АЛТЫНОРДА
Новости

Кеден Одағы – мүмкіндіктердің кілті

Астана. 28 наурыз. Baq.kz — Қазақстан Кеден Одағының нарықтарын жаулай бастады. Бұған мысалдар жетерлік. Мәселен, өзімізбен көршілес Ресей Федерациясы қазақстандық өнімдерді тұтынуға зор қызығушылық танытып отыр

Қазіргі кезде отандық кәсіпорындардың алғашқысы Ресейдің нарығына шықты. Атап айтсақ, өткен жылдың 2-ші қазанында Батыс Қазақстан облысындағы «Crown Батыс» ЖШС-інің мал бордақылайтын алаңынан Мәскеудің нарығына алғашқы 20 тонна сиыр еті жөнелтілді. Отандық өндіруші мен сауда индустриясында жұмыс істейтін ресейлік компания – Москворецк сауда үйінің арасында жасалған келісім бойынша, 2013 жылы 500 тоннаға жуық ет экспортталды. Айтпақшы, ресейліктер қазақтың етінің өзінің құнарлылығы мен дәмдік сапасы бойынша Ресейдің Мәскеу нарығындағы премиум-кластағы өнім ретінде бағаланатынын атап айтты.
Өткен жылдың 5-ші тамызында «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі Ресейдің Тюмень қаласында азық-түлік, машина жасау, құрылыс саласындағы 9 отандық кәсіпорынның өнімдерінің тұсаукесерін өткізді. Ол кәсіпорындардың қатарында «Цесна-Астық» концерні» АҚ-ы (ұн, макарон өнімдері), «Сұлтан Маркетинг» ЖШС-і (макарон), «Ақбарыс НК» ЖШС-і (тез дайындалатын кеспе), «ЮПЭКс» ЖШС-і (макарон), «Кублей» ЖШС-і (ет консервілері), «Белкамит» АҚ-ы (машина құрастыратын өнімдер), «KazGer» ЖШС-і (құрғақ құрылыс қоспалары), «Кентау трансфоматор зауыты» АҚ-ы (трансформаторлар), «Мұнайаспап» АҚ-ы (мұнайгаз жабдықтары) бар.
Ұлттық агенттік өкілдерінің айтуынша, тюмендік кәсіпкерлер Қазақстанда өндірілетін азық-түлік өнімдеріне ерекше қызығушылық танытқан. Тіпті, отандық өндірушілер мен тюмендік кәсіпкерлер ұн өнімдерін жеткізуге алдын-ала келісімге келіпті. Сондай-ақ, машина жасау өнімдеріне де үлкен сұраныс бары байқалды. «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкеновтің айтуынша, Тюмень өңірі бәрінен бұрын халық тұтынатын азық-түлік өнімдеріне, машина жасау және электротехника өнімдеріне зәру. – Ендеше, отандық экспорттаушыларға біздің өнімдеріміз бәсекелесе алатын және сұранысқа ие Ресейдің аймақтық нарықтарына шығуға кеңес береміз, — дейді ол.
Айта кетелік, жоғарыда аталған «Цесна-Астық» концерні» АҚ-ы 2013 жылы өзінің алғашқы өнімдерін Ресейдің Мәскеу, Омск, Белгород, Тюмень, Челябинск қалаларына шығарып үлгерді. Танымал компанияның коммерциялық директоры Әлібек Ибрагимов былай дейді: «Бұл біздің үлкен жұмысымыздың басы ғана. Әзірше қандай да бір жалпы өнеркәсіптік көлем туралы әңгіме жоқ. Бірақ, аталған қалаларда біздің өнімдеріміз тек базарларда ғана емес, Ресей Федерациясының бөлшек сауда желілерінің сөрелерінде самсап тұр». Әрине, бұл – Кеден Одағының біздің кәсіпкерлерге берген «сыйы», мүмкіндіктері. Сайып келгенде, адал бәсекеге төтеп бере алмағандары орта жолда қалса, ал өз кәсібінің келешегіне сенгендер сынақтан сүрінбей өтіп қана қоймай, көршілес елдердің нарығына шықты.
Қазіргі кезде елімізде көптеген жаңа жылыжайлар салынып, іске қосылуда. Сол жылыжайлардың өнімдері де Кеден Одағындағы елдерге экспортқа жөнелтілуде. Мысалы, Мәскеудің нарығына жол тартқан отандық өнімдердің бірі — жеміс-көкөністеріміз. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ының баспасөз қызметі хабарлағандай, биылғы жылдың наурыз айының ортасында еліміздегі ауданы 11 гектар жерді құрайтын ең ірі жылыжай кешені өз жұмысын бастады. Ол – Оңтүстік Қазақстан облысындағы жоғары технологиялық «Аделя» ШҚ» ЖК-і кешені. Бұл кешенге «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы 2,1 млрд. теңге инвестиция салды. Атап айтарлығы, бұл жерде жемістер мен көкөністерді өсірумен 140-қа жуық арнайы мамандар айналысады. Яғни, өндіріс орны пайдалануға берілгеннен кейін барлық мамандар әуелі арнайы оқуды бітіріп, жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Көңіл қуантарлығы, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның компаниялары жалпы сомасы 33,5 млрд. теңгені құрайтын 37 түрлі жылыжайлардың құрылысын қаржыландырған. Олардың жалпы жиынтық жер көлемі – 125,6 гектарды құрайды. Өндіріс қуаттылығы – жылына 50,1 мың тоннаға дейін өнімдер өндіреді.
Қазақстанның Кеден Одағынан ұтқанын ресейлік сарапшылар мойындап отыр. – Бүгінгі таңда Кеден Одағына мүше болудан көбінесе Қазақстан ұтып барады, — дейді «Деловая Россия» жалпыресейлік қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Николай Остарков.- Себебі, ресейлік бизнес кәсіп жүргізуге ыңғайлы заңы бар қоғамды таңдауда. Бизнес жүргізудің өте ыңғайлылығын ескере отырып, олар Қазақстанға инвестиция салып, бірлескен кәсіпорындар ашуда. Бұған таң қалудың қажеті жоқ. Себебі, ресейлік кәсіпкерлер өз мүддесін ойлап, Кеден Одағының артықшылықтарын сәтті пайдаланып отыр.
Дегенмен, қазақстандық экспорттың көлемі жыл сайын қарқынды түрде ұлғайып келеді. Мысалы, 2013 жылы Қазақстаннан ресейлік және беларустық дүкендердің сөрелеріне түскен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2012 жылға қарағанда 65 пайызға артқан. Сонымен қатар, теңге девальвациясы отандық тауарлар экспортының өсімі мен еліміздің сыртқы сауда ахуалын жақсартуға оң ықпал етті. «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі мамандарының айтуынша, девальвация экспортқа бағытталған өнімдер шығаратын кәсіпорындардың дамуына жағымды әсер етті. Жұрттың көбісі теңге бағамының төмендеуі импорттық тауарлар құнының өсіп, олардың бәсекеге қабілеттілігін азайтатынын, түптеп келгенде импортты шектейтінін түсіне бермейді. Яғни, импортты алмастыру үдерісі жүреді. Басқаша айтқанда, девальвация әсіресе интеграциялық үдерістер шеңберінде ұлттық өнеркәсіпке күш-қуат беретін шара болып табылады.
Қазіргі кезде Қазақстан әлемдік экспорттаушылар тізімінде 42-ші орында тұр. Экспорттың географиясы 119 елді қамтиды. Соның ішінде, еліміз әлемдік нарықта уран, ферроқорытпа, ұн, бидай және мұнай экспортында көшбасшылық орындарды иеленетіні мәлім. Биыл отандық экспорттаушыларға Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Армения, Ресей, Қытай, Иран және Ауғанстан бағытында тауар жөнелтуге қолдау көрсетіледі.
Таңатар Табынұлы.
http://baq.kz/kk/news/45183