Қызылорда облысындағы Қазалы қаласынан солтүстікке қарай 100 шақырым жол жүрсеңіз, Құмжиек ауыл округіне қарайтын Пірімов Қашақбай ауылына қарасты «Тапа» деген 3-4 үйден ғана тұратын елді мекеннің үстінен түсесіз. Сол үш-төрт үйдің бірі – пайғамбар жасына келген Жұмабеков Аманжол ақсақалдың қара шаңырағы. Осы жерде туып-өскен қария ешқайда кетпей, ата жұртында келін-баласымен мал бағады. Жай ғана мал бағып қоймайды, қырық жылдан бері құмның арасынан көне заттар жинаумен айналысады. – Осы Тапа елді мекенінен ертеде Ұлы Жібек жолында жатқан сауда-саттықтың ордасы болған, оғыздар мекендеген Жанкент қаласына үлкен керуен жолы өткен. Шаһар болмаса да дәл осы мен отырған жерде үлкен бір қоныс болғанға ұқсайды. Құмыра жасайтын, тас шабатын шеберхана орындарының, пеш қалдықтарының ізі бар. Дауыл тұрып, топырақ суырғанда, құмның арасынан шығып қалған көне заттарды 1969 жылдан бері жинастырып келемін. Қопарып іздеп, тапқандарымды тіркеп отырамын. Қазір қолымда бар жәдігерлердің саны 100-ге жуық. Соның бәрі 20-30 гектардай жерден табылып жатыр. Біразын аудандық, облыстық мұражайларға өткізгенмін, өткенде барып көрсем, солардан екі-үшеуі ғана қалыпты. Қалғандарын сатып жібергенін, не жоғалтып жібергендерін білмеймін. Менің атымды да жазбапты. Оларға сенуден қалдым. Археологтарға айтсам, қаржының жоқтығын айтып сылтауратады. Жақында Қытай қазақтары қолымдағы құмыралар мен тастарды, зергерлік бұйымдарды 10 мың долларға саудалай келіпті. Көзім қимады, сатпадым, дейді туған жердің қасиетін кие тұтқан Аманжол ақсақал біз телефонмен тілдескенімізде. Ол кісі дауыл жел аршып кеткен үйінділердің астынан ат сайманын, садақ жебе, көзе сауыт, шойын қазан дейсің бе, көптеген архитектура үлгілерін, күйдірілген кірпіштер, өрнектер, араб харпімен жазылған кірпіш, көзе сынықтары, араб жазуымен әшекейленген тастар, мыстан, күмістен жасалған теңгеліктер, тағы сол сияқты ескі дәуірден қалған өнер өрнектерін жылдар бойы жинастыра берген. Соның бәрін, міне, үйінде тығып сақтап отыр. Айкын газетi |
Предыдущий