АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазбек ҚАСЫМ: Дауысым — Алланың маған берген сыйы деп ойлаймын

казбек— Қазбек, отағасы атанбастан бұрын, «жеке жұмыстарыммен айналысып, телевидениеден алыстаймын» деген едіңіз. Әке болғалы сүйікті ортаңызға оралған сияқтысыз…

— Иә. Бірақ өзімнің кәсібімнен түбегейлі қол үздік деп айта алмаймын. Тек продюсерлік жұмыстарыммен айналысып, белгілі бір уақыт кадрда көрінбегенім рас. Үй салып, үйленіп, жеке өмірімізге етене көңіл бөлдік дегендей. Қазіргі таңда, шүкір, бірнеше жобаларда тележүргізуші ретінде жұмыс істеп жатырмын.

— Соның бірі — «Караоке TAXI» бағдарламасы ғой? Қалай ойлайсыз, ол жоба сіздің деңгейіңізге сай келе ме? Қанша айтқанмен, танымал тележүргізушісіз…

— Жұмыстың жаманы болмайды ғой… Әрі оны арзан, болмаса мән-мағынасыз бағдарлама дей алмаймын. Көрерменнің көңіліне қуаныш ұялатып, кейде күлкі сыйлайтын, музыкалық хабар ғой. Шынымды айтсам, музыка жаныма жақын болған соң, бұл жоба өзіме ыстық.

— Айтпақшы, «әуесқой әнші атануым мүмкін» деп сұхбат бергеніңіз есімде.

— Әдетте әріптестерім бұл туралы сұрағанда, «егер халық жақсы қабылдап жатса, әншілігімді жалғастыру ойда бар. Бұл жоспарым сәтті жүзеге асқанның өзінде, кәсібиден гөрі, әуесқой әнші болатыным белгілі. Себебі, менің музыкалық білімім жоқ» деп жауап беремін. Осы жолы да солай жауап беремін, бұйырғаны болар. Жасыратын несі бар, мен әншілікке ешқашан ұмтылған адам емеспін. Әйтпесе, мені жарнамалап, клип түсіріп беретін де достарым аз емес. Бірақ соны құнттағаным жоқ.

— Клипмэйкер жолдастарыңыз болса, жарқ етіп әнбаянмен шығуға болады емес пе? Ең болмағанда, бір рет өзіңізді байқап көрсеңіз.

— Мәселе клип түсіруде емес, оның сапасында ғой!.. Әйтпесе, екінің бірі Ташкентке барып, әнбаян түсіріп жатқаны көпшілікке аян. Ешкім көрмейтін, мән-мағынасы жоқ бейнесаз кімге керек?! Сол себепті, бұл іске әлі кірісе қоймадым. Оның үстіне, талғамымнан шыққан әуезді ән де жоқ. Әуелі ән табылсын, қалғанын кейін көре жатармыз…

Репертуарымда әзірге 2 ән бар: халық әні «Ай, ару, сен айтшы» мен Элтон Джонның әлемге әйгілі туындысы. Жасыратыны жоқ, бүгінде өзіме лайықты әнді іздестіру үстіндемін. Орайы келгенде әнші достарыма да сұрау салып, алдағы уақытта қазіргі тілмен айтқанда «хит» әніммен сахнаға шықсам деймін.

— Өзіңізді жарнамалық роликтен де көріп жүрміз…

— Иә, сұраныс болған соң, келісімімді бергенім бар. Өзіме сәтті шыққан сияқты, жақын-жуықтарым да солай айтып жатыр. Жалпы, маған «бізді жарнамалаңызшы» деп қолқа салатындар көп. Бірақ бәріне бірдей бара бермейсің ғой.

Одан бөлек өзімді тағы бір қырымнан сынап көрейін деп кезінде режиссер Ренат Қосайдың «Алтын «Асқардың» оқиғасы» атты киносына түскенім бар. Қысқасы, актер болған да ұнап қалды (күліп).

— Аспаздық өнеріңіз де бар екен…

— (Жымиып). Мектепте оқып жүргенде «повардың» курсына барғанмын. Шыны айту керек, содан бері тамақты қарындастарымнан да дәмді әзірлеймін. Мен үшін астың түр-түрін дайындау түк те емес… Анда-санда келіншегімді қуантып тұратынымды жасырмаймын. Алайда, негізгі жұмысым — телевидениеден ешқандай қызығушылық-қырым мені алыстатпас…

 Осы орайда, даусыңыздың қалай «қойылғанын» білсек. Шынында, сіздің сөйлеу мәнеріңізге, тембріңізге қызығушылар көп.

— Дауысым — Алланың маған берген сыйы деп ойлаймын. Ол болмаса, радио мен телевидениеде жүрмес пе едім, кім білсін?! Бұл «дикцияны» мен ешқандай да жолмен «иеленгенім» жоқ. Кезінде атамның даусы осындай болған деседі. Содан қан арқылы маған дарыған ғой. «Ген» деген мықты емес пе? Әйтеуір, бір адамға берілмей қоймайды.

— Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Айбек СЕРІКҰЛЫ.

http://aynaline.kz/