Асылы, қазақы соғыстың ең ежелгі түрі жекпе-жек болса керек. Жекпе-жектің өзі ақылың мен бұла күшіңді қатар қабыстырып, тек мықтының жеңісімен аяқталған. Сондықтан, ежелгі батырлар күш сынасудың әділетті түріне осы жекпе-жекті жатқызған. Ал енді қапыда келіп, жасырын ұрымтал соққы беру, не қаруыңды орынсыз сайлау – қазаққа қашаннан құпталмайтын іс, ұнамайтын ғадет болған.
Халық ауыз әдебиетінің озық үлгілерінде айқайлап жекпе-жекке шақыру кең көрініс тапқан. Былайша айтқанда, «Мықты болсаң жеке кел!» дейтін үрдіс қалыптасқан. Жалпы бір адамға жаппай жабыла кету, қоршап ап соғысу еркектікке, нағыз батырға тән қылық саналмаған. Қазекем жекпе-жектің хас шеберіне айналып, майдан даласында жаудың талай сақа батырларын сұлатқан. Мәселен, Есім ханның кезінде Шапырашты Наурызбайдың арғы атасы Сүлеймен батыр жекпе-жекте он адамды өлтірген екен. Оның ішінде өзінің қайнағасы Айрылмас батар да болыпты.
Қарасай батырдың оң қолы Әйтей батыр жекпе-жекке шыққанда, көбінесе жауын кіндіктің басынан шаншып, ішек-қарынын ақтарып түсіреді екен. Сондықтан оның ол сырын білетін қалмақтар жекпе-жекке шығудан қашатын болған. Сол Әйтей Үш Қараш астында торғауыттың Оңқа, Дұлық, Соқыр дейтін батырларын жекпе-жекте жеңген. Ал Қарасайдың өзі Каспий бойындағы тоғыз күнге созылған жекпе-жекте қалмақтың он бір батырын бақиға аттандырған. Осы 1627 жылғы соғыста Арғын Ағынтай батыр да жекпе-жекте сонша батырды өлтірген. Қаңлы Сарыбұқа батыр бес күн жекпе-жекте тұрып, бәрін де өз пайдасына шешкен.
Найман Көксерек батыр алтын күн жекпе-жекке шығып, ол да бәрін жәңіпті. Осынау соғыста Қоңырат Алатау батыр да жекпе-жекте сегіз қалмақты өлтіреді, тоғызыншысында астындағы аты жығылып, өзі содан мерт болады.
Жалпы жекпе-жек хан тұқымын хан тұқымы, бас батырды бас батыр атап шақыратын үрдіс болған. Жәңгірді қалмақтың жас батыры 1653 жылы сөйтіп шақырған. Жәңгірдің өз әкесі Есім хан да жекпе-жектен еш тайсалмаған. Ол 1627 жылы жекпе-жекке шақырғанда шықпай, Тұрсын хан қашқан.
Жекпе-жекте батырлар бес қаруын түгел асынып шығатын болған. Найзаға найзамен, қылышқа қылышпен қарсы шығу міндет емес, кім қай қаруды қай қаруға қарсы жұмсаймын десе де ерікті. Ал садақпен атысудың, кезек сұрасудың мүлдем қалғандығы байқалады.
1726 жылғы Қалмақ қырылған соғысында үш күнге созылған жекпе-жекпен басталды. Осында ұлы жүз қолынан бірінші болып Сатай батыр шықты. Мұнда ұзын-саны тоғыз жекпе-жек болып, қалмақ жағынан Қоңқай батыр ғана тірі қайтты.
1929 жылы көктемде ұлы жүз қолы Екітұра деген жердің батысына орналасады. Қазір жұрт ол араны Қостұра деп атап жүр (Оңтүстік Қазақстанның Бәйдібек ауданында). Осы қан майданда Мүйізді Өтеген қалмақтың Ботхишар атты батырын мер қылады.
Ақыры жекпе-жек туралы сөз болып жатқанда, Абылайдың Аңырақай соғысында Шарышты жекпе-жекте өлтірді дегенінің шындыққа жанаспайтынын Б.Нұржекеевтің өз пікірлерерін келтіріп кеткенді орынды көрдік. Біріншіден, ол майданға «Абылайлап» ұрандап кірген, жекпе-жекке емес. Екіншіден, алдына ала ешбір қолбасшы оны жекпе-жекке әзірлемеген, өйткені оның кім екені белгісіз. Үшіншіден, қалмақтар да соғыстың қызу ортасында Абылай үшін арнайы жекпе-жек ұйымдастырмаған. Шындығы: кескілескен ұрыс үстінде Шарышпен бетпе-бет келіп қалып, батырлығы асқан Абылай шауып түсірген.
1729 жылы өткен Аңырақай соғысына қазақтар жекпе-жекке 26 батырды белгілеп дайындаған болатын. Он бір күнге созылған Аңырақайдағы жекпе-жекке қазақ жағынан Сатайұлы Бөлек, Олжабай, Сіргелі Қара Тілек, Қарақалпақ Қылышбек, Жаныс Сеңкібай, Шойбек, Шыбыл Мәмбет, Айқым Жапар, Суан Бағай, Ошақты Саңырық, Албан Хангелді, Қаумен, Дәулет, Жәпек, орта жүз Жаныкеш, Құдаменді, Естербек, Қаракесек Қарабек, Темеш Нұра, Атығай Ағындық, Тарақты Тоғай, Қарауыл Қасым, Қалабек, Қоқ батырлар шығады, бәрі де жеңіске жетеді. Бәрі қолбасшының белгілеуі бойынша, тек Қоқ қана өзі сұранып шығады. Соның өзінде Жолбарыс хан, Төле би мен Қазыбек би ықылас берген соң ғана шығады. Жекпе-жектің де осындай өз тәртібі болған. Жекпе-жекке өзі сұранған бұл Қоқ – кейін Абылай қалмақ қолына түсіп қалғанда, онымен бірге тұтқында болған батыр.
Бүгінгі Алматы төңірегіндегі Қаскелең мен Шамалған жерлерінің атауы қалмақ батырларының есімімен қойылып кеткен. Осы аталмыш екі батырды жекпе-жекте Наурызбайдың өзі өлтіргентұғын. Ал қазір Боралдай аталып кеткен, бұрын Көкдөң делінген жерде 1731 жылы қазақ-қалмақ тағы да соғысқан. Осы соғыста қалмақтың Боралдай батырын Қасқары Қазыбекұлы жекпе-жекте өлтіреді. Көкдөңнің кейін Боралдай аталып кетуі содан.
Шындығында, жекпе-жекке шығып, жаудың батырларын жан тапсыртқан өз батырларымызды ұзын-сонар етіп айта беруге болар. Алайда оны айтып тауысуға ұзақ уақыт та керек екені белгілі ғой. Осы тұста біздің батырларымыз, яғни қазақы соғыстар тек жекпе-жекпен шектелді деуге болмас мүлде. Қазақы соғыстардың бірнеше түріне үш тоғыс, оқпан қазу, қаша кету, ашық келу, шұбыртпалы соғыс, қоян қашты, хилар соғысы, ошақ ұрысы, аламан соғысы, ең соңы қатын соғысы жатты.
Сөз соңында айтарымыз да сол, қазақы соғыстардың қай-қайсысы да жеңіске жеткізетін түп негізі бірлік болған. Қалың күш елдің тұтастығы болғанда ған ұйысатынын халқымыз әбден-ақ білген. Сондықтан, қазақтың ел бастаған кемеңгерлері, мейлі ол хан болсын, мейлі ол би болсын, мейлі ол юатыр болсын, барлығы да осынау байтақ даланың тәуелсіздігі жолында күресті. Қанша мұқалса да, қайта бас көтеріп, қазіргі жерлерімізді аман алып қалды. Енді бұлар бізге аманат. Оны кейінгі заманалардың еншісіне қалдыру басты мұратымыз болмақ керек…
Ғ. ТАСҚҰЛ