, қазақ, ноғайлар, т.б. Ғылыми тілмен айтқанда, бұл ассимиляцияның бір түрі. Бәрі тілдік ассимиляциядан басталып, ұлттық ассимиляцияға ұшырайды. Содан кейін саналық ассимиляция жүзеге асады. Тілдік жоспарды Президенттің бағдарламасымен жүргізген дұрыс. Қазір Қазақстанда 6 млн басқа ұлт өкілі тұрады, соның 1,5 мил-
лионы – түркі тілдес, 2 миллионға жуығы – мұсылман діндес, 2 миллионнан артығы – шығыс тектес халықтар, оның ішіне,
дүнген, кәрістер де кіреді. Олардың қаны бізге жақын. Түбінде қазақ ретінде танылады. Бәрі де қазақтың менталитетіне жақындауы керек. Бұл – Президенттің бағдарламасы. Мұны дабырайтпай, ақырындап жүргізген дұрыс. Еуропалық диаспоралар, поляктар, немістер, т.б. бұрыннан орыс тілінде сөйлейді, бірақ түбінде Қазақстанның 80 пайызы қазақ болса, басқа шығыс халықтарымен қосқанда, санымыз 90 пайызға жетсе, қалған 10 пайыз халық қайда барады? Қазақ: «Көп қорқытады, терең батырады» дейді. Ал мұның бәрін істейтін құдіретті нәрсе – демография. Яғни Президенттің сөзі ғылыми түрде шешіліп жатыр. Демографиялық құрам жағынан, қазақ пен оның айналасындағы халықтар да жас. Қартайып бара жатқандар – еуропалықтар, соның ішінде, орыстар, украиндар мен беларусьтар құрдымға кетіп барады. Мәселен, қазақ халқының орташа жасы – 27-28 жас. Ал орыстардың орташа жасы – 52-53-те. Өзіңіз қараңыз, 50-ден асқан адамдардың үй-күйі бар, әйелдері басқа бала таппайды. Оларға тек зейнетақы керек. Қазақ орыстан екі есе жас болған соң, елімізде қазақ проблемасының бетке ұрып тұратыны да содан. Жастарға не керек? Баспана, жұмыс қажет. Қазақтың ішінде жастар көп болған соң, өмірі әлі алда. Яғни осы жастар қазақша сөйлесе, бар мәселе шешіледі. Кейде мен мақалдап: «Ананың тілі – атаның күшінде» деймін. Мұның мағынасын түсінетіндер біледі, тілдің мәселесін шешетін – ата. Ата дегеніміз – саясат, экономика, тіптен демография. Бәрі де әкеден шыққан. Президентіміз: «Ынтымақ қазақ үшін керек» деп қанша айтады?! Түсінетін адам ең алдымен қазақ ынтымағын қамтамасыз етіп алған соң, басқа ұлт өкілдерін де өзіне жақындастырады. Мәселен, Өзбекстандағы 30 млн халықтың бәрі өзбек пе?! Жоқ, ондағы халықтың 5 миллионы – не қазақ, не қырғыз, не тәжік, бірақ бәрін өз бойына сіңіріп алған. Олардың бас біріктіретін басты ұраны – «Біз – мұсылманбыз!». Міне, күшті ұлттар осылай істейді. Біз де осындай күшті ұлт болуымыз керек.
Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ, «Алаң» бағдарламасының жүргізушісі, саясаттанушы:
– Президент айтқан қазақы ортаны қалай қалыптастыру қажет? Қазақстан – құқықтық мемлекет. Яғни барлық мәселені заңды түрде шешу керек. Менің ойымша, аталған проблеманы қазір жүргізіліп жатқан әкімшілік реформа аясында шешіп алуға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта қалыптасатын президенттік кадрлық резерв, «А» корпусы, сайланатын ауыл әкімдері мемлекеттік тілді білуі міндет деген талап қойылса, әжептәуір нәтиже болары анық. Оған қоса, 2015 жылдан бастап барлық мемлекеттік қызметке үміткерлер, кадрлық резервтегілер де қазақ тілін білуі қажет десек, артық болмас еді. Себебі кейбір министрліктегі қызметкерлердің ұлттық құрамына қарасақ, 90%-ы өзіміздің қаракөз қазақтар. Бұл талапты ары қарай соза берудің мәні жоқ. Есесіне, Қаржы министрлігі «2017 жылдан бастап, салық органдарына тапсырылатын салықтық есеп, аудиттік есептер мемлекеттік тілде болуы қажет» деген бұйрық шығарса, жекеменшік компаниялар арадағы 4 жылда дайындалып үлгеретін еді, сәйкесінше, жұмысында қалғысы келгендер қазақша үйренуге мәжбүр болады, не қазақтілді мамандарға сұраныс туады. Яғни кезең-кезеңмен қазақ тілін барлық салада талап ету арқылы жоғарыда айтылған қазақы ортаны қалыптастыра аламыз. Бірақ тіл білетіндерді де жалақысына үстемақы төлеп, ынталандыру әдісін де ұмытпау қажет. Мәселен, өзіміздің емес, ресейлік бір танымал банктің Қазақстандағы филиалы дәл осылай жасағаны туралы мәлімет бар.
Кәмшат ТАСБОЛАТ