АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақы отбасы – ұлт берекесі

Оразкүл АСАНҒАЗЫ, Мәжіліс депутаты

08.03.13

 
 

 

– «Қазақстан-2050» страте­гиясында «Әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсене тартқан жөн, әсіресе жергілікті өңірлерде» делінген. Депутат ретінде айтсаңыз, әйел адам орталық пен өңірлерде қаншалықты басқару ісіне тартылған?

– Кеңестік партия кезінде де көбіне басшылық қызметтерде ер-аза­маттар болатын. Менің есімде, 1985 жылы Орталық комитеттің пленумы өтіп, онда 30 пайыз әйелдер басшылық қызметтерге тартылсын деген шешім қабылданып, соның арқасында басшылыққа келген едік. Ол кезде Шымкент облысында 22 аудан болды, оның екі-үшеуінде ғана үшінші хатшылықта ер-азаматтар қалды да, қалғанының барлығына әйел аза­мат­тарын қойған. Әкім орынбасарлары болып әйелдер қызметке келді. Бірақ әкімдер ауысқанда, кейбір жаңадан келген азаматтар «мен өз командама әйелдерді алмаймын» деген соң, әкімдікте қыз-келіншектердің саны сиреп кетті.

Қазір әйел азаматтарын әкімдікке тарту бірінші басшыларға байланысты деп ойлаймын. Кейбір облыстарда басшылар әйелдерді қызметке көп тартады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік қызметшілердің 48378-ін (55,7%) әйелдер құрайды. Саяси мем­лекеттік қызметшілер арасындағы әйелдердің үлесі 10%-ды құрады.

– Демографтар елімізде дабыл қағады: Қазақстанда 400 мыңның ша­масында тұрмысқа шықпай, отырып қалған қыздар бар. Бұл мәселені шешу үшін бұрынғы мәжілісмендер екін­ші әйел алуды заңдастыруды ұсынған еді, жаңа шақырылым депутаттары сіздер бұл мәселенің шешімін қалай кө­ресіздер?

– Кез келген мемлекет отбасынан құралады. Кез келген отбасы – шағын мемлекет. Егерде мемлекетте тұ­рақ­тылық болса, имандылық пен адам­гер­шілік алға шықса, отбасының берекесі де қашпайды. Алла тағала адамды жа­ратқанда тең жаратады. Кез келген статистиканы алсаңыз, өмірге келген ұл мен қыздың саны тең болады. Кө­біне-көп ұлдар артық туылады. Мә­се­лен, 2012 жылдың қаңтар-желтоқсан ай­ларында барлығы – 379 120 нәресте дүниеге келсе, оның 194 629-ы – ұлдар, 184 491-і қыз балалар болған. 20 жасқа дейін ұлдардың саны артық болады. Бұдан кейін ұлдардың саны азаяды. Неге? Қай шақырылымдағы депутат болсын, ел мен отбасын басқарған ер-азаматтардың алаңдайтыны осы нәр­­се болуы керек. Біздің ер-аза­мат­тары-мыз қайда кетіп жатыр? Бі­рін­шіден, ер-азаматтардың кемитін жері – жол апаттары. Сондықтан жол жүру ере­желері мен заңдарын қатайту ке­рек. Екіншіден, дүниежүзі бойынша Қазақстан түрмеде отырған ер аза­маттардың саны бойынша алдыңғы қатарларда. Бұл – ел басқарған азамат­тар­дың ойлайтын нәрсесі. Үшіншіден, мектептегі ер-азаматтардың аздығы тәрбие мәселесіне де кері әсер етуде. Мәселен, жалғызбасты, ажырасқан аналар немесе «жасым келді, әйтеуір бір бала туып алайын» деп, некесіз бала тапқан әйелдер өз балаларын әкесіз өсіреді. Мектепте тәрбие беретін ер-азаматтар жоқтың қасы. Ұл балалар еліктеп өсетін ер-азаматтардың аз болуы – мемлекеттің үлкен мәселесі.

Өз басым «артық қызды бөліп ала салайық» деген ұстаныммен келіс­пей­мін. Халықта «Жақсы әйел – қазан­ның астына от жағады, жаман – әйел қа­зан­ның қақпағын ашып, пісті ме, пісте ме деп қарай береді» дейді. Бұл мә­селеге тереңінен қарау керек. Яғни біз жігіттердің түрмеге түспеуін, на­ша­қорлық, ішімдікке салынбауын, айуан­дыққа, қылмысқа бармауын ойлауы­мыз керек. Абай бір өлеңінде:

Махаббатпен жаратқан

адамзатты.

Сен де сүй, ол Алланы,

жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй,

бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп, әділетті

– дейді. Яғни адамдардың Алланы шексіз сүйіп, бір-бірін жақсы көруін насихаттауымыз керек. Елбасы өзінің биылғы Жолдауында: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деді.

Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбары­мыз­дың хадисінде «Ей, пендем, мен сенің әр­қайсыңа өзіңе лайық түр бердім, тіл бердім, діл мен дін бердім» делінген. Қазақтың тілімен, ділімен, дінімен өмір сүретін ұл, қыз тәрбие­леуіміз керек. Халқымыздың қаймағы бұзылмаған шағында қазақтың кең даласында бірде-бір түрме, бірде-бір қарттар мен балалар үйі болмаған. Біз осындай ізгілікті ортаны, ата дінімізді сақтау, қазыналы тілімізді тұтыну, өміршең дәстүрлерімізді қазіргі ке­зеңге бе­йімдеу арқылы қалыптастыруымыз қажет болады. Сонда біз күнделікті қо­ғамда болып жатқан келеңсіз жайт­тардың алдын аламыз. Бұл отбасына да, қоғамдағы еркек пен әйелдің рөлі­не де байланысты мәселе. Жақсы тәрбие, ізгілікті орта әр адамның өз борышын, парызын, міндетін ұғындыруға игі ықпал етеді. Меніңше, отбасындағы көп­теген келеңсіздіктер осындай өмір­лік құндылықтарды сезінбеуден белең алады. Мәселен, өз ұрпағына жауап­кер­шіліксіз қарайтын кейбір еркек­­тер бар. Өкінішке қарай, ондай еркектер­дің ұсақталып кеткені соншалық, бір қалада, бір ауылда тұрып, күнкөріс көзін тауып отырып, өзі дүниеге әкелген баласына алимент төлемейді. Бұл жігіттердің төмендеп кеткенін көрсетеді. Алланың адамға беретін ең үлкен сыйы, аманаты – ұл мен қызы. Сол аманатқа қиянат жасамау керек. Қазақ «жетімін жылатпаймын, жесірін қаңғытпаймын» деп, отағасы қайтыс болса, оның әйел, бала-шағасын сол үйден жібермеген. Қазір көзі тірі ба­лаларын тастап кету – үлкен қасірет.

Ал екі әйел алудың жауапкерші­лі­гін мойнымен көтеруге бүгінгі жігіт­тер дайын ба? Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Сендер некесі адал болған әйелдердің екеу, үшеу, төртеуіне үй­лене беріңдер. Егер олардың арасында әділдік ете алмаудан қорықсаңдар, онда бір әйелге үйленіңдер!» делінген. Яғни әділдік ете алмау деген не? Ерлер үшін көп әйел алу – парыз емес, бірақ рұқсат етілген нәрсе. Бірақ көп әйел алу үшін олардың бәріне бірдей ма­териалдық әрі моральдық жағдай жасау керек. Мен «Дәмелі» деген бір шығарма оқыған едім. Ер-азамат өзінің әйелдеріне баратын күндерінің кес­тесін жасап қояды. Бұл кесте ешқашан бұзылмайды. Ал кестеден бір күнді артық алу үшін күндесіне «Мен саған бойымдағы бүкіл алтынымды берейін, бүгін кезегіңді маған бер» деп сұ­ранады. Бұл – моральдық тұрғыдан ай­тылатын нәрсе. Ал материалдық тұр­ғыдан қалай? Қазір екінші әйел алған ер-азаматтар көбіне бірінші әйелдері­не қарамайды. Бұл неден болады десек, ондай адамның екінші әйелге үйленуі ұрпақ көбейтумен, шаңырағын ке­ңейтумен байланысты болмаған. Ол – көрсеқызарлықтан басталған қадам. Жас кезінде үйленіп, ұрпақ сүйіп отыр­ған жарын, бәлкім, жасырақ, бәл­кім, әдемірек екінші біреуге айыр­бас­тай салу – балаларының болаша­ғын ойламау, Құдай қосқан алғашқы не­ке­лі жарының тағдырына немкетті қа­рау. Пайғамбарымыздың хадисінде «Егер сендердің біреулеріңе әлдебір әйел ұнап, көңілі ауса, дереу өз әйеліне ба­рып ләззат алсын. Өйткені бұл оның көңілдегі құмарлық сезімін басады» деді. Жүрек жылуын өз әйеліне сый­лау арқылы өз әйелін сұлуландырады, жа­сартады.

Анасына қарайламаған әкені ба­лалары сыйлар ма екен?! Балалар осы­дан соң әкесінің орайсыз әрекеті­нен қоғамға өкпелі болып өсуі де мүмкін ғой. Ол балалар қандай тәрбие алып шықпақ, ержеткенде кім болмақ, ер-азаматтар осы жөнінде ойланғаны абзал. Кейбір ер адамдар үш-төрт бала­сын әйеліне тастап кетіп, бай әйелдерге үйленіп алған. Сондайлар туралы Әді­лет департаменттеріндегі сот орын­дау­шылары кейбір алимент төлемей жүр­гендер көшеде қымбат көлік мі­ніп, зәу­лім үйлерде тұрады, бірақ құжат бо­йын­ша қолдарында бір мүлік жоқ, сон­дықтан өндіре алмаймыз дейді. Ер азамат үйленгенде оның жүгін, жа­уап­кершілігін көтеруге даяр болуы ке­рек. Шама келгенше, баланың кө­ңіліне қаяу түсірмеу керек. Бар сыйын Алла­ның берген ұл мен қызына арна­уы керек.

Жалпы, отырып қалған 400 мың қыздың мәселесін екінші әйелмен ше­шем деу дұрыс емес, негізі, қоғамдағы ер-азаматтардың түрмеге түспеуіне, на­шақорлық пен ішімдікке құмарт­пауына, өмірден жоғалып кетпеуіне жол бермеуіміз керек. Біз әрбір адамды қоғам мүшесі ретінде сақтайтындай қо­ғам құруымыз керек. Мұны қам­та­масыз ететін заң қабылдап, соны орындауымыз қажет.

– Оразкүл апай, сіз әрі карьера жасап үлгергенсіз, әрі отбасына зор мән бересіз. Бес баланың анасысыз. Қазіргі қыздарға бәрін үлгеру үшін нендей кеңес берер едіңіз?

– Біздің халқымызда: «Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету» деген жақ­сы сөз бар. Алла тағала ұлға да, қызға да шексіз еркіндік бермеген. Әркімнің өзіне лайық міндет-парызы бар. Алла тағаланың әйелге берілген міндеті – отбасын құрып, дүниеге бала әкелу. Сондықтан бізге Құдай қыз берді ме, оған кішкентайынан дұрыс тәрбие беруіміз керек. Қазір қыздың құлағына құятын біздің басты әжелік, аналық сөзіміз – «сен қызсың, бола­шақта біреудің жары, біреудің келіні және біреудің анасы боласың» деген өсиет. Кез келген қазақ, оған Алла та­ғала қыз берді ме, осы үш міндетті құ­лағына сіңірсе деймін. Бүгінде кей­­бір қыздар алғаш келін боп түскен жерін­­де көп нәрсеге шыдамайды. Ол өз үйінде көше сыпырмайды, төсек жи­майды, тамақ істемейді. Ал келін боп түскен соң, бәрін істеуі керек. Мұны ол құлдық сияқты қабылдайды. Бұл құлдық емес қой, бұл – оның мін­деті.

Баяғыда бір бойжеткен қыздан қонаққа келген бір үлкен кісі сұрап­ты: «Балам, не ел боласың?» депті. Сонда ақылды қыз әке-шешесі әбден құла­ғына сіңірген соң: «Аға, не ел бола­ты­нымды өзім де білмей отырмын» депті. Қазақ атам заманнан қызды қонақ ретінде тәрбиелеген. «Сен бұл үйде қо­нақсың, сенің қай үйдің адамы бо­латыныңды бір Алла жазады» деп тәр­биелеу керек. Тұрмысқа шыққан соң, қыз бала оған біреудің үйі деп қара­май: «Мен өз үйіме келдім, өз отаным­ды енді таптым, мені көркейтіп, көгерте­тін, керегесін кеңейтіп, шаңырағын биік, босағасын берік ететін осы үй» деп қарау керек.

Менің әжем, жатқан жері жәннат болсын, – Рысбала деген кісі еді, анам – Кәден. Төрт ұлдың ішінде бір қыз­бын. Бірақ маған олар: «Сен біреудің келінісің, біреудің жарысың» деп, кішкентайымнан құлағыма сіңдіріп отырды. Кесте тігіп отырып, кестеміз дұрыс болмай шықса, қалай жақсы көрсе де, инені қолымызға тигізген. Құрағымыз дұрыс шықпаса, тігіп отырған көрпеміз дұрыс шықпаса, талай жазалаған. Әжем талапшыл еді. Сондықтан біз тұрмысқа шыққанша, құрақ көрпе құрауды, кесте тігуді, киім жамауды, сиыр саууды, тамақ істеп, нан пісіруді, әйтеуір, бәрін-бәрін үйреніп шықтық. Келін болып түскен соң, бір аптадан кейін «өз үйіме келдім ғой, оның кең болғанын қалаймын» деп, жолдасым Жора Тойлыбайұлы екеуміз кірпіш құйып, бір бөлме қосып ал­дық.

Сарыағаш ауылына келін боп түстім, ол жақта аула өте кең болады. Соны келін ерте тұрып, таңертең сы­пыруы керек. Алматыдан екі жолдас қызым менімен бірге барды. Сонда қыздардың алдында намыстанған мен жоқ. Өз үйім ғой деп, есіктің алдын сы­пырдым. Сиыр саудым. Сондықтан қыз балаға сенің нағыз өркендететін үйің – ана жақта деп тәрбие беруіміз керек. Күйеуіңмен ақылдасасың, ата-енең қанша немере көргісі келетінін айтады, әйтеуір, карьера жасауға асықпай тұрып, балаларды өмірге әкеліп алу керек. Баланы асырау – ер-азаматтың міндеті. Құдай қаншасын нәсіп етсе, сонша сәбиді дүниеге әкелу керек. Жатқан жерлері жәннат бол­сын, менің екі енем, аттарын атайын, тірі кездерінде айтқан емеспін. Үлкен енемнің аты – енемнің әпкесі Әсел, сол аттас қыздармен жұмыс істесем Ба­лым деп алам, енем – Ұрлыхан апа тұр­ды. Ешқайсысын ене деп атамадым, апа деп өттім. Менен бұрын үш ұза­тылған қайын әпкем болды. Үшеуі де маған қызғанышпен қарайтын, апаларым мені үшеуінен де жақсы көрді. Олар: «Неге келіндеріңді жақсы көресіңдер?» десе, «Сендерден не пай­да көріп отырмыз?» дейді. Екеуі маған «Сен біздің ғана келініміз емес екенің көрініп тұр, бірақ айналайын, сені жұмысыңнан қалдырмаймыз, тек бізге бала туып бер!» деді. Бірінен кейін бірін туып алдық. Енелерім үлкен қы­зымызды ұзатқан соң, дүниеден қайт­ты. Оған дейін ұлдарым ержетіп, қыздарым бойжетіп қалды.

Жұмыс істеймін деген әйел ал­дымен ерте тұрмысқа шығып алады, содан кейін ата-енемен бірге тұра­тындай жағдай жасайды. Мен бала­ла­рымды балабақшаға да берген жоқпын. Ол кезде декреттік демалыс – 56 күн болатын. Бес баланы дүниеге әкеліп, 56 күннен кейін бірден жұмысқа шы­ғып тұрдық. Кенже қызым дүниеге келгенінде, мектеп директоры болып жұ­мыс істедім. Ешқандай қиындық көр­мес үшін ата-енемен бірге тұру керек.

Келіндерге айтарым, сен мәңгі келін боп жүрмейсің. Қазір келінсің, 20 жылдан кейін ене боласың. 20 жылдан кейін келінің саған қандай қызмет етсін десең, қазірден бастап ата-енеңді сыйла, қызмет ет. Жара­тушының бізді бақылауы зор: ата-енеңе не істесең, жақсылық-жаман­дығымен бәрі де өзіңе тура солай қай­тып келеді. Сондықтан келіндер мәң­гі жас боп тұрам, кемпірлер сияқ­ты болмаймын деп ойламауы керек. Келіндер өз әке-шешесіне қандай кешірім, мейіріммен қараса, ата-енесіне де солай қарауы тиіс. Сондықтан мен осыны үйреткен әжем мен шешеме алғыс айтамын. Өзім де қазір келініммен тұрып жатырмын. Ең рахаты – немерелеріңмен бірге тұру.

– Сіз қазақ қоғамы үшін өте ма­ңызды дүниелерді айтып отырсыз. Жалпы, ата-әже институты мен ене институты қаншалықты қазақ қо­ғамында өз дәстүрімен сақталып отыр деп ойлайсыз?

– Ауылдық жерлерде өте көп сақталған. Тәубе, қазір қалалық жер­лерде де осы дәстүрді сақтап қалған көп отбасыларды жақсы білемін. Елбасы да қазақ мемлекеті болайық деді ғой. Мен бұл сөзге шаттана қуанып жүрмін. Қазақ болу деген не? Бұл баяғы өзіміздің қазақы ділімізбен, тілімізбен, болмысымызбен өмір сүру деп ойлаймын.

– Қазақстанда қаншалықты ұлт­шылдар саяси карьера жасай ала­ды деп ойлайсыз. Соңғы кезде тіл мен дін, діл мәселесін шыр-пыр боп көтеріп жүрген аға-апаларымызды «ура-патриоттарға» балап, мазақ ету үрдісі белең алып бара жатқан жоқ па?

– Жалпы, қоғамда халық қолдай­тын азаматтар бар. Мәселен, Тілдерді дамыту басқармасы Мұхтар Шаха­новпен Конгресс-холда кездесу өт­кіздік. Кездесуге екі-ақ күн қалғанда, хабарландыру бердік. Конгресс-хол­дың іші мен сырты халыққа лық тол­ды. Кездесуде, әсіресе, жастар Мұхаң­ның жан-жағында тұрып, суретке түсіп, сұрақтарын қойып жатыр. Ал мұны түсінбейтіндер, өкінішке қарай, билік пен байлықты ұстанған азаматтар. Олар өз ана тілін білмейді. Осы кем­шілігін жөндеудің орнына, тіл туралы айтқан адамды «ура патриотқа» балап, көшеде айқайлап жүрген адамға теңейді. Шын мәнінде, Шаханов кө­теріп жүрген мәселенің әлі де ше­шіл­мегені жасырын емес. Сондықтан олар өз кемшілігін мойындауы керек. Президент 2006 жылы да «қазақ қа­зақпен қазақша сөйлесін» деді. Би­лікте, ұлттық компанияларда жүрген қазақ жастары өз тілін ағалары талап еткендей біліп алса, бұдан ұтпаса, ұтылмас еді.

– «Қазақтың 40 пайызы тіл біл­мейді» деген жалаң түсінік кеңестік заманнан қалған. Олар бұл сөзді орыс мектептерін көбейту үшін қолданғаны белгілі. Бүгін бұл керітартпа сөздің жоғары мінберлерден айтылуы та­рихи әділетсіздік емес пе?

– Шын мәнінде, сол заманда қа­зақтың 40 пайызының тіл білмегені рас. Қазір өз елімізде 70 пайыз қазақ болсақ, соның 2-ақ пайызы тіл білмей­ді. Бірақ сол тіл білмейтін 2 пайыз қа­зақтың көпшілігі билікте жүр! Сон­дықтан тіл білмейтіндер саны көп сияқ­ты көрінеді. Шын мәнінде, қазақ тілін білмейтін қазақтың саны неба­ры 2 пайыз! Мұны алаштанушы ғалым Диқан Қамзабекұлы зерттеулерге сүйеніп айтқан болатын. Бұл біраз жыл бұрын айтылған нәрсе. Қазір тіл білмейтіндер саны бұдан да азайған болуы керек. Ал жалпы халық жоға­рыдағы шенеуніктерге қарап, көп адам білмейді екен деп ойлайды. Бұл – қате түсінік.

– Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларды ұрып-соғу фактілерінің көбеюі пре­зиденттік деңгейде көтерілді. Балалар мен әйелдердерді қорғау мәселесіне көңіліңіз тола ма?

– Өкініштісі, біз ерлерді отбасын құру үшін дайындамаймыз. Ер-аза­мат әйел алған соң, мен оны толық асы­рап, бар жағдайын жасаймын, туып бер­ген балаларын өсіріп-өндірем деуі ке­рек. Бұл – Алла тағаланың ерлерге бер­ген міндеті. Ер болдың ба, әйелің мен ба­ла-шағаң болуы міндет. Асыл дініміз­де «Үйлену пенделер үшін пайдалы. Үлкен мақсаттарға ба­стай­тын, Алла тағала жолға қойған ұлы да берекелі келісім. Үйленудегі негізгі мақсат екеу: ұрпақ сүю және харам­нан сақтану» дейді.

Әйел деген кім? Әйел – ең алдымен, сенің анаң, сенің қарындасың. Қа­лайша анаңа, не қарындасыңа сөз ти­гізесің? Бұл – имансыздықтың, әлсіз­діктің белгісі. Ақыл жетпеген жерге жұдырық жұмсау – ерліктің, күш­тіліктің белгісі емес. Ақылды, мәде­ниетті, күш­ті еркек ешқашан адамға қол жұм­самайды. Өзі таңдап алған жарына, тіпті қол жұмсамауы керек. Жалпы, ер-азаматтардың әйелге деген көз­қарасы, қатынасы оның өз дәре­жесін де, сонымен бірге біздің елдің, ұлттың мәдени деңгейімізді де көр­сетпек.

–  Елімізде ажырасу саны 8 пайызға өсіпті. Ажырасу фактілерінің көбе­юіне не себеп?

– Оның басты себебі – өз дініміз бен ділімізден алыстау. Бұл жастардың отбасын құруға дайын еместігінен де болады. Оңай үйленеді, бірақ кейін отбасындағы өз міндеттерін жете түсіне алмайды.

– 8 наурызда сізге берілген ең қымбат сыйлық не еді? Әрине, сый­лықтың бағасы жөнінде айтып отыр­ған жоқпыз…

– Менің жасымдағы әжелер үшін ең қымбат сыйлық – немерелері­нің құттықтауы. Менің немерелерім бү­гіннен бастап, кешке өздерінше менен тығылып, сурет салып жүр. Өз қолда­рымен неше түрлі гүл жасайды. Мереке күні немерелеріміз: «Апа, әже, мере­келеріңіз құтты болсын!» деп, гүл сыйлап, бір-бір тақпақтан айтып бе­реді. Бұдан артық сыйлық жоқ. Қазір немерелерім үлкен жұмыстың үстінде жүр. Біреуі сурет салып, енді бірі тақ­пақ жаттап жатыр. Әйтеуір қолынан не келсе, соны істеп, маған және өз шешелеріне сыйлық жасайды.

– Президентке Жаңа жылға қа­тысты сұрақ қойылғанда, ол мұның не­бәрі әдемі күн екенін, қазақ үшін жыл басы – Наурыз бола беретінін айт­қан. Жалпы, Наурыздың маңызы арта түсу үшін не жасау керек?

– Елбасының дуалы аузынан осындай сөздердің шыққанына өзім қуан­дым. Алла қалады ма, әйтеуір, жыл сайын Жаңа жылдың рөлі әлсіреп ба­рады. Биыл қарсаңында қаралы күн жарияланып, тіптен жаңа жыл той­ланбады десе де болады. Сондықтан біз өз тілімізде сөйлеп, әз Наурызды жыл басы ретінде тойлайтын кез келеді деп ойлаймын. Наурызды тойлау әр отба­сынан басталуы керек. Әр отбасы қа­зірден бастап ескі-құсқыдан тазарып, көктем шығып кеткен жерлерде үйін әктеп, ағаш отырғызып, бұлақтың көзін ашып, біреумен өкпелеген болса, кешірім сұрасып, осындай қазақ­тың әдемі салт-дәстүрін қайта жаңғыр­туы керек. Ренжіскен, өкпелескен жандар болса, Ұлыстың ұлы күнінде қария­лар оларды қайта жарастырып, табысты­рып, жақсылық жасағаны дұрыс деп ойлаймын. Мен осындай Наурызды көргім келеді. Адамның ұлылығы жұдырықтай жүрегіне адамға деген махаббат, құрмет, мейірбандық се­зімдерін сыйдыру, жалпы, бар қа­зақты, адамзатты сүйсе, ешкім ешкімге рен­жімесе, кемшілігін айтса, дұрыс түсінсе деймін. Ұлт үшін керек нәрсеге ұйысып, бір үйдің баласындай бола­тын жағдай­ға әкелетін осы Наурыз. Енде­ше, Нау­рыз­дың мерекелік сипатына ізгі­лік шараларын көбірек сыйғызған жөн!

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен

Кәмшат ТАСБОЛАТ

 

http://www.aikyn.kz