АЛТЫНОРДА
Новости

«Қазғарыш»: Ресей биыл тағы 4 «Протон-М» ұшырмақ

A9021E77-57EA-4AFA-9F76-BA03E13C7E73_w308_r1_cy7Ресей биыл Байқоңыр ғарыш айлағынан тағы 4 «Протон-М» зымыран тасығышын ұшырмақшы. Бұл туралы «Қазғарыш» ұлттық агенттігінің төрағасы міндетін атқарушы Мейірбек Молдабековке сілтеме жасап ҚазТАГ хабарлады.

Молдабековтің айтуынша, Ресей 2013 жылы Байқоңырдан 15 «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыруды жоспарлаған. Оның алтауы ғарышқа ұшып, біреуі 2 шілдеде апатқа ұшырады.

Ресей жағы келесі 2014 жылы Байқоңырдан 14 «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыруды жоспарлап отыр.

Бұған дейін, 20 қазанда ұшырылады деп жоспарланған «Протон-М» зымыранын ұшыру 22 қазанға шегерілген еді. Зымыран ғарышқа америкалық «Сириус-ФМ-6» ғарыш аппаратын жеткізуі тиіс.

2013 жылы 2 шілдеде Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшыраған ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышынан бірнеше жүз тонна улы отын – гептилдің төгілуі Қазақстан қоғамында қарсылық акцияларын туғызған еді. Бұл апаттан кейінгі алғашқы «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ғарышқа 30 қыркүйекте ұшты.

 

http://www.azattyq.org